Түркістан облысында нәресте өлімі 21,6%-ға, бала өлімі 14,1%-ға азайған

Денсаулық сақтау басқармасының деректеріне сүйенсек, денсаулық сақтау саласында облыс бойынша 219 мекеме халыққа қызмет көрсетеді. Ауылдық жердегі нысандарды жаңғыртуға ерекше назар аударылуда. Өткен жылы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 49 жаңа нысан салынып, пайдалануға берілді. Қосымша 73 нысанға қажеттілік бар.

«Нақты жоспар түзіп, 3 жылда кезең-кезеңімен шешуді жоспарлап отырмыз. Биылдың өзінде жергілікті бюджет есебінен 32 жаңа ғимараттың мәселесі шешіледі. 3 аудандық орталық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алғашқы медициналық көмек сапасын арттыру мақсатында 60 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейі 84,5%-ға жетті», — дейді басқарманың жауаптылары.

Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын жетілдіруге бағытталған кешенді шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. 2025 жылдың 10 айында Түркістан облысында негізгі медико-демографиялық көрсеткіштер тұрақты сақталып отыр. Ең маңыздысы – ана өлімінің 63,3%-ға төмендеуі. Бұл көрсеткіш өңірдегі перинаталдық қызметтің едәуір жақсарғанын көрсетеді. Нәресте өлімі 21,6%-ға, ал бала өлімі 14,1%-ға азайған. Мұндай нәтижелер алғашқы медициналық көмектің күшеюімен, перинаталдық орталықтардың материалдық-техникалық базасының жаңаруымен, тәуекел топтарына бақылаудың күшеюі және ерте анықтау шараларының тиімді жүргізілуімен байланысты. Ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында өңірде «Даму және ерте араласу» орталықтары жұмыс бастап, Облыстық балалар ауруханасында офтальмологиялық орталық ашылды. Өңірде жоғары технологиялық медициналық көмек көлемі артты.

Ауылдық жерлердегі жүкті әйелдердің қолжетімді медициналық қызмет алуы үшін перинаталдық орталықтарда ашылған «Салауатты ана» пансионаттары 100-ден астам әйелге қолдау көрсетті. Сонымен қатар облыс деңгейінде жетекшілік ететін аудандарға виртуалды қарап шығу жүйесі енгізіліп, күрделі жағдайларды дер кезінде анықтау күшейтілді. Генетикалық зерттеулерді жетілдіру үшін бес бірлік эксперттік УДЗ аппараты сатып алынды. «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша бөлінген ЭКО квотасымен 207 бала дүниеге келген, олардың 18-і – егіздер.

2025 жылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 14,8 миллиард теңге бөлініп, 300 мыңдай науқас дәрілік заттармен қамтылды. Жергілікті бюджеттен орфан ауруларына шалдыққан 264 науқасты қамтамасыз етуге 4,6 миллиард теңге қаралды.

Түркістан облысына қарасты медициналық ұйымдарда 2025 жылы Республикалық бюджет қаражаты есебінен науқастарды амбулаториялық дәрілік заттармен қамтамасыз ету үшін Бірыңғай дистрибьютор «СҚ-Фармация» ЖШС-не алдын ала өтінімге 18,7 миллиард теңгеге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуға өтінім беріліп, бүгінгі күнге дейін 13,9 миллиард теңгеге игерілді. Стационарлық деңгейде тұмауға қарсы вирустың алдын алу үшін және дәрілік заттар тапшылығын жою мақсатында олардың төмендемейтін қоры қалыптастырылып, екі айлық резервтік қоры жасақталған.

«Бүгінгі күнге медициналық ұйымдарда жеке қорғаныш құралдарының қоры жасақталып, (СИЗ) жеке қорғаныс құралдарының қоры жасақталып, бір реттік қолданылатын қорғаныш киімінің – 55 078 дана, бір реттік қолданылатын бетперделердің – 2 686 142 дана, төрт қабатты хирургиялық бетперделер мен респираторлардың – 62 292 дана, бір реттік қолданылатын медициналық қолғаптардың – 1 252 862 дана және антисептикалық ерітінділердің 57 627 литр көлемінде қоры бар», — дейді мамандар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You