![]()
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Бәйдібек ауданына жұмыс сапары барысында №19 көпсалалы колледждің жұмысымен танысты. Өңір басшысы оқу орнының материалдық-техникалық базасын аралап, оқу кабинеттері мен аумағын көрді. Білім беру сапасы, еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау және түлектерді тұрақты жұмыспен қамту мәселелеріне баса назар аударып, жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар берді.
Колледж директоры Айдарбек Илиясов оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігі мен алдағы даму жоспарлары туралы баяндады.
2014 жылы пайдалануға берілген колледж 425 студентке арналған. Үш қабатты ғимаратта 36 оқу аудиториясы бар. Бүгінде 54 оқытушы 11 мамандық бойынша білім береді. Олардың қатарында ветеринария, дәнекерлеу ісі, есептеу техникасы және ақпараттық желілер, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, тігін өндірісі, агрохимия, жеміс-көкөніс шаруашылығы, ауыл шаруашылығын механикаландыру және өзге де сұранысқа ие бағыттар қамтылған.
Өңірде техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту, оқу орындарының материалдық базасын нығайту және білікті кадрлар даярлау жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатыр.
Тағы бір атап өтер мәселе, Мемлекет басшысының су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, су нысандарын жөндеу, жаңарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Қазіргі уақытта өңірдегі су қоймалары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Құрылыс барысы — тұрақты бақылауда. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Бәйдібек ауданына жұмыс сапары барысында «Бәйдібек ата» су қоймасына арнайы барып, нысанның жұмыстарын бақылады. Жауапты сала мамандарына нысанның құрылыс жұмыстары уақытында әрі сапалы орындалу қажеттігін ескертті. Тиісті тапсырмалар берілді.
«Бәйдібек ата» су қоймасының жобалық құны 15,7 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын «МК Технострой сервис» ЖШС мердігер мекемесі іске асыруда. Қойма 680 гектар аумақта орналасқан. Ал сыйымдылығы 67 миллион текше метрді құрайды. Қоймаға келетін су көзі Бөген өзенінен алынады. Оған қоса канал аумағында 9,7 мың гектар суармалы жер тұрақты ағын сумен қамтылады.
Су қойманың негізгі мақсаты – көктемгі тасқын сулардың алдын алу, артық суларды жинақтап, суару маусымында пайдалану және «Бөген» су қоймасын толтыруға жіберу.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
