Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстары мен суару науқаны тұрақты жүргізіліп жатыр

Loading

Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстары мен суару маусымы жоспарға сәйкес тұрақты жүргізілу үстінде. Бүгінде өңірде жаздық дақылдар 316 мың гектар алқапқа егілді. Оның ішінде дәнді дақылдар – 72 мың гектар, майлы дақылдар – 72 мың гектар, жоңышқа – 51 мың гектар, көкөніс – 31 мың гектар, бақша дақылдары – 38 мың гектар, ал мақта алқабы 52 мың гектарды құрайды. Сонымен қатар ерте пісетін қырыққабаттан 2,2 мың тонна өнім жиналды.

Өңірдегі көктемгі дала жұмыстары мен суару маусымының барысы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков төрағалығымен өткен мәжілісте кеңінен қаралып, қазіргі ахуалға жан-жақты талдау жасалды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев мәлімдегендей, шаруаларды қолдау жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асып жатыр. Атап айтқанда, жеңілдетілген жанар-жағармай мен тыңайтқыштар өтінімдерге сәйкес уақытылы жеткізілуде. Сондай-ақ «Кең Дала» бағдарламасы аясында бүгінге дейін 1196 жоба қаржыландырылып, ауыл шаруашылығы саласына нақты қолдау көрсетіліп келеді.

Су үнемдеу технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстар да қарқын алған. Қазіргі таңда 34 мың гектардан астам алқапта жаңа технологиялар қолданылу үстінде. Бұл бағыттағы шаралар тұрақты бақылауға алынған. Сонымен қатар, су үнемдеу жабдықтарын өндіруші кәсіпорындармен келіссөздер жүргізіліп, шаруаларға қажетті техниканы лизинг негізінде ұсыну тетігі жолға қойылған.

Мәжіліс барысында облыс әкімінің орынбасары су қоймаларындағы ахуалға ерекше назар аударып, жауапты мекемелерге су ресурстарын бекітілген лимитке сәйкес қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ, ағын су кезектілігін шаруалармен келісе отырып, дақылдардың ерекшелігіне сай әділ түрде реттеу қажеттігін атап өтті.

Мамандардың сөзіне сүйенсек, жалпы, өңірде вегетациялық кезең қалыпты жағдайда өтіп жатыр. Көктемгі дала жұмыстары мен суару науқаны толық бақылауда, жүйелі әрі жоспарлы түрде жалғасуда.

Бұдан бөлек Түркістан облысында шіркейге қарсы дезинсекция жұмыстары да күшейтілді. Қазіргі таңда өңірдің шіркей көп шоғырланатын аудан, қалаларында арнайы мамандар мен мердігер ұйымдар тарапынан кешенді шаралар атқарылуда. Мамандардың айтуынша, қолданылып жатқан препараттар қоршаған ортаға және адам денсаулығына қауіпсіз. Дезинсекция жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жалғасып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Залалсыздандыру жұмыстары су айдындары, каналдар, ирригациялық жүйелер мен шіркей көбейетін ықтимал ошақтарда жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар Түркістан облысында шегірткеге қарсы да бүгінгі күнге дейін 325,09 мың гектар аумақ зерттеліп, оның 86,23 мың гектарында зиянкестің экономикалық зиян шегінен (ЭЗШ) асқаны анықталды. Қазіргі таңда 65 секторда жалпы 290 техника мен 74 су тасымалдайтын көлік жұмыс істеп жатыр.

Жуырда ғана облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Келес және Сарыағаш аудандарындағы шекаралық аймақтарды аралап, үйірлі шегірткеге қарсы жүргізіліп жатқан химиялық өңдеу жұмыстарын бақылады. Келес ауданында ошақтарды анықтауға 351 адам жұмылдырылған. Өңделген алқап көлемі – 36 285 гектар. Аудан әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаевтың айтуынша, фитосанитариялық ахуал тұрақты, ал дәрілеу жұмыстарын 116 техника жүргізуде.

Сарыағаш ауданында 175 анықтаушы жұмысқа тартылған. Бүгінгі күнге дейін 17 021 гектар жер химиялық өңдеуден өтті.

Көршілес мемлекеттермен шекаралас аймақтардағы жағдай тұрақты әрі қатаң бақылауда. Қауіптілігі жоғары алқаптардың ахуалын орталық штаб жанындағы арнайы жұмыс тобы қадағалайды. Жауапты тұлғаларға жедел әрекет ету бригадаларын құру тапсырылды.

Сонымен қатар егістіктерді қорғау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Анықтаушылар санын арттыру және техникалардың толық қуатта жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Түркістан облысында шегіртке дернәсілдеріне қарсы күрес және фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, бұл шаралар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бақылауында іске асырылып отыр.

Жоспарға сәйкес, биыл өңірде 906 мың гектар аумақты қамтитын мониторинг жүргізу көзделген. Күрес жұмыстарына 600-ге жуық маман жұмылдырылған. Сонымен қатар 253 жерүсті техникасы мен 45 су тасымалдаушы автокөлік үздіксіз жұмыс істеуде. Мамандардың айтуынша, бұл шаралар зиянкестердің таралуын дер кезінде тоқтатуға және егістік алқаптардың қауіпсіздігін сақтауға мүмкіндік береді.

Түркістан облысында мониторинг және өңдеу жұмыстары жергілікті әкімдіктер мен тиісті мекемелердің бірлескен үйлесімі арқылы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар шаруаларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жағдайды тұрақты бақылауда ұстау бойынша тиісті шаралар қабылдануда.

Жалпы, өңірде шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес күшейтіліп, егін алқаптарын қорғау бағытындағы жұмыстар облыс басшылығының қатаң бақылауында тұр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You