
Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Әсілі, мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін мейірімді абзал жандар. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді.
04 қазан күні Кентау қаласының адами әлеуетті дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында ұстаздар қауымының төл мерекесі аталып өтілді.
Кентау қаласының әкімі Тасов Жандос Қалмырзаұлы, Кентау қаласының адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Жұмабаев Баянғали Абдрахманұлы, «Аманат» партиясы Кентау қалалық филиалының атқарушы хатшысы Басаров Арман Амангелдіұлы білім беру саласын дамытуға қосқан мол үлесі мен педагогикалық қызметте шығармашылық табыстарға қол жеткізіп, біліктілік танытқан педагогтарды төл мерекелерімен құттықтап, алғыс хаттармен марапаттады.
Салтанатты жиында ұстаздарды төл мерекесімен Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымы Қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шайдулла Жандос мырза құттықтап, өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкірт бойына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздарға Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының Алғыс хаты, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымы Қоғамдық бірлестігінің Грамотасы, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің “Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер” төсбелгілерін тапсырды.
Құрметті ұстаздар марапаттарыңыз құтты болсын! Саналы шәкірт тәрбиелеуде шығармашылық жетістікке жете беріңіздер!