Түркістан шаһарында Отбасы күні қарсаңында отбасын қолдау саласы бойынша мамандарға арналған оқыту-семинар өтеді

Отбасы күні қарсаңында Түркістан қаласына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі, «Отбасын қолдау орталықтарының қызметін жетілдіру жөніндегі жобалық кеңсенің» басшысы Фарида Сағындық пен БҰҰ Балалар қорының Балаларды қорғау жөніндегі үйлестірушісі Азамат Жаманчинов жұмыс сапарымен келді.

Екі күндік іссапардың бірінші күні аясында делегация Түркістан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жұмысымен танысты. Орталықтың отбасылық құндылықтарды нығайту және әлеуметтік қолдау көрсету бағытында атқарып жатқан жұмыстар барысымен танысып, қызметкерлермен кездесу өткізді.

Министрлік өкілдері отбасылық және әлеуметтік мәселелермен айналысатын мобильдік топ мүшелеріне арналған кезең-кезеңімен оқыту-семинарлар ұйымдастырып, теориялық және практикалық бағытта салааралық өзара іс-қимылды тиімді жетілдіру жолдарын қарастырмақ.

Оқыту-семинарына жалпы саны 300-ге жуық маман қатысады деп жоспарланған. Олардың әрқайсысы өз салаларында отбасын қолдау қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған тәжірибелермен алмасып, кәсіби құзыреттерін жетілдіруге мүмкіндік алады.

Айта кетейік, Түркістан қаласында Отбасын қолдау орталығы қала тұрғындарына әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсететін арнайы орталықтар жұмыс атқарады.

Осы ретте қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының құттықтауын назарларыңызға ұсына кетсек. «Сіздерді 15 мамыр – Халықаралық отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

Бұл ерекше күн – қоғамның ең басты тірегі саналатын отбасының маңызын айқындайтын, адам өміріндегі мейірім мен жылулықтың, бірлік пен татулықтың символы. Отбасы – әрбір адамның тұлға ретінде қалыптасуына негіз болатын алғашқы мектеп, ал оның берекесі – елдің жарқын болашағының кепілі.

1993 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бұл күнді ресми түрде бекітіп, 1994 жылдан бастап әлем жұртшылығы жыл сайын кең көлемде атап өтуде.

Осы мерекелі күні әрбір шаңыраққа амандық, ырыс пен ынтымақ тілейміз. Отбастарыңызда әрдайым махаббат пен өзара түсіністік салтанат құрсын!» делінген қала басшысының құттықтауында.

Иә, расында да, 1993 жылы 20 қыркүйекте  Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен 15 мамыр – Халықаралық отбасы күні деп бекітілген болатын. Ал Отбасы күні 1994 жылы алғаш рет аталып өтілді. Бұл күнді белгілеудің себебі, түрлі мемлекетте қоғамның назарын отбасы құндылығына аудару қажеттігінен туындаған.

Отбасы – махаббат пен мейірімнің, құрмет пен сыйластықтың ошағы. Отбасы – біздің қоғамда әрқашан да рухани және мәдени дәстүрлердің сақтаушысы. Қазақта «Отан отбасынан басталады» деген ұлағатты сөз бар. Мемлекеттің дамуында, қоғамның қалыптасуында отбасының, ұрпақ тәрбиесінің маңызы зор. Сондықтан бұл күннің де ерекшелігі осында. Отбасылық құндылықтар мен Отбасы институтының маңызын Мемлекет басшысы да жіті түсініп, оны нығайтудағы саясатты қолдайды.

«Отбасы институты еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды «Адал азаматқа» тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады. Әр отбасының әл-ауқатын жақсарту – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы негізгі міндеттің бірі», – деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстанда отбасы институтын қолдау және дамыту бойынша заң актілері мен мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Отбасын, ана мен баланы қорғау – мемлекеттің бақылауында. Қазақстанда отбасылық құндылықтарды нығайту, отбасының басым моделін ілгерілету, бала тууды көбейту, барлық қоғамдық салаларда гендерлік теңдікті дамыту – республикадағы отбасы саясатының негізгі құрамдас бөлігі.

2011 жылы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекс қабылданды. Кодекс отбасылық қатынастарды реттейді, ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттерін, қамқоршылық пен қорғаншылық мәселелерін белгілейді, отбасылық қатынастарға қатысты негізгі ұғымдарды нақтылайды. Кодексте тек мемлекеттік органдарда тіркелген неке заңды болып саналады. Ал қалған түрі – некесіз бірге тұру және діни жоралар бойынша қиылған некенің елімізде заңды күші жоқ және жоққа шығарылады. Бұдан шығатын қорытынды, мұндай отбасында туған балалар және ажырасқаннан кейін мүлікке заңды құқығына қатысты мәселелер ең осал. Сонымен қатар Қазақстандағы ресми статистика тіркелмеген некеде дүниеге келген балалардың есебін жүргізбейді. 

Қазақстандық отбасылар туралы Ұлттық баяндама осыдан бірер жыл бұрын Қазақстандық қоғамдық даму институты арқылы жүргізілген. Көлемді зерттеуге сәйкес, көпбалалы отбасындағы ауызбіршіліктің басты себебі жұбайлар арасындағы махаббат, өзара түсіністік пен келісім екені анық болған. Ал материалдық игілік пен бала туу көрсеткіші аз пайызды құраған. 

