![]()
Бүгін Түркістан қаласында «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбында педагог қызметкерлердің Тамыз кеңесі өтті. Дәстүрлі жиын жаңа оқу жылына дайындықты пысықтап қана қоймай, білім сапасын арттырудың алдағы басым бағыттарын айқындауға арналды.
Кеңеске Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Ғалымжан Қалдыкөзұлы Орынов, қалалық білім бөлімінің өкілдері, мектеп директорлары мен педагогтер, құқық қорғау және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, салалық кәсіподақ мүшелері қатысты.
Жиында өткен оқу жылының қорытындысы сараланып, білім беру ұйымдарының нәтижелері мен жаңа оқу жылындағы міндеттер талқыланды. Сонымен қатар педагогтердің кәсіби дамуы, тәжірибе алмасуы, заманауи білім беру тәсілдерін енгізу және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударылды.
Түркістан қаласында бүгінде 84 мектепте 60 мыңнан астам оқушы білім алады. Биыл 5 500-ден астам бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Қаладағы мектептердің басым бөлігі жекеменшік білім беру ұйымдары болса, мемлекеттік және облыстық мектептер де білім беру жүйесінің негізгі бөлігін құрайды. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласында 160 балабақша жұмыс істеп, онда 18 мыңнан астам бала тәрбиеленуде.
Өткен оқу жылындағы көрсеткіштер де көңіл қуантады. 3 мыңнан астам түлек мектеп тәмамдап, олардың басым бөлігі ҰБТ-ға қатысты. Түлектердің 53,1 пайызы мемлекеттік білім грантын иеленді. «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегерлері де көбейді. Оқушылардың олимпиадалар мен ғылыми байқаулардағы жетістіктері білім сапасының маңызды көрсеткіштерінің бірі ретінде атап өтілді.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы ұстаздар еңбегінің білім нәтижесіндегі шешуші рөліне тоқталып, алдағы міндеттерді нақтылады.
«Жақсы ғимарат пен заманауи құралдың өзі білім сапасын өздігінен көтермейді. Негізгі нәтиже – ұстаздың біліміне, мектеп басшысының жұмысына және балаға деген жауапкершілікке байланысты», – деді қала әкімі.
Оның айтуынша, жаңа оқу жылында баланың қауіпсіздігіне, білім сапасына, академиялық адалдыққа және әр мектептің нақты нәтижесіне басымдық беріледі. Негізгі мақсат – статистикалық көрсеткіштерге ғана ұмтылу емес, өмірде өз орнын таба алатын білімді әрі тәрбиелі ұрпақ қалыптастыру.
Бұл міндеттер облыс көлеміндегі ауқымды жұмыстармен сабақтасып отыр. Өңірде білім инфрақұрылымын жаңғырту бағытында 2024-2025 жылдары 29 жайлы мектеп іске қосылған. Облыстық бюджет есебінен тағы 13 білім ордасы салынуда. 2027-2029 жылдары жобалық қуаты 16 830 оқушы орны болатын 58 қосымша білім беру нысанын іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар күрделі жөндеу мен жаңғыртуды қажет ететін 115 мектеп реновациядан өткізілуде.
Цифрландыру мен жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізу де күн тәртібіндегі маңызды бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында алдағы үш жылға қажетті қаржы қарастырылып, 145 шағын жинақты мектепті заманауи цифрлық жабдықтармен қамту көзделген. Бұл қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасы алшақтығын азайтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда Түркістан облысында 1 106 мектеп, 1 441 мектепке дейінгі ұйым, 43 колледж, 42 қосымша білім беру мекемесі және 40 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді. Бұл ауқымды жүйенің басты тірегі – кәсіби педагогтер.
Тамыз кеңесі соңында оқу жылында елеулі нәтижелерге қол жеткізген ұстаздарға Оқу-ағарту министрлігінің, облыстық білім басқармасының және Түркістан қаласы әкімінің марапаттары табысталды. Облыстық жиын аясында білім саласының үздіктеріне «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдері, «Ыбырай Алтынсарин» және «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгілері табысталды.
Жаңа оқу жылы қарсаңындағы бұл жиын ұстаз еңбегін бағалап қана қоймай, білім сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған ортақ міндеттерді айқындаған маңызды алаңға айналды.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
