
Жекеменшік мектеп салудан Түркістан облысындағы Сайрам ауданы көш бастап тұр. Ақсукент ауылында бүгін 1200 орындық жаңа мектеп ашылды. Бұл – бір ғана Сайрам ауданында жеке кәсіпкерлер тарапынан 7 айда салынған 7-ші мектеп. Бұдан бөлек, Манкент ауылында 600 орындық жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бұл туралы сайрамдықтармен кездескен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлім етті.
Айқындаған міндеттер мен жоспарларды баяндаған облыс басшысы «Мемлекет басшысы жүктеген жауапкершіліктерді сезініп, барлық бастамаларды лайықты жүзеге асыруға міндеттіміз», деді. Тұрғындар көтерген ұсыныстардың орындалу барысын баяндады. Олар кезең-кезеңімен шешімін табуда.
– Түркістан облысындағы ең ірі аудандардың бірі Сайрамның әлеуметтік — экономикалық дамуына ерекше көңіл бөлінген. Ауылдарды дамытуға басты басымдық беріледі. Жаңа ғана мен ауданда салынған жаңа мектептің ашылуында болдым. Жекеменшік мектеп салудан Сайрам көш бастап тұр. Бұл – үлгілі іс. Мектеп тапшылығын шешу үшін биыл облыста 59 жаңа мектеп салынып жатыр. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы аясында «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында жаңа форматтағы 86 мектеп салынады. Онда 60 мың бала білім алатын болады. Бұдан бөлек, Манкент елді мекенінде, Ақсу, Ақбұлақ ауылдарында 3 жаңа 600 орындық мектептердің құрылысы жоспарлануда, – деді облыс басшысы есептік кездесуінде.