Түркістан облысында ҚР Президентінің кеңесшісінің қатысуымен Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асыру жолдары қаралды

Loading

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен келіп, өңір жұртшылығымен кездесті. Басқосуға зиялы қауым және ардагерлер кеңесінің өкілдері, дін өкілдері, аудан-қала әкімдері, Полиция департаментінің қызметкерлері мен белсенді жастар қатысты. Кездесуде ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы жан-жақты сарапталып, айтылған міндеттерді жүзеге асыру жолдары қаралды.

ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев көпшілікті Жолдауда айтылған міндеттерді бірлесе жүзеге асыруға шақырды. Цифрлық трансформация, жасанды интеллект, білім мен ғылымды дамыту, мемлекеттік басқаруды жетілдіру сынды маңызды міндеттерді іске асыру үшін қоғамның әрбір мүшесінің белсенді атсалысуы қажет екенін айтты. Сонымен қатар Мәлік Отарбаев бұл бастамалар еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және әділетті, тиімді мемлекет қалыптастыруға жол ашатынын жеткізді.

Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов модераторлық етіп, басқосудың маңыздылығына тоқталды.

– Сіздің бұл сапарыңыз – өңір жастарына, зиялы қауымға және барша тұрғындарға үлкен серпін беріп, мемлекет басшысының Жолдауындағы бастамаларды тереңірек түсінуге зор мүмкіндік болмақ. Бұл Жолдау – еліміздің жаңа технологиялық даму кезеңіндегі басым бағыттарын айқындайтын стратегиялық құжат. Онда цифрлық трансформация, жасанды интеллектті енгізу, білім мен ғылымның әлеуетін арттыру, мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейту, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты маңызды мәселелер қамтылған. Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асыру – баршамызға ортақ жауапкершілік. Осы бағытта бірігіп жұмыс істеу арқылы ғана біз бәсекеге қабілетті, цифрлық экономикасы дамыған, әділетті Қазақстанды бірге құра аламыз. Бүгінгі басқосу осы маңызды мақсаттарға үн қосып, ой бөлісетін алаң болмақ, – деді Зұлпыхар Жолдасов.

Жиын барысында Облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген бастамалар – ел болашағы үшін маңызды стратегиялық бағыттар екенін атап өтті. Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бақытжан Раманқұлов қоғамның әлеуметтік дамуын күшейтуге бағытталған маңызды бастамалар туралы пікір білдіріп, аға буын жастарға әрқашан бағыт-бағдар беруге дайын екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен ауыл әкімдерінің диалог-платформасында ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру туралы нақты тапсырмалар берді. Созақ ауданы, Жартытөбе ауылдық округінің әкімі Данияр Жүсіпов ауыл халқының тұрмыс сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Жолдауда айтылған басым бағыттар мен міндеттерді іске асыруда Түркістан облысының жастары белсенділік танытып келеді. Осы орайда, жастар арасында мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы бойынша Облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Ернар Бектаев есеп берді.

Жиында бірқатар маңызды мәселелер көтеріліп, ұсыныстар ортаға салынды.

Бұдан бөлек осы сапар аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының халыққа Жолдауын түсіндіру және оның негізгі міндеттерін насихаттау мақсатында аудан тұрғындарымен арнайы кездесті. Басқосуға аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері мен ауыл ақсақалдары, қоғамдық ұйым өкілдері, белсенді азаматтар мен жастар қатысты. Жиынды аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде Жолдауда айқындалған басымдықтардың ел дамуы үшін стратегиялық маңызын атап өтіп, аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Кездесуде алғаш болып аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов сөз алып, Жолдауда белгіленген бағыттарды жүзеге асыру бойынша ауданда қолға алынған іс-шаралар мен жоспарлар жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Өз кезегінде ауданның құрметті азаматы, білім саласының ардагері Мария Белгібаева Жолдаудың әлеуметтік салаға, әсіресе білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған артықшылықтары мен жаңашыл бастамаларын кеңінен түсіндірді. Жастар атынан Әбдікерім Дінмұхаммед Жолдау жүктейтін жауапкершілік пен міндеттерге қатысты өз көзқарасын білдіріп, жастардың қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды. Сонымен қатар, Темір ауылының тұрғыны Бегімше Ибрагимов пен шәуілдірлік ақын Дәурен Ақсақалов елдің болашағына қатысты өз ұсыныстары мен ой-пікірлерін ортаға салды.

