М.ӘЙТЕНОВ ҰСТАЗДАРДЫ КӘСІБИ МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Елімізде қазанның алғашқы жексенбісі — ұстаздардың кәсіби мерекесі. Осы айтулы мерекеге орай Шымкент қаласының опера және балет театрында «Жарық нұры ғаламның…» атты салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов ұстаздарға алғысын білдіріп, кәсіби мерекемен құттықтады.

—Мәртебелі мұғалімдер! Әлемдегі ең асыл, ең сыйлы мамандық — мұғалімдік. Қазақ халқының дәстүрінде де ұстаздың орны бөлек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей тапсырмасымен елімізде алғаш рет «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданып, ұстаздар қауымының қоғамдағы абырой-беделі артып, әлеуметтік тұрғыда қорғала түсті, —деген қала басшысы білім беру саласы — қаланың жүйе құраушы саласы екенін атап өтті.

—Қаламыздағы 871 білім беру ұйымы 440 мыңға жуық тәрбиеленуші, оқушы мен студентті қамтиды. Яғни, қаламыздағы әрбір үшінші адамның білім жүйесіне қатысы бар. Сондықтан мұғалімдердің қала экономикасындағы орны да ерекше әрі маңызды. Сіздер балаларға өмір бойы өздерімен бірге алып жүретін, болашағын және шынайы өмір жолына қажетті баға жетпес байлық — білім бересіздер. Сіздердің арқаларыңызда Шымкент қаласының оқушылары халықаралық және республикалық пәндік білім сайыстарынан 10 алтын, 17 күміс, 33 қола жүлдені жеңіп алды. 200-ден астам оқушы жүлделі орындарды иеленді, —деді М. Әйтенов.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, шаһарда «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы аясында білім инфрақұрылымы дамып келеді. Атап айтқанда, 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамтылуы 89%, 3-6 жастағы балаларды қамтылуы 100 пайыз. Қаланың демографиялық өсіміне байланысты 2025 жылға дейін тағы 105 балабақшаны іске қосу жоспарланып отыр.

Мектеп оқушыларының саны да жылдан жылға өсуде. Соңғы бес жылда 106 мыңнан 245 мың оқушыға немесе 2,3 есеге артқан. Алдағы 5 жылда 315 мыңға жететіні болжанған.

—Қаламызда 2021-2025 жыл аралығында 101 мектеп салу жоспарланған. Соңғы екі жылда 58 мектеп пайдалануға берілді. Оның ішінде 50 мектеп жеке инвесторлар есебінен. Алдағы уақытта тағы да 25 мектеп салуға ұсыныстарын білдіруде. Ал, «Жайлы мектеп» жобасы бойынша Шымкент қаласында 2025 жылға дейін 32 мектеп салу жоспарланып отыр, —деді қала әкімі өз сөзінде.

Мерекелік жиын барысында Мұрат Әйтенов ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосқан 20-дан аса ұстазға «Еңбек ардагері», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі және Оқу-Ағарту министрінің «Құрмет граммотасын» табыстап, алғыс хатпен марапаттады.

Салатанатты жиын опера және балет театры өнерпаздарының «Аршын Малалан» комедиясына ұласты.

 

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.