Түркістан облысының колледж студенттері халықаралық байқаудан жүлдемен оралды

Сонымен қатар Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Түркістан облысында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері мен өндірістік оқыту шеберлері арасында «Сhocolatine Кazakhstan–2025» халықаралық байқауы өтті.

Орта Азия елдерінен, атап айтқанда, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан 22 қатысушы бақ сынады. Үміткерлер екі модуль бойынша кондитерлік өнімдердің күрделі технологияларын орындады. Олардың жұмыстарын халықаралық кондитерлік қауымдастық сарапшылары бағалады.

Байқаудың қорытындысы бойынша Кіші жас санатындағы қатысушылар арасынан Бас жүлдені және Әлем чемпионатына жолдаманы Түркістан жоғары көпсалалы аграрлық колледжінің студенті Пернен Мұхаммедәлі, «Кәсіпқой» санаты бойынша Бас жүлде мен жолдаманы Астана қоғамдық тамақтану және сервис колледжінің студенті Махмұт Еркебұлан иеленді.

Байқауда үздік деп танылған жеңімпаздар 2026 жылы Францияда өтетін «Сhocolatine» және «Pain au Chocolat» Әлем чемпионатына қатысады.

Тағы бір атап өтерлігі, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Түркістан жоғары көпсалалы, аграрлық колледжінің «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығының 27 студенті Түркия Республикасының Анталия қаласында өндірістік тәжірибеден өтті. Өндірістік тәжірибе барысында студенттер теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, халықаралық деңгейдегі қонақүй және мейрамхана бизнесінің жұмыс жүйесімен танысты. Анталия қаласында өткен тәжірибе кезінде олар әйгілі қонақүйлер мен мейрамханаларда тағам дайындау, ас мәзірін жоспарлау, қызмет көрсету бағыттары бойынша тәжірибе алмасты.

«Бұл тәжірибе студенттерге кәсіби шеберліктерін арттыруға, шетелдік жұмыс ортасында тәжірибе жинақтауға және болашақ маман ретінде өз қабілеттерін шыңдауға үлкен мүмкіндік берді Қазіргі уақытта студенттердің құрылыс бағытында өндірістік тәжірибеден өтуі үшін Өзбекстанмен келіссөздер жүргізілуде», — дейді Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін интернационалдандыру стратегиясы аясында кадрларды даярлау сапасын арттыру, және отандық колледждерді жаһандық білім беру кеңестігіне енгізуге бағытталған халықаралық бастама жүзеге асырылуда. Оның аясында қазақстандық студенттер мен педагогтердің шетелдерде тағылымдама мен тәжірибеден өтуін қамтамасыз ету қарастырылған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You