
«Ең үздік олимпиадалық команда–2025»
Ауыл мектептері оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы қорытынды кезеңінде Түркістан облысының командасы «Ең үздік олимпиадалық команда–2025» атағына ие болды.
2025 жылдың 9–13 желтоқсан аралығында Астана қаласында өткен байқауға еліміздің барлық өңірінен 432 оқушы қатысты. Олимпиада 7 пән бойынша, екі турда ұйымдастырылды. Байқаудың басты мақсаты – ауыл оқушыларының әлеуетін ашу, дарынды жастарды қолдау және зияткерлік дамуына жағдай жасау.
Нәтижесінде қатысушылардың 45%-ы жеңімпаз және жүлдегер атанып, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің дипломдарымен марапатталды. Түркістан облысынан 28 оқушы қатысып, 24 оқушы жүлделі орын иеленді:
- I орын – 5;
- II орын – 6;
- III орын – 8;
- Мақтау қағазы – 5.
Бұл нәтиже ауыл мектебінің әлеуеті жоғары екенін, ұстаздар еңбегінің жемісті екенін дәлелдейді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді, сондай-ақ олардың жетекшілерін шын жүректен құттықтаймыз! Жастарға толағай табыс, биік белестер тілейміз!
Арыстық оқушы республикалық «Жұлдыз болғым келеді» І республикалық байқауында жеңімпаз атанды
Елордада Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен жетім балалар мен ата анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдауға арналып алғаш рет ұйымдастырылған «Жұлдыз болғым келеді» республикалық вокалдық байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Бұл шығармашылық жоба — жас таланттардың арманы мен дауысына қанат бітірудің жаңа алаңы.
Республикалық ән байқауында Түркістан облысы білім басқармасына қарасты «Т.Тәжібаев атындағы отбасылық үлгідегі балалар ауылы» КММ-нің тәрбиеленушісі, Арыс қаласындағы Достық мектебінің 11-ші сынып оқушысы Ерасыл Әмірұлы Өскенбаев 42 үміткер арасынан үздік өнер көрсетіп, «Жоғары санаттағы «Соло» номинациясы бойынша Гран при иеленді. Ерасылға Дубайға жолдама тарту етті.
«Көптеген қатысушы үшін бұл — үлкен сахнадағы алғашқы қадам, елордаға алғашқы сапар, арманына жету жолындағы маңызды белес. Біз жас таланттардың қабілетін ашуға, олардың жұлдызын жарқыратып, адамдарға қуаныш сыйлауға бағытталған бастамаларды әрқашан қуана-қуана қолдауға дайынбыз», — деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Өнерге бейімі жоғары бұл оқушы жан-жақты талантымен ерекшеленді. Сахна мәдениетін, өнерге деген қызығушылығын және орындаушылық қабілетін ұдайы дамытып келеді. Ән айту тағы басқа да шығармашылық жұмыстарда белсенділік танытып, түрлі мектепішілік және аудандық іс-шараларда үздік нәтижелер көрсетуде. Еңбексүйгіштігі мен жауапкершілігі оның өнер жолындағы жетістіктерін айқындай түседі.
Түркістандық «Келешек мектебі» оқушылары жасанды интеллект арқылы киім бөлшектерінің 3D моделін әзірлейді
Қазіргі заманғы білім беру үдерісінде цифрлық технологияларды тиімді қолдану оқушылардың шығармашылық қабілеттерін арттырумен қатар, нақты өндірістік дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осы мақсатта № 34 жалпы білім беретін мектебінде AI көмегімен 3D модельдеу және тігін шеберханасымен интеграцияланған жаңа оқу жобасы іске қосылды.
Жоба аясында оқушылар жасанды интеллектті пайдаланып киім бөлшектерінің 3D моделін әзірлейді. Арнайы бағдарламалар арқылы дайындалған сандық макеттер 3D принтерге жіберіліп, одан лекалолар мен трафареттер басып шығарылады. Бұл әдіс дәстүрлі лекало дайындау процесін жеңілдетіп қана қоймай, оны әлдеқайда дәл әрі тиімді етеді.
Алынған 3D трафареттер көркем еңбек сабағында үлгі ретінде қолданылады, оқушылар бұйымның құрылымын, пішімін және өлшемдік пропорцияларын тереңірек түсінеді. Кейін осы трафареттер тігін шеберханасына жіберіліп, оқушылар нақты матадан дайын бұйымдарды тігуге кіріседі.
Жоба мақсаты – цифрлық технологияларды тәжірибелік оқытумен байланыстыра отырып, оқушылардың дизайнерлік ойлауын, инженерлік дағдыларын және тігін ісіне қызығушылығын арттыру. Сонымен қатар, бұл тәсіл оқушыларды заманауи өндіріс стандарттарымен таныстырып, болашақ мамандықтарын саналы таңдауға ықпал етеді.
Бұл бастама болашақта мектептің «STEAM» бағытындағы мүмкіндіктерін кеңейтіп, оқушыларды жаңа технологиялармен жұмыс істеуге ынталандыратынына сенім мол.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
