Түркістан облысы: Қазығұрт ауданында «IT Jas IQ» атты облыстық робототехника байқауы ұйымдастырылды

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен һәм Қазығұрт ауданы әкімдігінің қолдауымен облыстық «IT Jas IQ» робототехника байқауы өтті.

Байқауға өңірдің жалпы және мамандандырылған білім беру ұйымдарынан келген 8–11-ші сынып оқушылары қатысып, өзара бақ сынады. Іс-шараның басты мақсаты – оқушылардың инженерлік ойлау қабілетін дамыту, робототехника мен бағдарламалау саласына қызығушылығын арттыру және шығармашылық әлеуетін шыңдау.

Іс-шараның ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің басқарма басшысы Мансия Есекеева мен Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Беркінбай, сондай-ақ Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ернар Бектаев қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Байқау “FIRST LEGO League Challenge «UNEARTHED» тақырыбы аясында өткізіліп, қатысушылар мұхиттарды зерттеу, экология және археология бағытында тың идеялар мен инновациялық жобаларын ұсынды. Жарыс барысында қатысушылар 4 кезең бойынша сынға түсті. Атап айтсақ, инновациялық жобаларын қорғады, роботтар ойынында 15 миссияны орындады, робот дизайнын таныстырды және командалық негізгі құндылықтарын көрсетті. Командалар өздерінің жоғары дайындықтарын көрсетіп, роботтарды құрастыру мен бағдарламалау бойынша ерекше шеберліктерін дәлелдеді. Нәтижесінде І орын Қазығұрт ауданының “Qazygurt” командасына бұйырды. ІІ орынды Шардара ауданының “Shardara Daryn” командасы иеленсе, ІІІ орын Қазығұрт ауданының “Sunkar Q” командасына табысталды. Ал IV орынды Созақ ауданының “RoboSozak” командасы еншіледі.

“Бұл байқау жас өнертапқыштардың жаңа мүмкіндіктерін ашып, техникалық білім мен инновацияға деген қызығушылығын арттыруға зор ықпал етті. Сонымен қатар қатысушыларға тәжірибе алмасуға және өзара байланыс орнатуға мүмкіндік берді”, — дейді сала мамандары.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You