Түркістан облысындағы тұрғындар көтерген мәселелер әкімдік тарапынан кезең-кезеңімен шешіліп келеді

Түркістан облысы әкімдігінде бекітілген кестеге сәйкес азаматтарды жеке қабылдау тұрақты түрде жалғасып келеді. Бұл жұмыс тұрғындардың арыз-шағымын, ұсыныс-пікірін тікелей тыңдап, мәселелерді жедел шешуге бағытталған.

2025 жылғы 9 айдың қорытындысына сәйкес, жеке қабылдауға 1 025 азамат жазылған. Жеке қабылдауға жазылған тұрғындарға 65 қабылдау ұйымдастырылып, онда 593 азаматтың өтініштері мен ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

Жеке қабылдауда болған азаматтар тарапынан түрлі салаларға қатысты 600-ге жуық өтініш пен ұсыныс-пікірлер айтылды. Өтініш иелерінің басым бөлігі тұрғын үймен қамтамасыз ету, білім, инфрақұрылым, жер даулары, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау салаларына қатысты мәселелерді жиі көтерген. Сонымен қатар тұрғындар мәдениет және спорт, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салаларына қатысты өтініштермен жүгінген. Әрбір азаматтың мәселесі мұқият қаралып, заң аясында шешу жолдары қарастырылуда.

Облыс әкімінің жеке қабылдауының қорытындысына сәйкес түзілген хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы қатаң бақылауда тұр. Жауапты мекемелерге берілген 366 тапсырманың 355 тапсырмасы орындалған болса, қалған тапсырмалар орындалу барысында. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасарларының қабылдау қорытындысына сәйкес 249 тапсырма беріліп, орындауға жолданған. Жеке қабылдаулар алдағы уақытта да жалғасады.

Мәселен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес бүгін Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өңір тұрғындарымен жеке қабылдау өткізді. Онда өзі жетекшілік ететін салалар бойынша азаматтардың сұрақтары мен өтініштерін тыңдады. Қабылдауда газ, баспана кезегі және су есептеуіш құрылғысының жұмыс істеуі мәселелері көтерілді.

Түркістандық тұрғын газға берешек қарызын жабуды және үйін жөндеуге көмек көрсетуді сұрады. Өткен жылы демеушілер есебінен қарызы төленген. Қазір қарыз қайта жиналғандықтан үй газдан ажыратылды. Демеушілер табылған жағдайда көмек көрсетіледі.

Түркістандық тұрғын су есептегіштің дұрыс есептемеуіне шағымданды. Тексеру барысында есептегіш көрсеткіштері жүйеге уақытылы енгізілгені анықталды. Бірақ тұрғын төлемдерді уақытында жасамағандықтан қарыз 28 656,62 теңгеге жеткені белгілі болды.

Сайрам ауданы, Қарамұрт ауылының тұрғыны су мәселесіне шағымданды. Ауданда 1338 шақырым су құбыры мен 74 ұңғыма, 71 мұнара және 21 резервуар жұмыс істейді. Ауыз суды үш мекеме жеткізеді, тұрғындар қазіргі кезде сумен тұрақты қамтамасыз етілген.

Баспана мәселесіне келсек, 2025 жылы қалада тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін 11 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 944 пәтер беріледі деп жоспарланған. Биылдың өзінде 432 отбасы жаңа баспана алды.

Барлық өтініштер ескеріліп, заң талаптарына сәйкес шешім қабылдау үшін тиісті басқармаларға тапсырма берілді. Басты міндет – тұрғындардың мәселесін дер кезінде тыңдап, оң шешім қабылдауға көмек көрсету.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You