
Сарыағаш ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «ҰСТАЗ ЖОЛЫ — ҰЛЫ ЖОЛ» атты ұстаздар мерекесі аталып өтілді. Іс-шара ұстаздарға арналған керемет концерттік бағдарламамен бастау алып, әдемі ән де, би де шырқалып, арнаулар айтылды.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп данышпан Абай айтқандай, ерінбей, жалықпай еткен еңбегінің арқасында шәкірттерінің жүрегіне жол таба білген мұғалім ғана нағыз ұстаз бола алады.
Сарыағаш ауданының әкімі М.Отаршиев, кәсіподақ комитетінің төрағасы Ә.Тастанбеков және адами әлеуетті дамыту бөлімінің міндетін қоса атқарушы Д.Акатов құрметпен шақырылған, ауданымыздың педагогикалық саласында бірнеше жыл еңбек етіп, абыроймен зейнетке шыққан ардагер ұстаздар мен тәжірибелі, жетістігі мол, оқушы жүрегінен жол тауып, көпшілік көңілінен шығып жүрген ұстаздарға Алғыс хаттар, сыйлықтар және гүл шоқтарын табыстады. «Мағжан Жұмабаев «Алты алаштың баласы бас қосқанда, төрдегі орын – ұстаздыкі» демекші біздер үшін сіздер қашанда тұғырларыңыз биік тұлғасыздар, бас иеміз!» -деп аудан әкімінің құттықтауы мұғалім жүрегінен жол тапты. «Өз тарапымнан Сіздерге мықты денсаулық, қайратты қарттық, еңбектеріңіздің зейнетін, балаларыңыздың рахатын көріп жүре берулеріңізге тілекшіміз, қамқоршымыз!» -деп Ә.Тастанбеков ағамыз да өзінің ыстық ықыласы мен жылы лебізін жалғастырды. Соңында мерекені ұйымдастыруға мұрындық болған ауданымыздың бас ұстазы Д.Акатов та «ұлағатты ұстаздардың адал еңбегін бағалау біздің міндетіміз. Ерен еңбектеріңіз ешқашан еш кетпейді, әркез бағаланып, мәртебелеріңіз бен абыройларыңыз артып отырады. Сіздерге қашан да, қиыны мен қуанышы қатар жүретін педагогикалық кәсіби істеріңізде шығармашылық табыс, ізденімпаздық пен табандылық, дендеріңізге саулық, бастарыңызға амандық пен мол бақыт тілеймін» деп алғысын білдірді. Ауданымыздың зейнеткер ұстаздары адами әлеуетті дамыту бөліміне, мерекеге қатысқан барша ұстаздарға аталық ақ батасын бере отырып, жылы лебіздері мен әдемі тілектерін жаудырды.
