
Түркістан шаһарында балаларға арналған қалалық оңалту орталығының ашылу салтанаты өтті. Маңызды нысанның ашылу салтанатына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, орталықтың ашылуына атсалысқандарға алғыс білдірді. Сондай-ақ осындай игі жобалардың жүзеге асуы – қоғамның бірлесіп атқарған жұмысының жемісі екенін атап өтті.
– Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың құқығын қорғау, оларға қолайлы жағдай жасау мәселесіне үнемі назар аударып келеді. Бұл бастамалар балалардың құқықтары, қауіпсіздігін, әлеуметтік-психикалық дамуы, өмір сүру жағдайы мен денсаулық көрсеткіштерін жақсарту мәселелерін кешенді қамтамасыз етуге арналған. Балалар – біздің болашағымыз. Олардың денсаулығы мықты, мүмкіндіктері кең, өмір сапасы жоғары болуы – мемлекет үшін басты міндет. Сондықтан да бүгін іске қосылып отырған орталық, ең алдымен, ата-аналарға үміт сыйлайтын, балаларға жаңа мүмкіндік беретін маңызды мекеме болмақ. Мұнда балалар заманауи әдістермен ем алып, жоғары білікті мамандардың қолдауына ие болады, – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев.
Ал облыс әкімі Нұралхан Көшеров жұртшылықты келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Түркістан өңірінің денсаулық сақтау саласында маңызды жобалар жалғасатынын жеткізді.
– Бүгін балаларға арналған қалалық оңалту орталығы ашылуда. Бұл – балаларымыздың денсаулығын жақсартуға, олардың даму мүмкіндіктерін кеңейтуге және өмір сапасын арттыруға бағытталған үлкен қадам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деген болатын. Біздің ең басты мақсатымыз – облыстағы әрбір баланың бақытты өмір сүріп, сапалы медициналық қолдауға қол жеткізуіне мүмкіндік жасау, – деген Нұралхан Оралбайұлы осы маңызды нысанды салуға демеушілік көрсеткен «YDA HOLDING» компаниясына алғысын жеткізді.
Мұнан соң «YDA Group.KZ» компаниясының бас директоры Онур Кыроглу да құттықтау сөз сөйледі. Бұл нысан Кираз Арслан мен Яшар Деде Арсланның құрметіне YDA компаниясы тарапынан салынып, Түркістан облысына сыйға тартылып отыр.
Жобаның құны 2,7 миллиард теңгені құрайды. Ғимараттың жалпы аумағы 1,56 гектарды құрайды. Ғимараттың жалпы ауданы – 2 227,41 шаршы метр. Оңалту орталығы 40 тәуліктік және 20 амбулаторлы емханалық көмек көрсетеді. Жаңа орталық заманауи талаптарға сай жабдықталған және толық кешенді оңалту көмегін ұсынуға қауқарлы. Атап айтқанда, ортопедиялық және нейрохирургиялық оталардан кейінгі кезең, неврологиялық ауытқулар, кардиохирургиялық оталардан кейінгі кезең, орфандық ауруларды емдеуге арналған. Бұл – тек Түркістан қаласына ғана емес, бүкіл облыс балаларына арналған орталық.
Айта кетейік, Түркістан облысында 0-14 жас аралығында 774 мыңнан астам бала бар. Соңғы жылдары Түркістан облысы еліміздің ең серпінді дамып келе жатқан өңірлерінің біріне айналды. Өңірде соңғы 5 жылда 300-ден астам жаңа әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Бүгінде облыста 4 балаларды оңалту орталығы және 3 «Қамқорлық» орталығы жұмыс істейді. Биылдың өзінде 14 153 балаға оңалту көмегі көрсетілді.
Айтпақшы, бұдан бөлек Түркістан қаласында 570 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүргізілуде. Бұл жоба да түркиялық «YDA Group» компаниясының жеке бастамасы негізінде іске асырылып жатыр.
Түркістан облысына ресми іс-сапары барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге облыс орталығында салынып жатқан әлеуметтік нысанның құрылыс алаңында болып, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады. Мердігер компанияның өкілдерімен кездесті. Жобаға қатысты мәселелер мен жоспарды пысықтады.
Қанат Бозымбаев жобаның стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауды және барлық инженерлік инфрақұрылымды толық аяқтауды тапсырды.
Облыс басшысы Нұралхан Көшеров заманауи медициналық жабдықтармен қамту және кадр мәселесін алдын ала шешу қажет екенін атап өтті. Болашақта аурухана жоғары технологиялы емдеу қызметін ұсынатын аймақтық орталыққа айналуы тиіс. Осыған сәйкес, мамандар даярлау, қызмет сапасын арттыру, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін күшейту бағытында нақты жоспар әзірлеу қажеттігі айтылды.
Заманауи нысан 15,6 гектар аумақта бой көтерген. 7 қабатты ғимараттың жалпы ауданы – 83 277 шаршы метр. Нысанды келесі жылы пайдалануға беру жоспарланған. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 87 пайызы аяқталған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
