![]()
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев жұмыс сапарымен Сарыағаш ауданына келіп, бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың жұмыс барысымен танысты. Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, облыстық мәслихат депутаты Алмас Салимов және жауапты сала басшылары бірге бақылады.
Жұмыс сапары аясында алдымен жөндеу жұмыстарын қажет ететін білім беру нысандарының жай-күйі қаралды. Нысандарды аралау барысында ғимараттардың қазіргі ахуалы, қажетті жөндеу жұмыстарының көлемі және алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстар пысықталды. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту, оқушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай қалыптастыру мәселелеріне назар аударылды.
Сонымен қатар, Мәдениет және Шеңгелді елді мекендерінде салынған мәдениет үйлері мен кітапхана ғимараттарының жағдайы пысықталды. Нысандардың қазіргі жағдайы, тұрғындарға көрсетілетін мәдени қызмет сапасы және олардың тиімді пайдаланылуы зерделенді.
Бұдан бөлек, республикалық маңызы бар «Сарыағаш» айналма автомобиль жолының құрылыс жұмыстарының барысы қаралды. Жауапты сала басшыларымен бірге жобаның жүзеге асырылу кезеңдері, құрылыс қарқыны және алдағы міндеттер талқыланды. Аталған жол жобасының ауданның көлік қатынасын жақсартудағы маңызы атап өтілді.
Сапар барысында Сарыағаш қаласында салынып жатқан көпбейінді аурухана мен жаңа буынды дамыту орталығының және “Сарыағаш” теміржол вокзалының құрылыс жұмыстары да бақыланды. Нысандарды аралау кезінде құрылыс сапасы, жұмыс кестесінің сақталуы және жобалық талаптардың орындалуы назарға алынды.
Еркебұлан Дауылбаев әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы мен жаңғырту жұмыстары тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталғанын атап өтіп, жауапты тұлғаларға жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Мұнан бөлек Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың төрағалығымен Сарыағаш ауданында құрылыс, сәулет, қала құрылысы, автомобиль жолдары және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы салалары бойынша кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиында атқарылған жұмыстардың нәтижелері сараланып, алдағы кезеңнің міндеттері мен өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды.
Кеңейтілген мәжіліске Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Алмас Салимов, аудан әкімінің орынбасарлары, Сарыағаш аудандық полиция басқармасының бастығы Досжан Нұсқабеков, дербес бөлімдердің басшылары, білім беру ұйымдарының директорлары, мектепке дейінгі ұйымдардың меңгерушілері және жауапты сала мамандары қатысты.
Жиын барысында Түркістан облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Жалғас Борсабаев құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыстар, әлеуметтік нысандардың құрылыс барысы, жобалардың орындалу сапасы және құрылыс нормаларының сақталуы жөнінде баяндама жасады.
Одан кейін Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев аудан аумағындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының жағдайына тоқталып, жөндеу жұмыстарының барысы мен жол инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.
Мәжілісте Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары Тайшыман Дәулетқұл құрылыс нысандарында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру, заң талаптарының сақталуы және анықталған кемшіліктерді жою бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Сонымен қатар Түркістан облысының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қуаныш Асанов заңсыз құрылыстардың алдын алу, елді мекендердің сәулеттік келбетін қалыптастыру, орталық аумақтарды дамыту және қала құрылысы құжаттарының талаптарын сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Жиын барысында көтерілген мәселелер бойынша жан-жақты пікір алмасылып, саладағы өзекті түйткілдерді шешу жолдары қарастырылды. Әсіресе құрылыс сапасын бақылау, жол инфрақұрылымын жақсарту, заңсыз құрылысқа жол бермеу және әлеуметтік нысандарды уақытылы пайдалануға беру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Мәжілісті қорытындылаған Еркебұлан Дауылбаев жетекшілік ететін салалардағы жұмыстардың сапасы мен жауапкершілігін күшейту қажеттігін атап өтіп, жауапты басқармалар мен аудан әкімдігіне анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою, құрылыс және жол саласындағы жобаларды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
