![]()
Түркістандағы №5574 әскери бөлімінде Отан қорғаушылар күні қарсаңында әскери плац-концерт ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға облыстық Полиция департаменті мен Қорғаныс істері жөніндегі департаменті, Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері, аумақтық қорғаныс бригадасы мен Ұлттық ұлан әскерлері, ардагерлер мен жас сарбаздар қатысты. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров көпшілікті мерекемен құттықтады.
– Құрметті ардагерлер! Айбынды сардарлар мен сарбаздар! Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Туған жерді қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы. Батыр бабаларымыз ел үшін жан қиып, тәуелсіздікті аманат етті. Сол аманатқа адал болу – бүгінгі буынның міндеті. Еліміздің тарихында ерлік пен отаншылдық қасиеттер әрдайым биік тұрған. Ел қорғанысын нығайту – мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ел қауіпсіздігі мен шекарасын қас қақпай күзету, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету – жауапты әрі қастерлі міндет. Мұны тек кәсіби деңгейі жоғары, ант пен борышқа адал, ел үшін аянбайтын батыл жандар ғана атқара алады» деген болатын. Сондықтан жастарымыздың бойында отаншылдық рухты қалыптастыру – аса маңызды. Түркістан өңірінде бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазақ халқы – ежелден ер жүрек, намысты халық. Ерлік пен отаншылдық – қанымызға сіңген қасиет. Бұл қасиеттер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, елдің тұтастығын сақтауға қызмет етіп келеді. Баршаңызды айтулы мерекемен тағы да құттықтаймын! Еліміздің айбыны асқақ, шекарасы берік, аспаны ашық бола берсін! Тәуелсіздігіміз мәңгілікке ұлассын! – деді Нұралхан Көшеров.
Өңір басшысы ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы мінсіз қызметі үшін бірқатар әскери қызметшіні марапаттады.
Отаншылдық дәріптелген іс-шарада «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Ержан Ыбыраев және «Қарулы Күштерінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы Бабай Алдабергенов құттықтау сөз сөйлеп, әскери қызметтің маңызы мен ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін атап өтті. Одан кейін облыс басшысы мен ардагерлер әскери техникаларды көріп, сарбаздармен пікір алмасты.
Салтанатты жиын мерекелік концерттік бағдарламаға ұласып, патриоттық әндер шырқалды.
Айта кетейік, өткен жылы Түркістан облысынан 5 мыңдай жігіт әскер қатарына қосылды. Биыл да бұл үрдіс жалғасып, өңір жастары Қазақстан Қарулы күштерінің қатарын толықтырып жатыр.
Cондай-ақ бүгін Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштері Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та сардарлар мен сарбаздарды, жиынға қатысушыларды Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс күнімен құттықтады.
– Қос мерекенің мән-мазмұны – үндес, тағылымы – ортақ. Осы мейрамдарда еліміздің ерлік дәстүрі кеңінен дәріптеледі. Біз бұл күндері жұртымызға қорған болып жүрген ерлерге құрмет көрсетеміз. Сондай-ақ сұрапыл соғыста Отан үшін от кешкен батырлардың рухына тағзым етеміз. Қазақ – шекарасын ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен бекемдеген қаһарман халық, ержүрек ұлт. Батыр бабаларымыз ел тағдыры сынға түскен сәтте бір Тудың астына жиналған. Бірлігін нығайтып, жұртын жаудан қорғаған. Байтақ даланы көздің қарашығындай сақтап, ұрпаққа аманат еткен. Осы аманатқа адал болу – біздің қастерлі борышымыз. Біртұтас Қазақстан халқы мұны жақсы түсінеді. Наурыз айындағы конституциялық реформа – соның айқын дәлелі. Саяси науқан кезінде біз ең алдымен өскелең ұрпақ алдындағы жауапкершілікті терең сезіне отырып, тарихи таңдауымызды жасадық. Бәріміз бір ел болып, жаңа Конституцияны қабылдадық. Мұны ұлт болашағына тікелей ықпал ететін аса маңызды шешім десек, қате болмайды, — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Конституция мемлекеттігіміз бен егемендігіміздің мызғымас кепілі екенін атап өтті.
– Бас құжатта халқымыздың мүддесі, мақсат-мұраты мен бірегей құндылықтары көрініс тапты. Жаңа Ата заңда Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, халқымыздың әл-ауқатын арттыру, бірлігін күшейту бұлжымас қағидат ретінде айқындалды. Адам капиталын, білім-ғылымды, инновацияны дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде бекітілді. Осылайша, біз Заң мен тәртіп үстемдік құратын, баршаға бірдей мүмкіндік берілетін, Әділетті, Қуатты, Өркениетті мемлекет құру жолына бет алдық. Қазақстанның мақсаты – биік, бағдары – айқын. Ырысты ынтымағымызды және берекелі бірлігімізді сақтай білсек, осы мұратымызға жетеміз, — деді Мемлекет басшысы.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
