Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауы елдің үмітін оятты, болашаққа арналған стратегиясын айқындап берді. Жолдауды әдеттегідей ұжымымызден асыға күтіп тыңдадық. Талқыладық. Жолдауда ұлтымыздың болашағына, оның ішінде білім саласын дамыту арқылы жаһандық мәселелерге төтеп беру үшін атқаратын жоспарларға тоқталды.
Қ.К.Тоқаев өз жолдауында Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды.
«Тәрбие тал бесіктен» демекші бүлдіршіндердің балалар бақшасымен қамтылуына да баса назар аударды. Осы бағытта төмендегідей тапсырмалар берді. Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда, бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Сондықтан, балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет.
Бүгінгі таңда еліміздің үлкен мегаполистері мен облыс орталықтарында мектептердің жетіспеушілігін азайту мақсатында мемлекетіміз жеке бизнес уәкілдеріне мектеп салу қажеттігін айтып жұмыстар жүргізуде. Үш ауысымдық мектептер санын қысқартуға жекеменшік мектептер үлкен үлестерін қосуда.
Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды.
Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады.
Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек.
Мектеп формасын барлық оқушыға барынша қолжетімді ету аса маңызды. Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз саналатын кейбір топтағы балаларға оны бюджет есебінен беру қажет деп санаймын. Мектеп формасына арналған мемлекеттік тапсырысты отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бейімдеген жөн. Бұл бағытта да біздің Түркістан облысы биыл осы топтарға жататын отбасылардың балаларына мектеп киімін бюджет қаржысы есебінен алуға жағдай жасады.
Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалды. Дегенмен, бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер жасау қажет.
Педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредитациялаудың жаңа стандарты қабылданады. Сондай-ақ, ұстаздардың құзырет аясы айқындалады.
Жаһандық ғылыми-техникалық даму барысын ескерсек, жоғары сыныптарда жаратылыстану-математика пәндерін және ағылшын тілін оқытуды барынша күшейту маңызды.
Қоғамда қазақ және орыс тілін мектепте оқыту мәселесі жөнінде пікірталас болып жатыр. Нақты айтайын: біз қазақ тілін де, орыс тілін де жақсы білетін балаларды тәрбиелеуіміз қажет. Себебі, бұл ұрпақтың мүддесі үшін керек. Оқу-ағарту министрлігі популистердің жетегінде кетпей, балалардың мүддесін қорғауға тиіс.
Білімді және бірнеше тілді меңгерген ұрпақ болашаққа сеніммен қадам басады. Біздің күшіміз – жастардың білімінде.
Техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындары еңбек нарығының нақты сұранысына бейімделуі және еліміздің жаңа экономикалық бағдарының міндеттеріне сай болуы керек.
Ата-аналар мен оқушылар алған білімінің және игерген машық-дағдысының сапалы және сұранысқа ие болуы үшін белгілі бір деңгейде жауапты екенін сезінуге тиіс. Сондықтан, олармен де үнемі әріптестік қатынас орната білу керек. Осы мақсатта жеке білім беру ваучерлерін енгізу жоспарланып отыр.
Баланың білім алуына, оның ішінде сыныптан тыс оқуына мемлекет бөлетін қаражат бірыңғай білім беру есепшоттарында жинақталады. Бір сөзбен айтқанда, мұны балалардың білім алуына инвестиция ретінде жұмсалатын алғашқы мақсатты капитал деуге болады. Бұл қадам еліміздің әрбір азаматы үшін бірдей мүмкіндік қағидатын іс жүзінде қолдануға жол ашады. Жоғары білім саласындағы реформаларды да осы бағытта жүзеге асырған жөн.
Отандық жоғары оқу орындарының білім сапасы артқан сайын ондағы оқу ақысы да өсе түседі. Сондықтан мемлекет ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отыр. Оның көлемі 30-дан 100 пайызға дейінгі аралықта болады.
Білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие де беріледі. Бұл шаралар жоғары білімнің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, қоғамдағы әріптестік және өзара жауапкершілік қағидатын нығайта түседі.
Келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек. Сондай-ақ, барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес деп санаймын. Сол себепті, мемлекеттен қаражат алу үшін жекеменшік жоғары оқу орындарының жатақханасы болуы шарт. Әрине, мұны оқу орындарынан біртіндеп талап еткен жөн. Студенттердің жатақханамен қамтамасыз ету бағытында жекеменшік инвесторларды тарту мәселесі ол облыс орталықтарында жақсы жүзеге асырылуда. Ал шалғайдағы колледждерге жекеменшік компанияларын келіп жатақхана салуға құлықсыз. Өйткені салған қаржысын халқы аз жерге салу кәсіпкер үшін қолайсыз. Сол үшін ауылды жерлердегі колледждерге жатақхана мемлекет есебінен жүргізілуі тиіс деп ойлаймын.
Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыруымыз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жалғасады. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді. Бұл бағыттағы жұмыстар үлкен қолдау болары сөзссіз. Біздің Түркістан көпсалалы – техникалық колледжі «Жас маман» жобасын жүзеге асырушы ұжым болып табылады. Яғни Аспазшы және ауылшаруашылығын механикаландыру біліктілігінің Ауылшаруашылығы өндірісінің тракторист-машинисі мамандықтарымен мамандар даярлауда.
Осы орайда Төлеби ауданы, Көксәйек елді мекенінде орналасқан «Түркістан көпсалалы – техникалық колледжінде» заман мен сұранысқа сай, жаңашыл мамандықтар жыл санап ашылуда. Мәселен 2020 жылы туризм жөніндегі нұсқаушы мамандығы ашылған болса, келер жылы аудан аумағында салынғалы жатқан су электр станциясына қажетті мамандарды дәл осы колледжде даярлау жоспарланып отыр. Жоғарыда айтылған мамандықтардан бөлек сексен жылдан аса тарихы бар колледжде қазіргі уақытта сұранысқа ие, жұмысшы мамандықтардың 7 түрі оқытылуда. Атап айтар болсақ. Дәнекерлеу ісі, Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету жөндеу және пайдалану, Нан пісіру, макарон және кондитер өндірісі, Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, Тамақтандыруды ұйымдастыру, Ауыл шаруашылығын механикаландыру, Есептеу техникасы және ақпараттық желілер. Осы айтылған мамандықтардың ішінде «Нан пісіру, макарон және кондитер өндірісі» және «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» біліктілігі «Жас маман» жобасына еніп, мамандықты жан жақты оқытып үйретуге арнайы техникалармен қамтылған. Соңғы үлгідегі техникалар мен технологияларды игерген студенттеріміз облыс көлеміндегі «WORLD SKILLS» жобаларында жүлдемен оралып жүр. Биылғы оқу жылын 600 ден аса студентпен бастаған оқу орнымыз алдағы уақытта терең білімді ұрпақ, сұранысты толықтай қанағаттандыратын сыйлы маман дайындау жолында аянбай еңбек етеді деп сенемін.
Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де бәсекеге қабілетті болуы керек.
Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн.
Бізге сапалық тұрғыдан жаңа мемлекеттік басқарушылар керек. Мемлекеттік қызметшілерді іріктеу және жұмыстан босату жүйесін заман талабын ескере отырып, қайта жасау қажет. Мемлекеттік қызмет жеке сектордағы кәсіби мамандар үшін барынша ашық болғаны дұрыс. Кадрлық резервті нығайту керек.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстану аса маңызды. Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлауымыз керек. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні – осы.
Болат Жанәбіл,
Түркістан көпсалалы-техникалық колледжінің директоры