Кездесу барысында ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Жолдауда айқындалған негізгі бағыттар мен міндеттердің мән-маңызына кеңінен тоқталып, олардың ел дамуына тигізетін ықпалы мен жүзеге асырылуына қатысты түсініктеме берді. Сондай-ақ тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, көтерілген ұсыныстарды назарға алатынын айтты.

Мұнан өзге ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жұмыс сапарымен Кентау қаласына келіп, қала тұрғындарымен кездесу өткізді. Шараға қала әкімі Жандос Тасов, әкімдік аппаратының қызметкерлері, қалалық мәслихат депутаттары, құзырлы орган басшылары, зиялы қауым өкілдері, бөлім және мекеме басшылары, сондай-ақ белсенді жастар қатысты.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында белгіленген басым бағыттардың өңірде іске асырылу барысы кеңінен талқыланды.

Жиынды қала әкімі Жандос Тасов ашып, күн тәртібіне қойылған мәселелердің маңыздылығын атап өтті. Одан кейін қалалық мәслихат төрағасы Қаблан Елеусізов сөз алып, Жолдау аясында Кентау қаласында жүзеге асырылып жатқан жобалар мен қолға алынған бастамалар жөнінде жан-жақты баяндама жасады. Баяндамада қала инфрақұрылымын жаңғырту, тұрғын үй құрылысы, жол бағытындағы жұмыстар жайы қамтылды.

Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жолшыбек Аққұлов Жолдауда көрсетілген әрбір бағыттың қоғам үшін маңызын атап өтіп, әсіресе жастар тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды сақтау және ел бірлігін нығайту мәселелеріне тоқталды.

Кездесуде ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген негізгі міндеттерге тоқталып, елімізді цифрландыру, инновацияларды қолдану, экономика мен әлеуметтік салаларды дамыту, білім және денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру бағытындағы саяси бастамалардың маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар ол «Заң мен тәртіп» идеологемасының, «Таза Қазақстан» және «Адал азамат» бағдарламаларының әділ қоғам құрудағы рөліне ерекше назар аударды. Мәлік Отарбаев қала тұрғындарын белсенді азаматтық ұстаным танытып, ел игілігі жолындағы бастамаларға қолдау көрсетуге шақырды.

Естеріңізде болса, өңір басшысы Нұралхан Көшеров қыркүйектің 17-сінде Түркістан облысының кәсіпкерлеріне үндеу жасап, Президент Жолдауын іске асыруға шақырған-ды. «Инвестиция – экономиканың қозғаушы күші. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа кезеңін айқындап, мемлекеттің даму бағытын нақты белгілеп берді. Жолдауда өңдеу өнеркәсібін өркендету, кәсіпкерлікке кең жол ашу, инвестиция тарту, цифрлық экономиканы ілгерілету сынды стратегиялық маңызды міндеттер қойылды», — деген болатын облыс әкімі.

Осы орайда, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен өңірде Жолдауды жүзеге асыруға арналған кең ауқымды мәжіліс өтті. Іс-шараға 100-ден астам жергілікті кәсіпкер қатысып, Президент тапсырмаларын іске асыру тетіктері талқыланды. Облыс басшысы өз сөзінде инвестициялық ахуалды жақсарту, шетелдік және отандық инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау, жергілікті кәсіпкерлікті жүйелі қолдау – бүгінде ел алдындағы басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.

– Президент Жолдауы – нақты істердің бағдары, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа кезеңі. Біздің міндет – осы тапсырмаларды сапалы әрі тиімді орындау. Бұл бағытта барлығымыз бірлесе еңбек етуіміз қажет, Мемлекет басшысы Жолдауда шикізаттық емес секторды дамыту – стратегиялық басымдық екенін қадап айтты. Әсіресе өңдеу өнеркәсібін ілгерілету арқылы біз ұлттық экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ете аламыз. Осы мақсатта облысымызда арнайы экономикалық аймақтарды дамыту, инвесторларға жағдай жасау, жаңа кәсіпорындар ашу бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде. Біз әр салада белсенділік танытып, бірлесе әрекет етуіміз керек. Президент тапсырмаларын сапалы жүзеге асыру – біздің ортақ міндетіміз, – деді Нұралхан Көшеров.

