«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ҰЛТТЫҚ ЖОБАСЫ БОЙЫНША САЛЫНАТЫН БІЛІМ ОШАҚТАРЫНЫҢ ЖАРТЫСЫНА ЖУЫҒЫ АУЫЛДЫҚ ЖЕРЛЕРДЕ ОРНАЛАСАДЫ

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба оқушы орындарының тапшылығы, апатты мектептер және үш ауысымды оқыту мәселелерін шешуге бағытталған», — деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
 Жоба бойынша 2024-2025 жылдары барлығы 740 мың оқушы орнына арналған 369 мектеп салу жоспарлануда. Негізгі басымдық қала мен ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған. Осылайша, салынған білім нысандарының жартысына жуығы ауылдық жерлерде орналасады.
 Үкімет отырысында баяндама жасаған салалық ведомство басшысы жаңа форматтағы мектептерде бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылатынын атап өтті. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың кедергісіз жүріп-тұруына мүмкіндік жасалады. Оқу орындарын жобалау кезінде кіре беріс, жеделсаты, баспалдақ, оқу сыныбы, жуынатын бөлме және т.б. ескеріледі.
 Заманауи техникалық құрал-жабдықтар орнатылып, қауіпсіздік шараларын арттыруға ерекше назар аударылады. Атап айтқанда: ЖБО-ға қосылған цифрлық бейнебақылау, дабыл түймесі және дыбыстық хабарлау, есіктер мен блоктарды автоматты түрде құлыптау, лицензияланған күзет және т.б.
«Қазіргі уақытта министрлік жайлы мектептер үшін кадрлық резерв жасақтауда. «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы бойынша директорлар корпусына 208 адам резервке алынды. Педагогтар базасы жасалып жатыр. Еліміздің жетекші мектептерінің тәжірибесі бойынша оқу процесінің мазмұнын трансформациялаудың жаңа моделі әзірленуде», — деп атап өтті Ғани Бейсембаев.
 Айта кетейік, бүгінде 217 жайлы мектептің құрылысы басталды. Жоба үш тетік арқылы жүзеге асырылады: бірыңғай оператор арқылы нысаналы құрылыс жүргізу, дайын ғимараттарды жеке инвесторлардан сатып алу, сондай-ақ мемлекеттік-жеке меншік серіктестік шеңберінде.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin