Келестегі N4 Ж.Баласағұн атындағы жалпы орта мектебінің химия пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Нұрболат Бекқұлов химияны кестелеп оқыту әдісін қолданады. Білікті педагог бұл әдіс туралы мұғалімдерге арналған әдістемелік құрал да шығарған.
— Оқушылардың білім сапасын арттыру мақсатында химия пәнін кесте түрінде ықшамдап жасап шықтық. Бұл пәнді оқытудағы қиын тақырыптарды оқушылардың меңгеруіне мүмкіндік береді әрі шәкірттердің пәнге қызығушылығын, ізденімпаздығын арттырып, қабілеттерін жетілдіре түседі. Сонымен қоса, кесте арқылы оқыту уақытты үнемдеу және оқушыларды үнемі жаттықтыру арқылы жаңа материалды тез игеруге жол ашады. Әдістемелік көмекші құралда тақырыптарды кестелермен бір жүйеге келтірудегі мақсат — оқушылардың есте сақтау қабілеттін арттыру,-дейді химия пәнінің мұғалімі.
Химия пәнін кесте түрінде оқыту атты әдістемелік құралда әр тақырып бір кестеге ықшамдалып берілген. Жалпы саны 77 кестені қамтитын оқу құралы “Жалпы және бейорганикалық химия”, “Органикалық химия” деп аталатын үлкен 2 бөлімнен тұрады.
Білікті ұстаз қазіргі таңда химиядан жаттығулар мен есептер жиынтығын құрастыруда. Онда түрлі деңгейдегі 150 тапсырма қамту жоспарланған. Бұл жинақ алдағы уақытта химияға қызығушылық танытқан барлық жастарға көмекші құрал болмақ.
Айта кету керек Нұрболат Бекжігітұлы 10 жылдан аса білім беру саласында елеулі еңбек етеді. Ізденімпаз ұстаздың шәкірттері облыстық, республикалық байқауларда да топ жарып жүр.