
Түркістан қаласында жастардың зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған «Күлтөбе Cup» республикалық зияткерлік сайысы өтті. Сайыстың басты мақсаты қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен тарихын дәріптеу, жастар арасында ораторлық мәдениетті қалыптастыру, азаматтық таным мен құқықтық сауаттылықты дамыту болып табылады. Сондай-ақ қоғамдағы қоғамдағы маңызды мәселелер аясында жастардың өз көзқарастары арқылы шешім қабылдап, құқықтық сауаттылықты жан-жақты мониторрингтік зерттеулер жүргізе отырып интеллектуалды ойын арқылы толығырақ насихаттау да назардан тыс қалмады.
Шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, зияткерлік сайыстың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, тарихи маңызы зор мекенде осындай білім додасының өтуі – заңды құбылыс.
– «Күлтөбе CUP» интеллектуалды сайысы өз мәресіне жетіп отыр. Ең алдымен, осы ауқымды додаға қатысып, білім мен даналықтың биік үлгісін көрсеткен барша командаға шынайы алғысымды білдіреміз. Сіздер бүгін зияткерлік әлеуетті ғана емес, бірлік пен ұйымшылдықты, жауапкершілік пен мәдениетті де көрсете білдіңіздер. Бұған дейін облысымызда еліміздің түкпір-түкпірінен 500-ден астам команда қатысып, 2500-ге жуық жас бас қосқан «Фараби» білімділер сайысы өткен болатын. Сол доданың жалғасы ретінде бүгінгі сайыс та жоғары деңгейде өтті деп сенім артамын, – деген облыс әкімінің орынбасары сайыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады.
Зияткерлік сайыс үш кезеңнен тұрды. Жалпы кезең нәтижесінде 10 команда келесі айналымға жолдама алды. Орта кезең қорытындысымен 5 команда финалға өтті. Шешуші кезеңде үздік командалар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
Әділ-қазылар алқасының шешімімен І, ІІ, ІІІ орын иеленген командалар арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды. Барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары мен дипломдар табысталды.
Айта кетейік, «Күлтөбе CUP» сайысы өткен жылы облыстық деңгейде ұйымдастырылып, оған өңірдің барлық қала-аудандарынан 20-дан астам команда қатысқан болатын. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің қолдауымен интелектуалды сайыстар көбейіп келеді.
Халықаралық таланттар саммитінде отырарлық оқушы арнайы марапатқа қол жеткізді
Сайыс демекші, жақында Астана қаласында «Қазақстан – Сириус» II Халықаралық таланттар саммиті өтті. Маңызды шара ғылым мен мәдениет саласындағы білім беру көшбасшыларын біріктіріп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге серпін берді. Саммит аясында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі мен Ресей Федерациясындағы «Талант және табыс» білім беру қоры арасындағы стратегиялық әріптестік нығая түсті.
Таланттар саммитіне Отырар ауданындағы «№1 жалпы білім беретін мектеп» КММ-ның информатика пәні мұғалімі Абылай Мұхтарұлы мен 10-сынып оқушысы Әлімхан Әлинұр қатысып, өз білімін жоғары деңгейде көрсетті. Информатика пәнінен «Сәулет және қала құрылысы бағытындағы жобалық интенсив» тақырыбында жобасын сәтті қорғаған дарынды оқушы ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова тарапынан арнайы марапатқа ие болды.
Бұл жетістік шәкірттің табандылығы мен ізденісінің ғана емес, сонымен қатар жетекшісінің кәсіби еңбегі мен білікті тәлімінің жемісі екені сөзсіз.
Жоба жетекшісі: «Жобаны әзірлеу барысында біз зерттеу жүргізіп, қала тұрғындарының қажеттіліктерін және инфрақұрылымдағы мәселелерді талдадық. Жасанды интеллект құралдарын да белсенді қолдандық. Біздің ұсынысымызда қоғамдық кеңістіктерді дамыту, көлік қозғалысын оңтайландыру және жасыл аймақтарды көбейту сияқты маңызды аспектілер қарастырылды. Одан бөлек, заманауи сәулеттік шешімдер мен тұрақты даму принциптеріне ерекше көңіл бөлдік. Болашақта қалалардың дамуына өз үлесімізді қосқымыз келеді», — деп пікір білдірді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
