![]()
Түркістан облысында ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жүйелі түрде жалғасып келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» жобасын іске асырып жатқан инвесторлармен кездесіп, жобалардың орындалу барысын және алдағы жоспарларды талқылады.
Аталған жоба – өңірдегі ең ауқымды өнеркәсіптік бастамалардың бірі. Жалпы құны 146,6 миллиард теңгені құрайтын кешен мақтаны өсіруден бастап, оны өңдеп, дайын тоқыма және тігін өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қамтиды. Жоба толық іске қосылғанда 4 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылып, өнімділік гектарына 60 центнерге дейін жетеді. Сонымен қатар су үнемдеу технологиясы ретінде тамшылатып суару жүйесі енгізілген.
Кешен құрамына мақта өңдеу зауыттары, ПВХ құбырларын өндіру зауыты, тамшылатып суару жүйелерін шығару кәсіпорны, жіп иіру фабрикасы, тоқыма (мата) өндірісі, бояу-әрлеу фабрикасы және тігін фабрикасы кіреді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы құны 100,1 миллиард теңгені құрайтын 5 ірі жоба пайдалануға берілді. Бұл жобалар аясында 1760 жаңа жұмыс орны ашылған.
Сонымен қатар Отырар ауданында 32 мың гектар алқапқа мақта егу жобасы жүзеге асырылып, өңірдегі агроөнеркәсіптік сектор мен жеңіл өнеркәсіптің дамуына айтарлықтай серпін берді.
Жыл соңына дейін жалпы құны 46,5 миллиард теңгені құрайтын 6 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Кездесу барысында облыс әкімі инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Өңірдегі барлық инвестициялық жобалар әкімнің жеке бақылауында.
– Маңызды жобалардың уақтылы әрі тиімді іске асуына қажетті барлық қолдауды көрсетуге дайынбыз. Алдағы жоспарларыңыз бен өзекті мәселелерді бірге пысықтаймыз. Мақсатымыз – толық циклді мақта кластерін дамыту, жаңа жұмысын орындарын ашу, отандық өнім көлемін ұлғайту. Келісілген жобалар толық жүзеге асуға тиіс, – деді Нұралхан Көшеров.
Инвесторлар өз кезегінде жобалардың жүзеге асу барысы туралы баяндап, ұсыныстарын жеткізді. Негізгі мәселелердің бірі – жұмыс күші тапшылығы. Осыған байланысты өңір басшысы жауапты тұлғаларға жергілікті колледж түлектерін жұмысқа тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Мамандарды тегін оқытуға әкімдік гранттар бөледі.
Жобаны жүзеге асырып жатқан компания Қытайдың агроөнеркәсіптік индустрияландыру саласындағы ТОП-100 кәсіпорны қатарына кіретін «Zhongtai Group» құрамына кіреді. Компания мақта және тоқыма саласында толық өндірістік тізбекті қалыптастыруға маманданған. Қазіргі таңда өндірістік кешенде еңбек жағдайына ерекше көңіл бөлінген. Отырар ауданындағы мақта алқабы 16 секторға бөлінген. Әр секторда жұмысшыларға арналған жатын орындар мен асханалар бар. Зауыт аумағында 4 жатақхана пайдалануға берілген, жұмысшылар күніне үш мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Бүгінде кешенде 700-ден астам адам жұмыс істейді. Ал алдағы жаңа өндіріс орындары іске қосылғанда қосымша жұмыс орындары ашылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін бермек.
Отырар ауданындағы мақта зауытындағы жұмысшылардың құқығы мен сапалы еңбек етуіне ерекше мән беріледі
Тағы бір қоса кетер ақпарат. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешенінде» алқалы кеңес өтті. Жиынның мақсаты – қолданыстағы заң талаптарының, сондай-ақ, өндірісте техникалық және өрт қауіпсіздіктерінің сақталуын, әлеуметтік-еңбек қатынастарының жағдайын саралау, еңбек жағдайын талдап, жұмыс күшін бақылау.
Кеңеске қатысушылар алдымен өндіріс кешенін аралап, жұмысшылармен пікірлесті. Алқаптарда орналасқан базалардың санитарлық-тұрмыстық ахуалын тексерді.
Қазіргі таңда өндірістік кешеннің мақта алқабы 16 секторға бөлінген. Әр секторда жұмысшылар үшін жатын орны мен асханалар жасақталған. Зауыт аймағында жатақхананың 4 ғимараты қолданысқа берілген. Жұмысшылар 3 мезгіл ыстық тамақпен қамтылған.
«Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС өкілінің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда мұнда 700-ден астам азамат жұмыс істейді.
Кеңес отырысында Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тілемисов, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Амангелді Әліш, Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Закриддин Алимкулов сөз алып, бірқатар ұсыныстар енгізді.
Алқалы басқосуда экологиялық тұрақтылық пен топырақтың жай-күйі де талқыланды.
Нұрбол Тұрашбеков өрт қауіпсіздігіне баса көңіл аудару қажеттігін ескертті.
– Инвестициялық жобаның жұмыс барысында туындаған өзекті мәселелерін біз апта сайын қарап, заң аясында шешілуіне өздеріңізбен бірге күш салып келеміз. Ал, арнайы кеңес өткізудегі мақсат – бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты бақылауға алу, жұмыс берушінің де, жұмысшының да құқығын сақтау, орын алған кемшіліктер болса, мерзімінде қалпына келтіруге ықпал ету, – деді облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде.
Талқылау қорытындысына сәйкес, нақты тапсырмалар белгіленді. Инвестициялық жобалар қызметінің заңға сәйкес атқарылуы әр айда өтетін кеңес отырыстарында тұрақты қаралатын болып келісілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
