Түркістан облысында су үнемдеу технологиялары жаңадан 59 мың гектар алқапқа енгізіліп, жалпы көлемі 114 мың гектарды құрады

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету жөніндегі Үкіметтің алдына қойған міндеттері аясында ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Түркістан облысының агроөнеркәсіп кешені – жалпы өңірлік өнімнің 20%-ын құрайтын өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының драйвері.

Ауыл шаруашылығы басқармасы таратқан деректерге сүйенсек, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектарға орналастырылып, өткен жылдан 34 мың гектарға артқан. Егіс құрылымына сәйкес:

— дәнді дақылдар көлемі 10 мың гектарға артып, 342 мың гектарға;

— майлы дақылдар 2 мың гектарға артып, 73 мың гектарға;

— мақта 38 мың гектарға артып, 145 мың гектарға орналастырылды.

— көкөніс, бақша алқаптары өткен жылғы деңгейде сақталып, 118 мың гектарды, мал азықтық дақылдар 230 мың гектарды құрады.

Дала жұмыстарына жанар-жағар май босату мен кредиттік ресурстар, минералды тыңайтқыштар мен тұқым бөлу шаралары мерзімінде жүргізілді. Нәтижесінде 695 мың тонна — дәнді дақыл, 54 мың тонна — майлы дақыл, 1,5 миллион тонна — көкөніс пен картоп, 1,7 миллион тонна — бақша өнімі, 5 миллион тонна — мал азықтық дақыл және 428 мың тонна мақта жиналды.

Өсімдік шаруашылығының әлеуетін арттыру мақсатында озық технологияларды енгізу бойынша кешенді шаралар қабылдануда. Су үнемдеу технологиялары жаңадан 59 мың гектар алқапқа енгізіліп, жалпы көлемі 114 мың гектарды құрады.

Тамшылатып суару технологиясының тиімділігі:

  • Су шығыны 30–50%-ға дейін аз жұмсалады.
  • Тыңайтқыштарды сумен беру арқылы өнімділік 20–30%-ға артады.

Мақта дақылы жаңа әдіспен 52 мың гектар алқапта егіліп, өнімділік екі есеге артты (50-60 центнер/гектар). Дәстүрлі егісте бір гектарға 5 мың текше метр су пайдаланылса, жаңа технология арқылы ағын су 2 есе аз жұмсалды.

Сонымен қатар күріш дақылы елімізде пилоттық негізде алғашқы рет тамшылатып суару технологиясымен егілді. Қарапайым әдіспен гектарына ағын су 34,0 мың текше метр дейін пайдаланылса, технология есебінен ағын су 3,5 есе аз пайдаланылды (8-10 мың текше метр). Нәтижесінде өнімділік 1,3 есе артып 65 центнерден өнім жиналды (Лазер сорты). Cу үнемдеу технологиялары өндірісін дамыту, қол жетімділігін арттыру мақсатында қуаттылығы 73,0 мың гектар алқапты қамтитын 3 кәсіпорын іске қосылды.

Бұдан бөлек, қуаттылығы 67 мың гектарды қамтитын 3 кәсіпорын іске асырылады. Алдағы уақытта осы кәсіпорындар есебінен су үнемдеу технологиясымен облыспен қатар, көршілес өңірлердің қажеттілігі қамтамасыз етілетін болады. 

Мақта өніміне экспорттық тәуелділікті жою, дайын өнім секторына кешенді өту бақытында өңірде мақта-тоқыма кластерін құру жобасы басталды. Бұл бағытта, құны 201 миллиард теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылады. Нәтижесінде, мақта өнімділігі 3 есеге дейін артады, 7 мыңнан астам жұмыс орны құру көзделуде.

Бірінші кезеңде «Turan» арнайы экономикалық аймағында «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС мақтаны терең өңдеу және дайын өнімді экспорттау бойынша көпсалалы нысанның құрылысы басталды. Жоба құны — 146,8 миллиард теңге. Толық циклді мақта өңдеуден, тоқыма, иіру, мата өндіру, бояу, өңдеу бойынша 4 зауыт салынады. Болашақта отандық дайын тоқыма өнімдері брендтерде ішкі және сыртқа нарықтарға шығарылатын болады.

Облыста жылыжай шаруашылығы қарқынды дамуда. Жылыжайлардың жалпы көлемі 75 гектарға ұлғайып, бүгінде 1 715 гектарды құрады. Түркістан облысының республикадағы үлесі 76%-ға жетті. Бүгінгі күнге жылыжайлардан 150 мың тоннадан астам көкөніс өнімі жиналды.

Жылыжай шаруашылықтары соңғы жылдарда субтропикалық банан, лимон және табыстылығы жоғары құлпынай өнімдерін жылыжайларда өсіру технологиясын үйреніп, кеңінен қолдануға көшті. Биыл жылыжай шаруашылықтарынан 550 тонна банан, 3,2 мың тонна лимон, 13 мың тонна құлпынай өндірілді.

Агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойған міндеттерін орындау суармалы жерлерді тиімді пайдалануға тікелей байланысты. Республикадағы суармалы жерлердің 4/1 бөлігі облысқа тиеселі (554 мың гектар).

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You