Түркістан облысы: Созақ ауданында Ұлы Отан соғысы ардагері Бостай Исабекұлы атындағы дәрісхана ашылды

Жамбыл атындағы шағын жинақты жалпы білім беретін мектебінде Ұлы Отан соғысының ардагері, І дәрежелі Отан соғысы орденінің, «Ерлігі үшін» медалінің және «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Бостай Исабекұлы атындағы алғашқы әскери және технологиялық дайындық кабинеті ашылды.

Заманауи талапқа сай жабдықталған дәрісхана интерактивті ЛЭД экранмен, жаңа үлгідегі үстел, парталармен және оқу құралдарымен қамтамасыз етілген. Игі бастамаға ардагердің ұрпақтары демеушілік жасап, өскелең ұрпаққа тағылымды тарту ұсынды.

Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова сөз сөйлеп, ел қорғаған ерлердің есімін ұлықтау – жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің маңызды қадамы екенін атап өтті. Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев сұрапыл соғыс жылдарындағы жауынгерлердің жанқияр ерлігі мен бүгінгі бейбіт өмірдің қадір-қасиеті туралы тағылымды ой қозғады. Жиын барысында ауыл ақсақалдары естеліктерімен бөлісіп, ардагер ұстаздар мен ұл-қыздары ізгі тілектерін арнады.

Бостай Исабекұлы 1924 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданына қарасты Балдысу елді мекенінде дүниеге келген. 1942 жылы 28 тамызда әскер қатарына шақырылып, Түркістан қаласында алғашқы әскери дайындықтан өтеді. Кейін Қырғызстанның Үшқорған елді мекенінде кіші командирлерді даярлау курсында білім алып, оны аяқтаған соң Каттакорған қаласында майданға аттанатын жауынгерлерді дайындау ісіне қатысады. 1942 жылдың қараша айында өзі де майданға аттанып, 17 қараша күні ұрысқа кіреді. Алғашқы шайқастардың бірінде ауыр жарақат алады. Госпитальда емделіп шыққаннан кейін 1944 жылы 9-шы гвардиялық дивизияның 18-ші полкі құрамында жауынгерлік жолын жалғастырады.

Майдан даласында көрсеткен ерлігі үшін екі мәрте «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Сондай-ақ сол бір сұрапыл жылдары дивизия қолбасшысы, даңқты батыр Бауыржан Момышұлымен жүздесіп, оның сеніміне ие болған жауынгерлердің бірі болған.

Соғысты абыроймен аяқтап, 1945 жылы 30 желтоқсанда елге аман-есен оралады. Бейбіт өмірде ауыл шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарына белсене қатысып, тракторшы болып еңбек етеді. 1948 жылы Мойынқұм теміржолыны  құрылысына қатысып, кейін тың және тыңайған жерлерді игеру науқанына өз үлесін қосады.

Ерен еңбегі мен ерлігі үшін «І дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен, «Қызыл жұлдыз» орденімен, сондай-ақ Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске арналған мерекелік медальдармен және «Соғыс ардагері» белгісімен марапатталған.

Асық атудан топ жарған жас өрендер марапатталды

Мектеп тақырыбына қосар ақпарат. Кеше аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Құмкент ауылындағы Қ. Сәтбаев атындағы мектеп-гимназиясының 3-сынып оқушыларын және олардың жетекшісі Серікұлы Амандосты арнайы қабылдап, құрмет көрсетті. Жас өрендер жуырда Түркістан облысы көлемінде өткен «Асық ату және бес асық» чемпионатында жоғары нәтиже көрсетіп, Созақ ауданының мерейін үстем етті. Бас жүлдені жеңіп алып, республикалық кезеңге жолдама алды.

Атап айтқанда, чемпионатта Саттар Әділ, Жайдарбек Дарын және Тілекқабыл Айсұлтан жеңімпаз атанып, үздіктер қатарынан көрінді. Ал шәкірттерді жарысқа дайындаған жаттықтырушы Серікұлы Амандостың еңбегі ерекше аталып өтті.

Кездесу барысында аудан басшысы ұлттық спорт түрлерін дамыту – ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды бағыттардың бірі екенін айты. Жас чемпиондарға алдағы жарыстарда сәттілік тілеп, жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы еркін әңгімелесті. Жеңімпаздарға аудан абыройын асқақтатып жүргендері үшін алғыс хат пен сый-сияпат табыс етіп, құрмет көрсетті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You