![]()
Облыста көктемгі дала жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, «Кең Дала» бағдарламасы аясында бүгінгі күнге дейін 1 441 жоба қаржыландырылған. Қазіргі таңда жаздық дақылдар 388 мың гектар алқапқа егілді. Шаруаларды қолдау мақсатында 15 мың тонна жанар-жағармай жеңілдетілген бағамен таратылып, егіс алқаптарына 54 мың тонна тыңайтқыш енгізілді.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков көктемгі дала жұмыстарының орындалу барысын талдап, алдағы суғару (вегетациялық) маусымына дайындық мәселелерін қарастырды. Ол аудан және қала әкімдіктеріне отандық тыңайтқыш өндіруші кәсіпорындармен бірлесіп, қажетті көлемді қысқа мерзімде аудан орталықтарына жеткізуді ұйымдастыруды тапсырды.
Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары да қарқын алуда. Қазіргі таңда 531 шаруа қожалығы су үнемдеу жүйелерін орнату бойынша келісімшарт жасап, тиісті қондырғыларды енгізуді бастаған. Жалпы облыс бойынша 34 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланған.
Өткен жылы 114 мың гектар алқапта су үнемдеу технологияларын қолдану нәтижесінде 195 миллион текше метр су үнемделген. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, су ресурстарын тиімді пайдалану мен Мемлекет басшысы тапсырмаларын орындау басты назарда болады.
Нұрбол Тұрашбеков ағын суға бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті. Бекітілген кезектілік пен бөлінетін су лимиттері қатаң сақталуы тиіс. Жауапты тұлғаларға егіс алқаптарын тікелей аралап, жағдайды тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.
Су демекші, Сарыағаш қаласы аумағынан өтетін Рамадан каналынан таралатын Р-4-3 каналын тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Механикалық тазалау жұмыстарымен аудан әкімі Арман Абдуллаев танысып, жұмыстардың сапалы әрі уақтылы атқарылуын қамтамасыз ету мақсатында «Су шаруашылығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысына нақты тапсырмалар жүктеді.
Қазіргі таңда аталған кәсіпорын тарапынан Р-4-3 каналында механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, 2 арнайы техника жұмылдырылып, жалпы ұзындығы 7,5 шақырым канал тазартылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Алғабас елді мекенінің егістік жерлері ағын сумен қамтылатын болады. Айта кетейік, 2025 жылы аудандағы жалпы ұзындығы 132 шақырым су арналары механикалық тазалаудан өткен. Ал, биыл 231 шақырым су арнасын тазалау жоспарланып отыр.
Орайы келгенде атап өтер маңызды мәселе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Xinjiang Lihua” компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Чжан Цихайды қабылдады. Кездесу барысында Қазақстанда толық өндірістік цикл жолға қойылған мақта-мата кластерін жүзеге асыру мәселесі талқыланды. Президентке жобаның импортқа тәуелділікті айтарлықтай азайтып, ішкі нарықты бәсекеге қабілетті отандық өнімдермен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні жөнінде баяндалды. Чжан Цихай Қасым-Жомарт Тоқаевқа бүгінде бірнеше нысан, соның ішінде екі мақта өңдеу зауыты қолданысқа берілгенін айтты.
Таяу жылдары синтетикалық мата материалдарын, тоқыма және киім өндіретін нысандарды іске қосу жоспарланып отыр. Жобаны жүзеге асыру арқылы мақта егістігін ұлғайтуға болады. Егін шаруашылығына цифрлық технологиялар мен тамшылатып суару секілді инновация пайдаланылады. Мақта-мата кластерінің алғашқы кезеңінде 360 миллион долларға жуық тікелей шетелдік инвестиция тартылып, 4 мыңнан аса жұмыс орны ашылмақ. Мемлекет басшысы кластер еліміздің оңтүстік өңірінде агроөнеркәсіп кешенін және жеңіл өнеркәсіпті дамыту тұрғысынан маңызды екенін атап өтті. Президенттің пікірінше, жергілікті тұрғындар арасынан білікті маман даярлау ісіне мән беру керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев су үнемдеу технологияларын кеңінен пайдаланудың өзектілігіне назар аударды, сондай-ақ мақта өндірісінің шығынын ескере отырып, аталған салаға «ақылды» цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізуді құптады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
