
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Сарыағаш және Келес аудандарындағы шегіртке зиянкесінің ошақты аймақтарын аралап, Болжам орталығы мамандарымен күбіршелердің орналасу тығыздығын саралады.
Түркістан облысында Марокко шегірткесінің күбіршелеріне зерттеу жүргізу 52 900 гектар аумақта жоспарланған. Жұмыс наурыз айының басынан басталып жүргізіліп жатыр.
Бүгінгі күнге дейін Арыс қаласы Қожатоғай, Монтайтас ауылдық округтерінің шекаралық аймақтарында 800 гектары зерттеліп, 18 гектар аумақта күбіршелер анықталды. Кей аумақтарда 1 шаршы метр жердегі тығыздығы 120 данаға жетсе, енді бір алқаптарда 1 данаға дейін кеміген.
Сарыағаш ауданы Әлімтау, Дарбаза ауылдық округтеріне қарасты аумақтарда 200 гектары зерттеліп, 21 гектар аумақта күбіршелер анықталды.1 шаршы метр жердегі тығыздығы — 25-56 дана. Зақымдану деңгейі — 14–17%.
Келес ауданы Бозай, Бірлік ауылдық округтеріне қарасты аумақтарда 250 гектары зерттеліп, 23 гектар аумақта күбіршелер анықталды.1 шаршы метр жердегі тығыздығы орта есеппен 30-60 дананы құрап отыр.
Сонымен қатар, былтырғы күзде тәжірибе ретінде, 1000 гектардан астам ошақты алқаптарда жер жырту (айдау) әдісі қолданылған болатын. Аударылған ошақтарда күбіршелердің зақымдануы 10-15 пайызды құраған.
2025 жылы шегірткелердің тұқым салу кезеңінде 2246 ошақ белгіленген. Мамандар кей алқаптарда күбірше тығыздығы төмендегенімен, таралу аумағының ұлғаюы мүмкін екенін мәлімдеуде.
Нұрбол Тұрашбеков аудан әкімдерінің орынбасарларына биылғы жұмыстың да оңай болмайтынын ескертіп, ықтимал тәуекелдер мен оларға қатысты қадамдық әрекет жоспарын шұғыл ұсынуды тапсырды.
«ANYQ.KZ»—ақпарат.
