Олжас Бектенов: «Біз батыл әрекет ететін Үкімет боламыз»

Премьер-Министр Олжас Бектенов Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырмаларды іске асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Кеңес кезінде Үкімет басшысы қаржы-экономикалық блок министрлерінің баяндамасын тыңдап, бюджетке ревизия жасауды тапсырды. 

«Қаржы министрлігі 10 күн ішінде республикалық бюджетке және бір ай ішінде жергілікті бюджеттердің барлығына ревизия жүргізіп, аса маңызы жоқ шығыстарды айтарлықтай қысқартуы тиіс. Ешкім де ақшаны орынсыз шашпауы керек», — деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Премьер-Министр Олжас Бектенов Президент тапсырмаларын іске асыруға арналған кеңесте министрлерді қағазбастылықтан арылуға шақырды.

«Біз батыл әрекет ететін Үкімет боламыз. Бізге өсу қарқынын тиімді ұлғайтып, экономиканы белсендірек әртараптандыруға, инвестиция тартып, барлық міндеттерді шешуге қажетті өкілеттіктердің бәрі берілді», — деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы формализм мен бюрократияны жоя отырып, стереотиптерден арылу қажеттігін айтты.

«Министрлер өз бетінше шешім қабылдай білуге тиіс, салалық мәселелерді өз деңгейінде жедел шешулері қажет. Жұмыс қарқыны жоғары, талап қатаң болатынын әркім түсінуі тиіс», — деп қорытындылады Премьер-Министр.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin