Түркістан облысының аудандарында медициналық нысандар пайдалануға беріліп, халық таза ауыз сумен қамтылды

Түлкібас ауданындағы Қызылбастау ауылында жаңа медициналық тіректің тұсауы кесілді

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауылдардағы әлеуметтік меселелерді шешу, әсіресе, медициналық нысандарды ашу жөнінде тапсырма берген болатын. Осы бағытты Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгін осы орайда Түлкібас ауданына қарасты Қызылбастау ауылында көптен күткен жаңа медициналық тірек ел игілігіне берілді. Шараға арнайы облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Тұрғындарға денсаулық сақтау қызметінің жақсарып, ауылдық жерлерде медициналық көмектің қолжетімділігі артатынын айтты.

Бұған дейін ауыл халқы жалдамалы ғимаратта медициналық көмек алып келген. Енді жаңа, заманауи талаптарға сай салынған медициналық тірек халыққа сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге толық мүмкіндік береді.

Биыл ауданда жыл басынан бері тұрғындарға қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында Мақталы, Тастұбұлақ, Шақпақ-Баба ауылдарында жаңа медициналық тіректер іске қосылса, жуырда ғана Азаттық ауылында да жаңа медициналық нысан қолданысқа берілді. Ауданда медициналық нысандарды арттыру үшін келесі жылы Қараағашты, Жаңұзақ, Майтөбе және Еңбек елді мекендерінде де заманауи медициналық тіректер салу жоспарланып отыр.

Айта кетсек, өткен жылы Түркістан облысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында жалпы құны 10 миллиард теңге құрайтын 49 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының құрылысы жүргізіліп, толық іске қосылған болатын. Осы бағыттағы жұмыстар осы жылы да жалғасын табуда. Атап айтқанда, облыс көлемінде қайта жаңғырту қажет ететін 73 медициналық нысанның, ағымдағы жылы жергілікті бюджет есебінен 34 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының құрылысы жүргізілді.

Қазығұрт ауданында екі медициналық нысан ел игілігіне тапсырылды

Сонымен қатар бүгін Қазығұрт ауданына қарасты Алтынтөбе және Ақбастау ауылдарында да алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына аудан әкімі Азизхан Исмаилов және «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев қатысып, ауыл тұрғындарын маңызды әлеуметтік нысанның ашылуымен құттықтады.

Салтанатты шарада аудан әкімі Мемлекет басшысының шалғай елді мекендерде денсаулық сақтау нысандарын салу, халыққа қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, аудан аумағында медицина саласын дамыту, әсіресе, ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмекті жақындату бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Жаңа медициналық пункттің негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитариялық көмекті уақытылы әрі сапалы көрсету. Фельдшерлік-акушерлік пункт тәулігіне 10 адамды қабылдайды. Сонымен қатар нысанның іске қосылуы нәтижесінде 4 жаңа жұмыс орны құрылды. Ғимарат заман талабына сай салынып, барлық қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Құрылыс жұмыстарын «Урба-Стандарт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді.

Ауыл тұрғындары медициналық нысанның салынуына қолдау көрсетіп, елді мекенде алғашқы медициналық көмектің қолжетімді болуына жағдай жасағаны үшін аудан әкімдігіне алғыстарын білдірді.

Бәйдібек ауданындағы Жұлдыз елді мекені таза ауыз сумен қамтылды

Түркістан облысы тұрғындарын сапалы инфрақұрылым жүйелерімен қамту жұмыстары жалғасуда. Түркістан облысындағы Бәйдібек ауданы Ағыбет ауылдық округіне қарасты Жұлдыз елді мекенінде магистральды ауыз су жүйесі пайдалануға берілді.

Салтанатты іс-шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиев қатысып, Жұлдыз ауылының тұрғындарын құттықтады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес, аудан көлемінде елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары жүйелі атқарылып жатқанын атап өтті.

Жаңа нысан арқылы Жұлдыз ауылындағы 65 тұрғын үй мен инфрақұрылым жүргізілген 39 жерге ауыз су жүйесі жеткізілді. Нәтижесінде, ауылдағы 367 тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылды.

