
Түркістан облысының командасы АҚШ, Техас штаты, Хьюстон қаласында өткен робототехникадан әлем чемпионатында жүлделі марапатқа ие болды. Қазақстанның робототехника құрамасы “FIRST” әлем чемпионатында табысты өнер көрсетіп, 12 марапат жеңіп алып, оқушылардың жоғары дайындық деңгейін дәлелдеді. Жарыстар “George R. Brown Convention Center” алаңында өтіп, әлемнің түкпір-түкпірінен 50 000-нан астам қатысушыны біріктірді. Қазақстан атынан рекордтық 225 оқушыдан құралған делегация қатысты.
Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық командалар барлық санаттарда жоғары нәтижелер көрсетті. Бұл байқауда Түркістан облысынан барған командамыз «Unearthed» тақырыбы аясында археология бағытында тың идеялар мен инновациялық жобаларын ұсынып, жарыста 4 кезең бойынша сынға түсті:
Инновациялық жобалар «Innovation project»;
Роботтар ойыны «Robot Performance» 15 миссияны орындау;
Робот дизайнын;
«Robot Design» таныстыру;
Командалық негізгі құндылықтарын «Core Values» көрсетті.
Түркістан облысынан барған “Tolebi Daryn” командасы “FIRST LEGO League Challenge” (10-16 жас) категориясы бойынша әлемнің топ 5 қатарына еніп, “Champions Award” финалисті атанып, жүлделі II орынды жеңіп алды.
Түркістандық жас дарындар республикалық «ProEco» конкурсынан жеңіспен оралды
Тағы бір атап өтерлігі, Астанада 5-8-ші сынып оқушыларына арналған «ProEco» экологиялық жобалар конкурсы өтті. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен байқау мақсаты – экологияға қызығушылығы жоғары, зерттеу және сыни ойлау қабілеті дамыған оқушыларды қолдау.
Биыл конкурсқа 88 жоба бойынша еліміздің барлық өңірінен -105 оқушы бақтарын сынады. Жобалар 4 бағытта бағаланды:
«Туған өлке табиғаты»;
«Мені қоршаған әлем – ғажайып әлем»;
«Үздік экологиялық бастама»;
«Таза қала сізден басталады».
Жарыс қорытындысы бойынша облысымыздың намысын қорғаған оқушыларымыз жеңіс тұғырынан көрініп, медальға, ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың дипломына ие болды.
Атап айтсақ, Шалдарбек Ақнұр – Сарыағаш ауданының №4 мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының 8-сынып оқушысы, Бағыты: «Мені қоршаған әлем – ғажайып әлем», жетекшісі: Смайлова Жанерке Амангелдіқызы.
Қуатхан Оразалы – Сарыағаш ауданының №4 мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының 8-сынып оқушысы, Бағыты: «Таза қала сізден басталады», жетекшісі: Рахымбекова Сандуғаш Қанатқызы.
Жас табиғат жанашырлары экологиялық тың жобалар ұсынды
Орайы келгенде айта өтейік, Түркістан облысы білім басқармасы «Облыстық жас туристер станциясы» КММ-нің ұйымдастыруымен 5–10 сынып оқушылары арасында «Pro Eco» экологиялық жобалар байқауы жоғары деңгейде өткізілді. Байқаудың басты мақсаты – білім алушыларды табиғатты қорғау қызметіне кеңінен тарту, қоршаған ортаға бейжай қарамайтын, экологиялық мәселелерге қызығушылық танытатын, зерттеушілік қабілеті жоғары дарынды үйірмешілерді анықтау және оларға қолдау көрсету.
Аталған байқауға «Облыстық жас туристер станциясы» КММ-нің және оған қарасты қала, аудандық бөлімдердің белсенді үйірмешілері қатысып, өздерінің тың идеялары мен креативті жобаларын ұсынды.
Байқау үш номинация бойынша ұйымдастырылды:
«Туған өлке табиғаты» – виртуалды саяхат бойынша қатысушылар туған жердің табиғи ерекшеліктерін таныстырып, көркем әрі мазмұнды виртуалды экскурсиялар әзірледі.
«Үздік экологиялық бастама» – экодизайнерлер байқауы
Бұл бағытта оқушылар қайта өңдеу, қалдықтарды тиімді пайдалану арқылы жасалған тың экодизайн жобаларын ұсынып, өздерінің шығармашылық әлеуетін көрсетті.
«Таза қала сізден басталады»
Қоршаған ортаны таза ұстау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы нақты бастамалар мен әлеуметтік жобалар таныстырылды. Байқау барысында қатысушылар табиғатты қорғауға бағытталған өзекті ұсыныстарымен бөлісіп, экологиялық жауапкершіліктің маңыздылығын айқын көрсетті. «Pro Eco» байқауы жас ұрпақтың экологиялық санасын қалыптастырып қана қоймай, олардың табиғатқа деген жанашыр көзқарасын арттыруға ықпал ететін маңызды алаңға айналды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
