![]()
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде жиынға Туды өрттен алып шыққан түркістандық Мұхамед Қансейітті арнайы шақырғанын айтты.
Түркістан облысы, Сайрам ауданының тұрғыны Мұхамед Қансейіт Халықты жұмыспен қамту орталығында болған өрт кезінде мемлекеттік Ту жанып кетпеуі үшін шатырға шыққан болатын. Осылайша Туды өрттен алып қалған. Оның жасаған әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыланып, жұртшылықтың назарын аударып, тәнті еткен еді.
Салтанатты жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхамед Қансейіттің бұл ісін көпке үлгі ретінде көрсетті.
– Бүгінгі салтанатты жиынға түркістандық Мұхамед Қансейітті арнайы шақырдым. Ол қауіп-қатерге қарамастан, Туымызды және Елтаңбамызды өрттен алып шықты. Осындай азаматтардың арқасында біздің мемлекеттілігіміздің тұғыры нығая түседі. Біз оларды жастарға үлгі-өнеге етуіміз керек. Отаншылдық ұрандаған сөзден емес, нақты істен көрінеді, — деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, елордада өткен салтанатты шарада Мұхамед Қансейіт «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. 26 жастағы жерлесіміз өз сөзінде әрбір Қазақстан Республикасының азаматы Туды, Елтаңбаны әрдайым жоғарыда биіктерден көрсетіп жүруге міндетті санайтынын айтты.