Қазіргі таңда Бәйдібек ауданындағы елді мекендердің 100 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Аудандағы «Шаян – Жамбыл – Танатар» елді мекендерінің арасындағы магистральды су құбыры мен су тазарту қондырғысын қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Нысанды 2026 жылы аяқтау жоспарланған. Одан бөлек, 14 елді мекеннің Кеңестөбе, Амансай, Жыланды, Сарыбұлақ, Мыңбұлақ, Тұрақты, Жаңаталап, Ақтас, Кеңсай, Қошқарата, Теректі, Шалдар, Жарықбас, Алмалы елді мекендерінде ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал Жаңаталап, Жұлдыз елді мекендерінде ауыз су жүйелерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар биыл Боралдай, Ағыбет, Жамбыл, Түйетас елді мекендеріндегі ауыз су жүйелеріне қайта құру жұмыстарын бастауға облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Нысан құрылыстары 2026 жылға өтпелі.

Өңірде халық игілігіне бағытталған әлеуметтік маңызы бар жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Мәселен, Түркістан облысында 801 елді мекеннің 763 елді мекені (7 қала, 756 ауылдық елді мекен) ауыз сумен қамтамасыз етілген. Облыста ауыз сумен қамтамасыз етілмеген 38 ауылдық елді мекен (халық саны – 31,4 мың адам) қалып отыр.

Осы мақсатта 2025 жылға 30 елді мекеннің (Сарыағаш-9, Келес-13, Қазығұрт-1, Ордабасы-3, Отырар-2, Бәйдібек-2) құрылыс жұмыстарын жүргізуге бюджеттен 19,7 миллиард теңге (ҰҚ — 0,5 миллиард теңге, РБ — 1,5 миллиард теңге, ОБ — 4,6 миллиард теңге, СГФ — 13,1 миллиард теңге) бөлінді.

 Бүгінгі күнге, 10 айдың қорытындысына сәйкес, 21 елді мекенде (Сарыағаш-8, Келес-5, Ордабасы-3, Қазығұрт-1, Отырар-2, Бәйдібек-2) құрылыс жұмыстары аяқталды.

2025 жылдың қорытындысына сәйкес, облыстағы 801 елді мекенді (7 қала, 794 ауылдық елді мекен) 100% ауыз сумен қамту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар сумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы 14 903,0 шақырымды құрайды, оның ішінде 5 177,3 шақырым немесе 34,7% тозығы жеткен.

Тозығы жеткен су құбырларының тозу деңгейін төмендету мақсатында 2025 жылы бюджет есебінен 1 866,1 миллион теңге бөлініп, қорытындысына сәйкес, 9 елді мекендегі тозығы жеткен 247,1 шақырым су құбыры желілерін жаңарту жоспарланған. Нәтижесінде, тозығы жеткен су құбырларының ұзындығы 4 930,2 шақырымды құрап, тозу деңгейі 33,1%-ға төмендету жоспарланған.

Облыста ауыз сумен қамтылған бірнеше елді мекендерде жер асты суларының төмендеуінен, кермектілігі жоғары болуынан, су құбырларының тозуына байланысты, 192 елді мекенге (530,9 мың тұрғын) ауыз су кестемен берілуде. Соның ішінде, 121 елді мекендегі (354,8 мың тұрғын) оқшау су жүйелері аудан, қала әкімдіктерінің меншігінде болса, 71 елді мекендегі (176,1 мың тұрғын) топтық су жүйелері -министрлікке қарасты «Қазсушар» РМК-ның теңгерімінде. Аталған елді мекендерді тәулік бойы 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз ету үшін іс-шара жоспары бекітілді. 2025 жылы 30 елді мекеннің мәселесі шешіліп, тәулік бойы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. 

Бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес,әрбір елді мекеннің шешу жолдары қарастырылып, қажетті қаржылары есептеліп, жобаларды қаржыландыру үшін республикалық және облыстық бюджетке ұсынылған екен.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You