
Сауран ауданындағы өндірістік парк аумағында жаңа жобалар іске асырылып жатыр. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек арнайы Сауран ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар нысанды аралады. Жобалардың жүзеге асу қарқынын бағалап, жауапты тұлғалармен кездесті.
Іссапар барысында «Avatar Agricultural Technology Development» ЖШС-ның ауыл шаруашылығына арналған дрондар шығару жобасына ерекше назар аударылды. Құны 500 миллион теңгені құрайтын бұл жоба аясында жылына 600 дана агродрон өндіру жоспарланған. Қазіргі таңда өндірістік алаң дайындалып, қажетті құрал-жабдықтар толық орнатылған. Дрондардың сынамалық үлгісі әзірленген. Сонымен қатар жобаны толық іске қосу үшін бірқатар рұқсат құжаттарын алу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органдардан тиісті рұқсат алу процестері жалғасуда. Облыс әкімінің орынбасары бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдету қажеттілігін жеткізді.
Бұдан бөлек, «Юпитер М» ЖШС жүзеге асырып жатқан жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін өндіру жобасы таныстырылды. Құны 1,5 миллиард теңгені құрайтын кәсіпорын бүгінде толық қуатында жұмыс істеп тұр. Жобаның жылдық өндірістік қуаты – 1750 тонна.
Қазіргі таңда зауыт өнімдері ішкі нарықпен қатар экспортқа бағытталып, ай сайын Өзбекстанға жөнелтіліп жатыр. Кәсіпорында 20 жаңа жұмыс орны ашылған. Өндірістік инфрақұрылым толық қалыптасып, барлық қажетті жабдықтар іске қосылған.
Жалпы, жұмыс сапары барысында облыс әкімінің орынбасары жобалардың іске асырылу деңгейін оң бағалады. Сонымен қатар жекелеген әкімшілік және рұқсат беру рәсімдерін оңтайландыру мәселесі көтеріліп, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берілді.
Облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек әкімдік тарапынан инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және кәсіпкерлерге қолдау көрсету жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ, инвесторларға сәттілік тілеп, бірлескен жұмыстың маңыздылығына тоқталды.
Сауран ауданында жұмсақ жиһаз шығаратын кәсіпорын іске қосылды
Тағы бір атап өтер жайт, Түркістан облысында өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен өндіріс орындарын ашу жұмыстары күшейтілді. Аймақтардың ерекшеліктері зерделеніп, негізгі бағыттары айқындалған. Осы ретте Сауран ауданына қарасты Қарашық ауылдық округінде жаңа өндіріс орны жұмысын бастады. Жеке кәсіпкер Дилшат Нуришев басқаратын «Soft Line» кәсіпорны жұмсақ жиһаз өндіруге маманданған.
Жобаның жалпы құны 250 миллион теңгені құрайды. Өндіріс орны іске қосылуы нәтижесінде 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Аталған жоба өңірдегі шағын және орта бизнесті дамытуға серпін беріп, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға өз үлесін қосып жатыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
