![]()
Түркістан облысының Сарыағаш қаласы мен Т.Рысқұлов ауылында аралас үлгідегі жаңа «Ainala» оңалту орталықтары ашылды. Бұл – «Самұрық-Қазына» АҚ-ның бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қаржыландыруымен және «Baquatty Aimaq Qory» қоғамдық қорымен бірлесіп ашылған бес орталықтың алғашқылары.
Орталықтың басты ерекшелігі — «аралас үлгідегі» формат. Бұл әртүрлі диагнозы бар, 3 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды қамтуға мүмкіндік береді. Ал халық көп қоныстанған аудан деңгейінде іске қосылуы қызметтерді халыққа жақын, оңалтуды қолжетімді етеді. «Ainala» орталықтары тек оңалтумен шектелмей, ерте көмек көрсету мен әлеуметтенуге жәрдемдеседі. Бұл балалардың өмір сүру сапасын арттырып, олардың әлеуетін ашуға және білім мен қоғам өміріне бейімдеуге ықпал етеді. Әр орталықта жыл сайын 70 балаға кешенді қызмет көрсетіледі.
Орталықтың салтанатты ашылу рәсіміне Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев пен «Самұрық-Қазына» АҚ-ның басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, Түркістан облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, аудан тұрғындары қатысты. Іс-шара барысында жоба маңыздылығы атап өтіліп, ата-аналар тарапынан алғыс сөздер айтылды.
«Әрбір ата-ана үшін баласының денсаулығы мен дамуы – ең басты құндылық. Ал ауылдық жерлерде тұратын отбасылар үшін сапалы оңалту қызметіне қол жеткізу оңай емес. Осы орталықтар дәл осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған. «Ainala» – бұл тек орталық емес, баланың дамуына, ата-ананың үмітіне, отбасының болашағына арналған жүйелі қолдау. Мұнда балалар білікті мамандардың көмегін алады, ал ата-аналар өздерінің жалғыз еместігін сезінеді. Жыл соңына дейін Қордың қолдауымен ашылған оңалту орталықтарының саны 55-ке жетеді», — деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ-ның басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.
Жобаның көрнекілік стилі де мазмұнымен үйлесіп, ерекше назар аудартады. Орталықтың басты бейнесінде қазақ мәдениетіне жақын қамқорлықтың, сүйіспеншілік пен үміттің символы — қарлығаш. Ол «Ainala» орталықтарының миссиясын айқындап, интерьерден көрініс тапты. Ал бірінші ашылған орталықтар – ауылдық жерлерде оңалтуды дамытуға бағытталған ауқымды жобаның «алғашқы қарлығашы» атанды.
Орталықта невропатологтар, психиатрлар, психологтар, логопедтер, дефектологтар және ЕДШ нұсқаушылары қызмет көрсетеді. Орталықтар АВА-терапия кабинеттерімен, ЕДШ, механотерапия және сенсорлық интеграция залдарымен, сенсорлық бөлмемен, тұз үңгірімен және шунгит бөлмесімен, иммерсиялық ваннамен, сондай-ақ Еңбек және арт-терапия шеберханаларымен, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау бөлмесімен жабдықталған. Орталықтарды жабдықтауға арналған жабдықтар мен жиһаздар сараптамалық класс өндірушілері: Германия, АҚШ, Ұлыбритания, Финляндия, Ресей және Қазақстан арасындағы балалар диагноздарының ерекшелігін ескере отырып таңдалды.
Жыл соңына дейін тағы үш «Ainala» орталығы Ақтөбе облысының Шұбарқұдық ауылында, Шығыс Қазақстан облысының Бозанбай ауылында және Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында ашылады. Жобаның жалпы бюджеті – 1,7 миллиард теңге (әр орталыққа шамамен 346 миллион теңге).
Түлкібас ауданында ерекші күтімді қажет ететін балаларды оңалту орталығының техникалық ашылуы болды
Бүгін сонымен бірге Түлкібас ауданының тұрғындары үшін де қуанышты жаңалық, осы уақытқа дейін жалдамалы ғимараттарда жүрген 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға арналған «Ainala» орталығы қолданысқа берілді.
Көп жылдан бері өзекті мәселенің бірі болып келген бұл мәселе облыс әкімдігінің тікелей қолдауымен шешімін тапты.
Түлкібас агробизнес және саяхат колледжінің қосымша ғимараты аудан теңгеріміне беріліп, әкімдік тарапынан толық жөндеуден өтіп, іші заманауи құрылғылармен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының және «Бақуатты аймақ» қоғамдық қоры есебінен жабдықталуда.
Маңызды шараға аудан әкімі Асқар Сұлтанұлы Естібаев, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Әлфия Дәулетқалиқызы Адиева, «Baquatty Aimaq Qory» қоғамдық қорының директоры Гүлмира Сапабекқызы Әбелдинова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қасымбек Сәтбай және ақсақалдар кеңесінің төрағалары Қалаубек Анашұлы Анашев пен зиялы қауым өкілдері арнайы қатысып, аудан тұрғындарын заманауи оңалту орталығының ашылуымен құттықтады.
«Бұл орталық – балалардың денсаулығын қалпына келтіруге, өмір сапасын арттыруға, олардың қоғамға бейімделуіне зор мүмкіндік беретін, маңызды нысан. Мемлекет тарапынан, мүмкіндігі шектеулі балаларға жан-жақты қолдау көрсету – басты басымдықтардың бірі. Осы орталықтың ашылуы – соның нақты көрінісі. Ең бастысы – бұл мекемеде, балаларға мейірім мен жанашырлық, сапалы медициналық және психологиялық көмек көрсетілетін болады. Ата-аналарға үміт, балаларға жарқын болашақ сыйлайтын бұл орталықтың жұмысына, сәттілік тілеймін», — деп, ізгі ниетін білдірген Асқар Сұлтанұлы игі іске мұрындық болған қайырылымдылық қорының өкілдеріне, аудан тұрғындарының және өз атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының және «Baquatty Aimaq Qory» қоғамдық қорының басшылығына алғысын білдірді.
«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Әлфия Дәулетқалиқызы аталмыш жобаның өңірлердегі ерекше күтімді қажет ететін балалар мен олардың ата-аналары үшін бар маңыздылығын жеткізіп, ғимарат тауып, оны толық жөндеуден өткізіп, дайындап бергені үшін облыс және аудан әкімдіктеріне ризашылығын білдірді.
Айта кетерлік жайт, аталмыш ғимаратта 32 түрлі ем-дом және сауықтыру шаралары қарастырылған, заманауи құрылғылармен жабдықталған кабинеттер бар.
Осыған дейін жалдамалы ғимаратта 25 бала ғана қызмет алып келсе, енді бұл ғимарат 100 балаға дейін қызмет көрсетуге қауқарлы. Қазіргі таңда орталық қажетті заманауи құрылғылармен 40 пайызға дейін қамтылған. Бұл бағыттағы жұмыстар келесі жылдың көктеміне дейін жалғасып, қажетті құрылғылар алу жоспарлануда. Сондай-ақ, жаңа құрылғыларға орталық мамандарын оқыту шаралары «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры есебінен атқарылатын болады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
