![]()
Тұрғындардан келіп түскен өтініштерді уақытылы қарап, көтерілген мәселелердің нақты шешімін қамтамасыз ету – Түркістан қаласы әкімдігінің жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі. Осы бағыттағы жұмыстардың орындалу барысы — тұрақты бақылауда.
Түркістан қаласы әкімі аппаратының басшысы Қуаныш Әлібековтің төрағалығымен өткен кезекті жұмыс мәжілісінде қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының тұрғындармен көшпелі кездесулерінде берген тапсырмалары мен азаматтар тарапынан көтерілген мәселелердің орындалуы талқыланды. Жиында әрбір тапсырманың қазіргі жағдайы сараланып, атқарылған жұмыстардың нәтижесі қаралды. Атап айтқанда, толық орындалған тапсырмалармен қатар, заң талаптарына сәйкес түсіндірме берілген мәселелер және шешімі белгілі бір мерзімді қажет ететін, бақылауда тұрған жұмыстардың барысы талданды.
Тұрғындармен көшпелі кездесулердің ерекшелігі – мәселені тек кабинетте қарап қана қоймай, оның нақты жағдайын сол жерде зерделеп, жауапты сала мамандарына нақты міндет жүктеу. Сондықтан мұндай тапсырмалардың сапалы орындалуы халықпен кері байланыстың тиімділігін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі. Жұмыс мәжілісінде тұрғындардың өтініштеріне формалды түрде жауап бермей, әр мәселенің мән-жайын жан-жақты зерделеу қажеттігі атап өтілді. Сонымен бірге азаматтарға қабылданған шешімдер мен атқарылған жұмыстар туралы нақты ақпарат беріп, кері байланысты күшейтуге басымдық беру тапсырылды.
Қала әкімінің тапсырмаларын орындау барысында жауапты бөлімдер мен мекемелердің өзара үйлесімді жұмысының маңызы да атап өтілді. Әсіресе, бірнеше саланың бірлесіп әрекет етуін қажет ететін мәселелер бойынша жұмысты созбалаңға салмай, нақты нәтижеге бағыттау қажеттігі айтылды. Жиын қорытындысында жауапты бөлімдер мен мекеме басшыларына қала әкімі жүктеген тапсырмаларды белгіленген мерзімде әрі сапалы орындау, орындаушылық тәртіпті күшейту тапсырылды.
Тұрғындардың өтінішін тыңдау – жұмыстың алғашқы қадамы. Ең маңыздысы – көтерілген мәселенің шешімін тауып, оның нәтижесін халыққа көрсету. Осы қағидатқа сәйкес қала әкімдігінің жауапты құрылымдарына тапсырмалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстап, әрбір мәселенің түпкілікті шешілуіне басымдық беру міндеті жүктелді.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
