Түркістан облысында аграрлық жұмыс қарқыны тұрақты

Түркістан облысында көктемгі егіс науқаны облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Биыл өңірде жалпы 536 мың гектарға жаздық дақылдар егу жоспарланған болса, бүгінгі күнге дейін оның 165 мың гектары игерілді. Атап айтқанда, дәнді дақылдар 55 мың гектарға, майлы дақылдар 29 мың гектарға, жоңышқа 40 мың гектарға, көкөніс 15 мың гектарға, картоп 6 мың гектарға, ал бақша дақылдары 19 мың гектарға егілген.

Өңірдегі аграрлық жұмыс қарқыны тұрақты сақталып отыр. Мақтаарал ауданы мен Жетісай ауданы ерте пісетін өнімдерді нарыққа шығарып, 300 тонна қырыққабат жинады. Қазіргі таңда өнімнің бір келісі 100–130 теңге аралығында саудалану үстінде.

Дала жұмыстарына 37,4 мың техника толық жұмылдырылған. Техниканы жаңарту бағытында “ҚазАгроҚаржы” бағдарламалары тиімді жүзеге асуда. Биыл 223 жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған.

Иә, ауыл шаруашылығы – Түркістан облысы экономикасының драйвері. Бүгінгі таңда өңір Қазақстанда аграрлық өнім шығарудың жоғары көрсеткіштерін көрсетуде. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің айтуынша, өңірде 28 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы бар, олардың 40%-ы ескірген. “Ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру, жаңарту мәселесі біз үшін маңызды. Облыстың климаттық орналасуы ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін өте қолайлы. 2025 жылы Түркістан облысында жалпы өнім көлемі 4,532 миллион тоннаға жетіп, ауыл шаруашылығы өндірісінің өсуі қамтамасыз етілді. Өңірде индустриялық аймақтар, «Turan» арнайы экономикалық аймағы сияқты негізгі инвестициялық алаңдар бар. Бұл алаңдарда инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелері, сондай-ақ салық жеңілдіктері қарастырылған. Сонымен қатар мемлекет есебінен шағын өнеркәсіптік ғимараттар салынып, инвесторларға жалға берілуде. Жаңа жобаларға қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз, – дегенді облыс басшысы үнемі айтып отырады.

Сонымен қатар 25 мың тонна тыңайтқыш енгізіліп, отандық өндірушілермен тұрақты жеткізу келісілген. Жеңілдетілген жанар-жағармай бойынша бөлінген 15 мың тоннаның 6 мың тоннасы шаруаларға жеткізілді (бағасы 280–281 теңге/литр). Мемлекеттік қолдау шаралары да жалғасуда. «Кең Дала» аясында 1 196 жоба қаржыландырылып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне нақты қолдау көрсетіліп жатыр.

Жалпы, Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстары жоспарға сай қарқынды жүріп, аграрлық сектордың даму көрсеткіші тұрақты өсіп келеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You