![]()
Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу және терең өңдеу саласын дамыту бағытындағы жұмыстар қарқын алды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Жетісай ауданына жұмыс сапары барысында өндірістік аймақта салынып жатқан пластик қалдықтарын қайта өңдеу және пластик ыдыстарын өндіру зауытының құрылысымен танысты.
«KAZ INVA» ЖШС жүзеге асырып жатқан жобаның құны – 2 миллиард теңге. Құрылыс-монтаж жұмыстары биылғы желтоқсанда аяқталады деп жоспарланған. Өңір басшысы аудан әкімі мен сала жетекшілеріне жобаны сапалы әрі уақтылы жүзеге асыруды тапсырды.
– Өңір үшін жаңа өндіріс орындарын ашу, терең өңдеуді дамыту және импортқа тәуелділікті азайту – басты басымдықтардың бірі. Мұндай жобалар экологияны жақсартып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құрып, өңір экономикасының дамуына серпін береді, – деді Нұралхан Көшеров.
Жаңа зауытта пластик қалдықтары қайта өңделіп, ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласына қажетті пластик өнімдері шығарылады. 70 адам жұмыспен қамтылып, жылына 10 миллион дана өнім шығару жоспарланған. Бұл өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттырып, отандық шикізатты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Жетісайдағы 59 гектарлық индустриялық аймақта жалпы құны 30,3 миллиард теңгені құрайтын 5 зауыт салу қолға алынған. Оның екеуі іске қосылған, үшеуінің құрылысы жалғасуда. Барлық жобалар толық іске асқанда мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Сонымен қатар өндірістік парк аумағында жиһаз, ауыл шаруашылығы техникасының қосалқы бөлшектері, құрама жем, темір бұйымдары және химиялық жуғыш заттар өндіретін 5 жоба жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, құны 3,5 миллиард теңгені құрайтын «MIR AGRO KZ» ЖШС-нің заманауи жылыжай кешені мен қоймасының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, Түркістан облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасалып, дайын инфрақұрылым ұсынылуда. Өңірде «Turan» арнайы экономикалық аймағы мен 21 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Сонымен қатар барлық аудан мен қалада шағын өнеркәсіптік парктер салынып, өндірісті дамытуға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді.
Мұнан өзге Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Жетісай ауданына жұмыс сапары барысында Асықата кентінде жаңадан бой көтерген «Aksu Samruk Medical Clinic» медициналық орталығының ашылу рәсіміне қатысып, тұрғындарды маңызды әлеуметтік нысанның іске қосылуымен құттықтады.
Өңір басшысы өз сөзінде адам өмірі мен денсаулығы мемлекеттің ең жоғары құндылықтарының бірі екенін атап өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытында Түркістан облысында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
– Бүгін өңіріміз тағы бір маңызды әлеуметтік нысанмен толықты. Денсаулық сақтау саласына салынған әрбір инвестиция – ел болашағына салынған инвестиция. Сондықтан жаңа медициналық орталықтардың ашылуы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып, ана мен бала денсаулығын нығайтуға, халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Өңірде өндіріс орындарын ғана емес, әлеуметтік нысандарды да көбейту – басты міндеттердің бірі, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыс әкімі Түркістан облысы құрылғаннан бері денсаулық сақтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Егер 1991-2017 жылдары өңірде 386 денсаулық сақтау нысаны салынса, соңғы сегіз жылда облыста 214 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілген.
Жергілікті кәсіпкер Елдос Байыспаевтың жеке инвестициясы есебінен 2 миллиард теңгеге салынған медициналық орталық заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда тәулігіне 280 адамға дейін қызмет көрсетіледі. 10 орындық күндізгі және 40 орындық тәуліктік стационар жұмыс істейді. Жоба аясында 70 жаңа жұмыс орны ашылды.
2024 жылдың мамыр айында басталған құрылыс нәтижесінде бой көтерген, жалпы аумағы 2565 шаршы метрді құрайтын орталықта терапевт, кардиолог, хирург, травматолог, лор, эндокринолог, невропатолог, гастроэнтеролог, дерматолог, офтальмолог, стоматолог, гинеколог, уролог, педиатр және басқа да бағыттағы жоғары білікті мамандар қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар орталықта күрделі операциялар жасауға мүмкіндік қарастырылған. Балалар мен ересектерге арналған вакцина бөлмелері, зертханалар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған лифт, заманауи жедел жәрдем көліктері жұмыс істейді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
