![]()
Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге көтеретін ірі жоба жүзеге асырылуда. Арыс қаласына қарасты Қожатоғай ауылдық округінде 50 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңы салынып жатыр. Turkestan “Agro.kz» ЖШС базасында қолға алынған кешен толық қуатына шыққанда өңірдегі ең ірі өндірістік алаңдардың біріне айналмақ. Қазірдің өзінде мега-фермада 30 мыңға жуық мал бордақылануда. «Ақылды» ферма қалдықсыз өндіріс қағидатына негізделген.
Жобаның жүзеге асуы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің жіті бақылауында тұр. Кешенді жүзеге асырып жатқан кәсіпкер Сырым Ертаевтің айтуынша, барлық өндірістік үдерістер мен малды күтіп-бағу, азықтандыру және ветеринарлық қызмет толық автоматтандырылған. Заманауи еуропалық технологияларды енгізу өнім сапасын арттырып, еңбек өнімділігін еселеуге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде дайын өнім ішкі нарықпен қатар Өзбекстан мен Тәжікстанға экспортталуда, ал алдағы жоспар –Түркия нарығына шығу.
Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Алғашқы кезеңде бордақылау алаңының құрылысына 2,9 миллиард теңге, жаңбырлатып суару техникаларын алуға 1,5 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген. Екінші кезеңге мемлекет тарапынан 5,9 миллиард теңге қолдау көрсетіліп жатыр. Қалған қаржы жеке инвестициялар есебінен қамтылған. Қазіргі таңда жоғары өнімді 30 мың бас мал сатып алынып, оны кезең-кезеңімен жобалық қуат — 50 мың басқа дейін жеткізу көзделген.
Кешенде аустралиялық «торлы» мал шаруашылығы әдісі қолданылуда. Бұл жүйе бойынша бордақылау алаңы арнайы секторларға бөлініп, мал жасы мен салмағына қарай топтастырылады. Әр топқа теңгерімді рацион автоматты түрде есептеліп, жүйелі күтім жасалады. Нәтижесінде малдың тез салмақ қосуы қамтамасыз етіліп, аурулардың алдын алу тиімділігі артады. Кешен заманауи, еуропалық деңгейдегі технологиялармен жабдықталуда. Барлық өндірістік процестер — азықтандыру, күтіп-бағу және ветеринарлық қызмет көрсету — автоматтандырылған және тиімділік пен биологиялық қауіпсіздік бойынша халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Өндірістік цикл малдың күйзелісін азайтып, өнімділігін арттыруға мүмкіндік беретін австралиялық тор қағидатына негізделген технология бойынша ұйымдастырылған.
Сонымен қатар санитарлық талаптар мен экологиялық стандарттарға ерекше мән берілген. Әр сектор таза сумен қамтылып, қалдықтарды шығару жүйесі толық жолға қойылған. Мал ашық әрі кең алаңда еркін қозғалыста бағылады, бұл олардың табиғи күйін сақтап, стресс деңгейін төмендетеді. Мұндай тәсіл өнім сапасын арттырып қана қоймай, өндіріс шығындарын оңтайландырады.
Бүгінде шаруашылықта қазақы ақбас, әулиекөл және ангус тұқымды ірі қара өсірілуде. 4710 гектар алқапта мал азығы дақылдары егілуде, бұл кешенді толықтай өз жемшөбімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тәулігіне 50 мың басқа дейін 500 тонна жем беріледі. Сонымен қатар сағатына 20 тонна түйіршіктелген жем өндіретін құрамажем зауыты іске қосылған. Болашақта жылына 1 миллион тонна жем өндіретін зауыт салу жоспарлануда. Кәсіпорында сумен жабдықтаудың заманауи жүйелері және қоршаған ортаны қорғау талаптарына сәйкес қалдықтарды экологиялық қауіпсіз кәдеге жарату жүйелері енгізілген.
Жоба толық іске қосылғанда 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда 30-дан астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Кешен құрылысы жыл соңында толық аяқталады деп межеленген. “Бұл бастама Түркістан облысының аграрлық әлеуетін күшейтіп, Қазақстанның ет өндірісі саласына жаңа серпін бермек”, — дейді мамандар.
Нысанды толық қуатына шығару 2026 жылдың шілде айына жоспарланған.
Жоба инвесторы Сырым Ертаевтың айтуынша, өндірілген өнім қазірдің өзінде Қазақстанның ішкі нарығына жеткізіліп, сондай-ақ Өзбекстан мен Тәжікстанға экспортталуда. Орта мерзімді кезеңде Түркия және басқа да елдердің нарығына шығу жоспарланып отыр. Бұл экспорт географиясын кеңейтіп, экспорттық түсімді арттыруға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта жоба аясында бір ауысымда 1500 бас ірі қара және 5000 бас ұсақ мал өңдейтін ет өңдеу кешенін салу көзделген. Сонымен қатар өнімді терең өңдеу арқылы қосылған құны жоғары дайын өнімдердің кең ассортиментін шығару жоспарлануда. Аталған өнімдер ішкі нарықпен қатар Қытай мен Түркия сияқты сыртқы нарықтарға бағытталмақ.
Тағы бір атап өтерлігі, Түркістан облысында ет кластерін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асуда. Өңірде жалпы құны 43 миллиард теңгені құрайтын 5 ірі жоба қолға алынып, кезең-кезеңімен іске қосылып жатыр.
Бұл бастамалар ет өндірісінің көлемін арттырып қана қоймай, экспорт әлеуетін де күшейтуге мүмкіндік беруде. Бүгінде өңірде өндірілген өнімдерге сыртқы нарықтан сұраныс артып, экспорт көлемі ұлғаюда. Заманауи технологиялар енгізіліп, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығының дамуына тың серпін беріп отыр.
Түркістанда ет кластерін дамыту – өңір экономикасын нығайтып, агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