Түркістан облысында инвесторлармен тікелей әрі кәсіби жұмыс жүргізу мақсатында жаңа инвестициялық басқарма құрылған. Бұл құрылым инвесторларға толыққанды сүйемелдеу қызметін ұсынып, әкімшілік кедергілерді азайту, жобаларды жедел іске асыру, бизнес ортаны жақсарту бағытында жүйелі жұмыс атқарады. Сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын жаңа форматта ұйымдастыру, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды даму институтына айналдыру мәселелері күн тәртібіне шықты. Президенттің Жолдауында да бұл нақты айтылды.

Өңірде индустриалды аймақтарды тиімді пайдалану, жергілікті шикізатқа негізделген өндірістерді іске қосу, техникалық мамандықтарға сұранысты арттырып, кадрлық әлеуетті көтеру – басты назарда. Облыс әкімінің айтуынша, 2025–2028 жылдар аралығында жалпы құны 2,5 триллион теңгені құрайтын 111 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалар нәтижесінде 23 766 жаңа жұмыс орны ашылады. Атап айтқанда, биылдың өзінде 57 жоба іске асырылып, 8 163 жұмыс орны ашылмақ. Бүгінге дейін 124,1 миллиард теңгені құрайтын 21 жоба іске қосылып, 3 457 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл – өңір экономикасы үшін үлкен серпіліс.

Бүгінде Түркістан облысында бірқатар ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы, Созақ ауданында жылына 1,6 миллион тонна фосфорит кенін өңдейтін «Созақ Фосфат» зауыты мен жылына 100 мың тонна күкірт қышқылын шығаратын «TAIQONYR QYSHQYL» зауыты салынып жатыр. Түлкібас ауданында жылдық қуаты 1,8 миллион тоннаны құрайтын каустикалық сода, цемент, ПВХ, әк және карбид өндіретін «Састөбе Инновациялық кешені» іске қосылмақ. Сонымен қатар, Түркістан қаласында мақта кластерін дамытатын «KAZAKHSTAN LIHUA», Шардара ауданында жүгеріні терең өңдейтін «Казкрахмал» және Ордабасы ауданында желатин мен май өндіретін «HUATING BIOTECHNOLOGY» зауыттары бой көтеріп келеді. Облыс әкімі өз сөзінде бұл жобалардың өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, шикізаттық емес сектордағы Түркістанның үлесін еселейтінін атап өтті.

Президент Жолдауында қозғалған маңызды бастамалардың бірі – цифрлық теңгені енгізу мәселесі де кеңінен талқыланды. Облыс әкімі бұл бастаманың еліміздің қаржы жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеретінін атап өтті. Цифрлық теңге – транзакциялардың ашықтығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, көлеңкелі экономикамен күресудің тиімді тетігіне айналмақ. Осыған байланысты облыстағы барлық кәсіпкерлер мен қаржы институттарына технологиялық және ақпараттық тұрғыда дайын болу қажеттігі айтылды. Облыс әкімдігі тарапынан цифрлық теңгеге көшу үдерісінде қажетті әдістемелік, ұйымдастырушылық және ақпараттық қолдау көрсетіледі.

Бұдан бөлек, жиында Түркістан қаласында ашылған «Woosong IT» университетінің маңыздылығы да сөз болды. 2 300 студентке арналған оқу ордасы өңірдің цифрлық серпілісінің негізі болмақ. Университет жасанды интеллект, Big Data, киберқауіпсіздік, бағдарламалау, IT-инженерия сынды бағыттарда жоғары білікті мамандар даярлап, Қазақстан мен Орталық Азиядағы ірі білім хабына айналады. Биыл облыс әкімдігі тарапынан 100 мемлекеттік грант бөлінді.

Кездесу барысында Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев, «Nurym Group» ЖШС құрылтайшысы Сырым Ертаев және өзге де кәсіпкерлер сөз сөйлеп, Президент Жолдауын іске асыру жолында мемлекетпен бірлесе еңбек етуге дайын екендіктерін жеткізді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров: «Әрқайсымыз өз саламызда белсенділік танытып, жауапкершілікпен жұмыс істеуіміз қажет. Бірлескен еңбегіміздің нәтижесі ел дамуына үлес қосатынына сенемін», – деді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You