![]()
Түркістан қаласындағы «Балауса» жазғы сауықтыру лагерінде балалардың жазғы демалысын мазмұнды әрі пайдалы өткізуіне барлық мүмкіндік жасалды. Биылғы маусым қорытындысына арналған жабылу салтанатында жаз бойы атқарылған жұмыстар сараланып, белсенді балалар мен үздік тәрбиешілер марапатталды.
Жиынға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов қатысып, балаларды жазғы демалыс маусымының сәтті аяқталуымен құттықтады. Ол жазғы сауықтыру кезеңінің балалар үшін тек тынығу ғана емес, жаңа достар тауып, шығармашылық қабілетін шыңдап, өзара қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыратын маңызды кезең екенін атап өтті.
Биыл «Балауса» лагерінде жеті маусым ұйымдастырылып, жалпы 2450 бала демалды. Жазғы кезеңде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінді. Олар спорттық жарыстарға қатысып, шығармашылық байқауларда өнерлерін көрсетіп, танымдық және мәдени іс-шараларға белсенді араласты. Лагерь бағдарламасы балалардың жас ерекшеліктері мен қызығушылықтарын ескере отырып ұйымдастырылып, олардың дене белсенділігін арттыруға, шығармашылық әлеуетін дамытуға және ұжымдық ортада еркін араласуына жағдай жасады. Әр маусымда түрлі бағыттағы іс-шаралар өткізіліп, балалардың жазғы демалысын есте қаларлықтай өткізуіне мүмкіндік берілді.
Маусымның соңғы легіндегі оқушылар 21 тамызда демалыс кезеңін аяқтап, үйлеріне қайтады. Осылайша, «Балауса» лагеріндегі биылғы жазғы сауықтыру маусымы өз мәресіне жетті.
Жабылу салтанатында лагерь өміріне белсенді қатысып, ұйымдастырылған іс-шараларда ерекше көзге түскен балалар мен өз міндетін жоғары деңгейде атқарған тәрбиешілерге арнайы марапаттар табысталды. Бұл – балалардың белсенділігін ынталандырып қана қоймай, олардың әр жетістігін бағалауға бағытталған игі дәстүр.
Жазғы сауықтыру лагері балалардың демалысын ұйымдастырумен қатар, олардың жаңа оқу жылына сергек көңіл-күймен оралуына ықпал ететін маңызды ортаға айналды. Биылғы жеті маусымда қамтылған 2450 баланың жазғы уақытын пайдалы өткізуі – осы бағыттағы жұмыстың нақты нәтижесі.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
