
Түркістан облысы жылыжай шаруашылығын дамыту бойынша республикадағы жетекші өңір саналады. Бүгінде еліміздегі жылыжайлардың 72 пайызы облыс аумағында орналасқан. Өңірде жалпы аумағы 1 006,7 гектарды құрайтын 3 366 жылыжай жұмыс істейді. Оның ішінде, жалпы көлемі 62,5 гектар болатын 17 өнеркәсіптік үлгідегі жылыжай және 944,2 гектар аумақты қамтитын 3 503 фермерлік жылыжай бар.
Былтыр Түркістан облысында 113 мың тонна көкөніс өнімі өндірілді. Аталған өнімдер арқылы маусымаралық кезеңде республика халқының көкөніс өнімдеріне деген қажеттілігінің 45 пайызы қамтамасыз етіліп жатыр.
Жылыжай шаруашылықтарын қолдау мақсатында 2023 жылдан бастап жылыжайларда пайдаланылатын электр энергиясы, газ және көмір шығындарын ішінара субсидиялау шаралары жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, өнеркәсіптік жылыжайлардың әр гектарына 4,8 миллион теңге, ал фермерлік жылыжайлардың әр гектарына 8,1 миллион теңге көлемінде субсидия төлену үстінде. Сонымен қатар минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау мен тұқым шаруашылығын қолдау, инвестициялық субсидиялау және жеңілдетілген несиелендіру бағытындағы мемлекеттік қолдау шаралары тұрақты түрде жүргізіледі.
Дегенмен, қазіргі таңда отандық жылыжай шаруашылықтары елеулі бәсекелестік қысымға тап болып отыр. Көршілес мемлекеттерде, атап айтқанда, Өзбекстан, Түрікменстан және Иран елдерінде көкөніс өнімдерін өндіру құнының төмен болуы, сондай-ақ мемлекеттік қолдау тетіктерінің кеңінен қолданылуы ішкі нарықтағы баға бәсекелестігін айтарлықтай күшейтуде. Нәтижесінде, өндірістік шығындардың жоғары болуына байланысты отандық жылыжай шаруашылықтары импорттық өнімдермен тең дәрежеде бәсекеге түсе алмай, қызанақ өнімдерін өзіндік құнынан төмен бағамен сатуға мәжбүр болып отыр. Бұл жағдай жылыжай кәсіпорындарының қаржылық тұрақтылығына теріс әсер етіп, өндіріс көлемінің қысқаруына, инвестициялық белсенділіктің төмендеуіне және жұмыс орындарының азаюына қауіп төндіретіні жасырын емес.
Түркістан облысының жылыжай шаруашылықтары бүгінде ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келеді. Өңірдегі шаруалар маусымаралық кезеңде халық сұранысын толық өтеуге мүмкіндік беретін жоғары өндірістік әлеуетке ие.
Сонымен қатар Қазақстанның фермерлік жылыжайлар қауымдастығы мен өңірдегі шаруа қожалықтары өз тарапынан да әлеуметтік жауапкершілік алып, тиісті меморандумға қол қойды. Аталған меморандум аясында олар маусымаралық кезеңде, әсіресе сәуір-мамыр айларында, ел халқының көкөніс өнімдеріне деген қажеттілігін толық қамтамасыз ету, ішкі нарықтағы бағаны халық үшін қолжетімді деңгейде ұстап тұру және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша міндеттемелер қабылдады. Сондай-ақ, отандық өнімнің тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету бағытында бірлескен жүйелі жұмыстар жүргізуге дайын екендіктерін білдірді.
Осыған байланысты, отандық тауар өндірушілерді қолдау, ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын сақтау және жылыжай шаруашылықтарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметіне бірқатар маусымдық шараларды қарастыру жөнінде ұсыныс енгізілуде. Атап айтқанда, сәуір-маусым айлары аралығында үшінші елдерден, соның ішінде Өзбекстан, Иран және Түрікменстаннан импортталатын көкөніс өнімдеріне қатысты кедендік баж салығы мөлшерін арттыру, сондай-ақ маусымаралық кезеңде көкөніс өнімдерінің импортына сандық шектеулер (квота) енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Аталған шаралар ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге, отандық жылыжай шаруашылықтарын қолдауға, өндірістік әлеуетті сақтауға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға оң әсерін тигізеді.
Орайы келгенде атап өтер тағы бір мәселе, Түркістан облысында шіркейлерге қарсы залалсыздандыру жұмыстары күшейтілген режимде жүргізілуде. Аталған жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тұрақты бақылауында тұр.
Қазіргі таңда Сырдария өзені бойында шіркейлерге қарсы кешенді дезинсекциялық жұмыстардың 8-кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Дәрілеу жұмыстары Шардара ауданы аумағында өзен арнасы бойымен әр 20-25 шақырым сайын жүргізілуде. Атап айтқанда, Шардара қаласынан бастап Тұрысбеков, Көксу, Ұзыната, Қазақстан және Сүткент елді мекендері маңындағы учаскелер қамтылған.
Жалпы, залалсыздандыру шараларына 17 арнайы техника, 10 қайық және 28 білікті маман жұмылдырылған. Белгіленген аумақтардағы жұмыстардың сапасы мен тиімділігі облыс әкімдігі тарапынан тұрақты бақылауға алынған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
