
Түркістан облысы ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы өңір болып табылады. Заманауи технологияны қолдану арқылы салада терең қайта өңдеуді дамытуға күш салынған. Өңірдің географиялық-климаттық ерекшелігін ескере отырып, 3 кластерлік бағытты дамытуды қолға алынды.
Су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, мақтаның элиталық сорттарын өсіруді және шикізатты терең өңдеуді қамтитын мақта-тоқыма кластері құрылды.
Кластер өндірістік процестің барлық кезеңдерін қамтамасыз етеді: мақта өсіруден бастап жіп, мата сияқты дайын тоқыма өнімдерін өндіруге дейін. Мақта кластерінде 5 жобаны іске асыру нәтижесінде 7 030 адам жұмыспен қамтылып, 201 миллиард теңге инвестиция тартылады. Мақта өнімділігі 2-3 есеге артып, көрсеткіші 60 центнерге артады. Жылына 229 мың тонна мақта өндіріледі.
Биыл пилоттық жоба ретінде Отырар ауданында 32 мың гектар алқапқа жаңа әдіспен мақта егілді. Нәтижесінде, 45 центнер мақта жиналды. 2 мақта өңдеу зауыты іске қосылды. Жіп иіру фабрикасының құрылысы аяқталуда.
Жүгері кластері бағытында Шардара ауданында «Казкрахмал» зауыты салынуда. Желтоқсан айында іске қосылады. Құны — 35 миллиард теңге, 251 жұмыс орны ашылады. Жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеп, 26 түрлі өнім шығарады. Жобаны іске асыру есебінен жүгері алқабын 40 мың гектардан 2030 жылы 70 мың гектарға жеткізу жоспарланған.
Ет кластері бағытында 7 жоба жүзеге асырылуда. Жоба құны — 50 миллиард теңге, қуаттылығы — 35 мың тонна, 802 жұмыс орны ашылады.
Орталық Азияда теңдесі жоқ 50 мың бас ірі қара мал бордақылау және ет өнімдерін терең қайта өңдейтін ірі кешендер мен заманауи мал биржасы салынуда. Бүгінгі күнге «Kaz Eco Meat», «Turkestan Agro.kz» және «Бес қара» ет өңдеу кешендері іске қосылды. Бұл қосымша 35 мың тонна ет өңдеуге мүмкіндік береді.
Жалпы кластерлік бағыт отандық терең қайта өңдеуді дамытып, шаруалардың өз өнімін кепілді түрде нарыққа сатуына мүмкіндік береді. Түлкібас ауданында «Қарқын Трейд» компаниясымен ет бағытында ірі құс фабрикасының құрылысы басталды. Жоба құны 53 миллиард теңге. Жылына 48 мың тонна құс етін өндіруге мүмкіндік береді. 8 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
Сондай-ақ Түркістан облысында өнеркәсіптік жылыжайларды дамытуды қолға алынды. Жалпы, еліміздегі жылыжайлардың 71%-ы — облыстың еншісінде. Биыл жылыжайлар көлемі 75 гектарға ұлғайып, жалпы алаңы 1 715 гектарға жетті. Нәтижесінде, республикадағы үлесі 76%-ға өсті. Жылыжайлардың бірінші айналымынан 102 мың тонна көкөніс жиналды. Келесі жылы көлемін қосымша 62 гектарға ұлғайтып, үлесін 80%-ға жеткізу межеленіп отыр. Келес ауданында 500 гектарда «ЕcocultureЕurasia» ірі жылыжай кешені салынуда. Бұл жыл бойы 240 мың тоннадан астам көкөніс өсіруге мүмкіндік береді (7 мың жұмыс орны). Биыл жобаның 1-ші кезеңі іске қосылады.
Аталған 3 кластерді дамыту өз кезегінде 2026 жылы жеңіл өнеркәсіпті — 220 миллиард теңгеге, ауыл шаруашылығын қосымша 338 миллиард теңгеге ұлғайтуға оң әсерін тигізеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