Сонымен қатар бізде Отбасы институтын зерттеу орталығы да бар. Ал оның жұмысы бірнеше бағытқа бөлінген.

Орталық бірнеше әдістемелік құралдарды әзірледі: тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтарының үздік практикалары бойынша; жастарды отбасылық өмірге дайындау бойынша; агрессорлармен жұмыс бойынша; тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау жөніндегі ақпараттық анықтамалық-нұсқаулық. Біздің орталықтың қызметі қоғамдық отбасы институтын нығайтуға, отбасылық құндылықтарды, отбасы мен некенің маңыздылығын қолдауға және дамытуға бағытталған. Өйткені отбасын құрып қана қоймай, сенім, шыдамдылық, түсіністік пен өзара қолдауға негізделген бүкіл әлемді қалыптастыру маңызды, – дейді Отбасы институтын зерттеу орталығының жетекшісі Айгүл Рақышева.

Отбасы жайлы сөз болғанда, отбасылық денсаулық туралы да айта кеткен жөн. Себебі дамыған елдерде отбасылық денсаулық жай ең бірінші кезекте. Еуропа елдерінде жыныстық және репродуктивті денсаулықты қорғау жөніндегі шараларды іске асыру мақсатында ДДҰ «Еуропада 2030 жылға дейінгі кезеңге тұрақты даму саласындағы күн тәртібін орындауды қолдау үшін жыныстық және репродуктивті денсаулықты қорғау жөніндегі іс-қимыл жоспары – ешкімді назардан тыс қалдырмау» жоспары әзірленіп, іске асырылып отыр. 

Іс-қимыл жоспары шеңберінде ЕО-ға мүше 33 мемлекет (85%) сауалнамаға қатысқандардың 39-ы гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі ұлттық стратегияларды әзірлеп, іске асыруда. Сондай-ақ 33 мүше мемлекетте ұлттық нормативтік құжаттар бар, ал 35 мүше мемлекетте (90%) гендерлік зорлық-зомбылық проблемасына қарсы күрестің әртүрлі аспектілерін көрсететін ұлттық хаттамалар немесе басшылықтар бар. 24 ел (62%) зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге қызмет көрсететін медицина мамандары арасында іскерлікті, дағдыларды дамыту және көзқарастарды қалыптастыру бойынша оқу бағдарламасын әзірледі. 

Ал сарапшы А. Рақышеваның пікірінше, бізде балалы болу мәселесі отбасы құндылықтары тақырыбындағы ең өзекті дүние саналады.

Бүгінгі таңда Қазақстанда отбасылық саясат мемлекеттің басты басымдығы және отбасын нығайту мен қазақстандықтардың әл-ауқаты бойынша жүйелі және кешенді жұмыс жолға қойылған. Көпбалалы отбасылардың жағдайы мен дамуын зерттеу бойынша әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, көпбалалы қазақстандық ата-аналардың көпшілігі отбасын өмірдің мәні деп санайды. Респонденттердің 75,1% осындай жауап берді, – дейді ол.

Осы ретте Халықаралық отбасы күніне орай «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларындағы тіркелген некелер мен дүниеге келген сәбилер саны бойынша еліміздің үздік 5 өңірінің көрсеткішін ұсынады.

Жылдың алғашқы төрт айында Қазақстанда 144 234 сәби дүниеге келіп, 36 818 жұп некеге тұрған.

Туу туралы тіркеулер көрсеткішінің алғашқы бестігі:

  1. Түркістан облысы – 17 643 нәресте (жалпы санның 12,2%).
  2. Алматы қаласы – 16 914 (11,7%).
  3. Астана қаласы – 14 134 (9,8%).
  4. Алматы облысы – 12 121 (8,4%).
  5. Шымкент қаласы – 11 645 (8,1%).

Тіркелген некелер саны бойынша алғашқы бестік:

  1. Алматы қаласы – 5 731 неке (жалпы санның 15,6 %).
  2. Астана қаласы – 4 005 (10,9%).
  3. Түркістан облысы – 2 919 (7,9%).
  4. Алматы облысы – 2 424 (6,6%).
  5. Шымкент қаласы – 2 356 (6,4%).

          Айта кетейік, Жамбыл облысында 2025 жылдың 4 айында 7094  сәби дүниеге келіп, 1562 неке мемлекеттік тіркеуден өткен.

Ресми мәліметтерге сәйкес, жыл басынан бері азаматтық хал актілерінің тіркелуі бойынша сәуір айы көш бастап тұр. Тіркеу бөлімдері бұл айда 37 812 туу туралы және 10 190 неке туралы куәлік берген.

Түркістанда жаңа перзентхана салынады

Орайы келгенде сүйінші жаңалықпен бөліскенді жөн санап отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Абу Дабидің тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның келіссөздері аяқталған соң, екіжақты құжаттарға қол қою рәсімі өтті. Солардың бірі – Түркістанда перзентхана салу туралы келісім.

Түркістан облысы әкімдігі мен Абу Даби даму қоры арасында Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян атындағы перзентхананың құрылысын салу және қаржыландыру жөнінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Сонымен қатар, құжат алмасу рәсімінде Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктері Үкіметі арасында жел электр станциясы жобасын іске асыру жөніндегі келісімнің ратификацияланғаны жарияланды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You