Түркістан қаласында ерекше қажеттілігі бар 3585 азаматқа медициналық құралдар берілді

Түркістан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің дерегінше, Түркістан қаласында ерекше қажеттілігі бар ұзын-ырғасы 9523 азамат бар. Соңғы көрсеткіштерге сәйкес, ерекше қажеттілі қажеттілігі бар 3585 тұрғынға қажетті медициналық құралдар берілген. Аталған азаматтарға мемлекет тарапынан жан-жақты жәрдем түрлері қарастырылған.

Оның ішінде, дәлірек айтсақ, 380 азамат протез-ортопедиялық құралдармен, 270 тұрғын сурдо-техникалық құралдармен, 117 азамат тифло-техникалық құралдармен, 283 адам тағы басқа қажеті құралдармен қамтамасыз етілген. Одан бөлек, мүгедектігі бар 401 азамат жеке көмекші қызметіне жүгінсе, 95-і ымдау тілі маманы қызметімен қамтамасыз етілген екен.

Тағы бір атап өтер жайт, жыл басынан бері 1595 азаматқа міндетті гигиеналық құралдар берілген. Автокөлікпен тасымалдауда 151 азамат инватакси, 8 тұрғын әлеуметтік такси қызметіне жүгініпті. Сонымен қатар бүгінге дейін ерекше қажеттілігі бар 245 азамат қоларбамен қамтылып отыр.

Әлбетте, мемлекет алдындағы ма­ңызды міндеттердің бірі –  мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау сала­сын­дағы саясатты жетілдіру. Осы­лайша, олардың қоғамға толыққанды сіңісіп, басқа­лар­мен тең өмір сүруі, жұмыс істеуі және оқуы, қоғам өмі­ріне еркін қатысуы, белгілі бір шешімдер қабылдауы үшін кедергілерді еңсеруге, жоюға бағытталуы керек. Өйткені ерек­ше қажеттіліктегі адам­дарға қамқорлық көрсету – қоғам алдындағы парыз.

Елімізде қазір осындай топтағы 705 мың адам тұрады. Оның 421,5 мыңы — еңбекке қабілетті жаста, 181,9 мыңы — зейнеткер және 101,6 мыңы — балалар. Мемлекеттің қолдауы мен қоғам өкілдерінің қамқорлығына мұқтаж осынша жанға кедергісіз орта қа­лыптастырылып, оңалту жұмыс­тарына да ден қойылып келе жат­қаны қуантады.

Біріншіден, портал қызметін қолдану жеңілдеді. Бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау сала­сындағы қоғамдық қа­тынастарды реттейтін және олар­дың тiршiлiк-тынысы, қоғаммен етене араласуы үшiн тең мүмкiн­дiктер жасаудың құқықтық, эко­номикалық және ұйымдастыру­шылық шарттарын айқындайтын заң да, бағдарламалар да баршылық. Сол арқылы оларға әлеуметтік жәрдемақыдан бастап оңалту жұ­мыстарына дейінгі қа­жетті қызмет нормативтік құқық­тық актілермен реттелген. Мысалы, әлеуметтік оңал­туда техникалық көмекші құ­ралдармен қамтамасыз ету мақ­сатында мүмкіндігі шектеулі адам­дар жеке көмекші және ымдау тілі маманының қызметтерімен қам­тылады. Сондай-ақ оңалтудың тех­никалық көмекші құралдары да қарастырылған. Айталық, есту қа­білеті бұзылған адамдарға веб-камерасы бар ноутбук, сөйлеу синтезі бар экрандық қол жеткізу бағ­дар­ламасымен қамтамасыз етілген ноутбук, көру қабілеті бұзылған адамдарға дыбыспен хабар беретін және диктофоны бар ұялы теле­фондар секілді 55 түрлі заманауи сурдотехникалық және тифло­тех­никалық құралдар да беріледі. Биыл­дың өзінде қызмет көрсетудің бұл түрі ашық әрі оңайландырылған. Мәселен, жыл басынан бері елор­дада портал арқылы 20 010 тапсы­рыс берілген екен. Одан бөлек, 18 өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы жұмыс істейді, онда мамандар оқы­ту жүргізеді және порталды қолдану бойынша түсіндіру жұмысы жа­салады. Себебі портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техни­калық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік жа­сайды. Яғни, көмек түріне тапсы­рыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Ал тапсырыс бе­рілген оңалтудың техникалық құралдарды қолданушыға жеткізу қызметі бар. Өз бетінше алып ке­туіне де болатын мүмкіндік қарас­тырылады. Қазір бұл порталда ар­наулы әлеуметтік қызметтер көр­сететін медициналық-әлеуметтік мекеме, ОТҚ жеткізуші, жеке көмекшілер, ымдау тілінің қызметі, са­наторлық-курорттық емдеу, ке­пілдік берілген әлеуметтік топта­маны жеткізушілер тіркелген. Қыз­метті алушылар көмек керек бол­ғанда 1414 бірыңғай нөміріне қоңырау шалып кез келген кеңес алуына болады. Қазір ерекше қажеттілігі бар жандар өзіне керекті қызметтерді электронды цифрлық қолтаңба арқылы үйден шықпай-ақ портал арқылы ала алады. Ал тауарларды жеткізушілер осы порталда тір­келіп, барлық тиісті сертификаттар мен құжаттарды ұсынса болды.

Ендігі жерде Мемлекет бас­шысының Жолдауында айтылған­дай, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын жақ­сарту міндетіне сәйкес, алда оңалту орталықтарының желісін ке­ңейту міндеті тұр. Бұл орайда да Түркістан қаласының әкімдігі ерекше қажеттілігі бар адамдарға қолдау көрсетуге әзір. Әлеуметтік және көлік инфра­құрылымы объектілерін паспорттау және бейімдеу жолымен кедергісіз ортаны қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұ­мыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша белсенді шаралар қабыл­данып, білім беруде жеңілдіктер ұсынылады. Мәселен, қоғамның әлжуаз тобына кіретін адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған әлеу­меттік қорғау жүйесі жұмыс істейді. Одан бөлек, ерекше қажеттілігі бар адамдарға жәрдемақы тағайындау да жолға қойылған. Бүгінде осы санатқа жататындарға жәрдемақы мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төменгі күн­көріс деңгейінің шамасына байла­нысты есептеледі.

Түркістан қаласы әкімдігі қаладағы ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін бірнеше қызмет көрсету түрін қолға алып отыр. Оның ішінде, «Инватакси» қызметімен тегін жол жүру, қатты отын сатып алу, ком­муналдық қызметтер үшін өтемақы, газдандыру, ТЖҚ-дағы әлеуметтік көмек, протездік-ортопедиялық көмек, кресло-арбалар, тифло-сур­до-құралдар, міндетті гигиеналық құралдар, тіс протездеу, сауықтыру-курорттық емдеу, жеке көмекші және жестау тілі маманының қыз­меттері ұсынылады. Ал әлеуметтік көмек түрінде мерекелік және ай­тулы күндерге біржолғы ақшалай төлемдер беріледі. Бұдан бөлек, әкімдік тарапынан мүгедек баланы тәрбиелеушілерге ай сайынғы жәрдемақы да қарастырылған. Ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін кедергісіз ортаны қамтамасыз ету бойынша жол картасын орын­дау – алдыңғы кезекте атқарылу мін­деттелген. Оған сәйкес, қала­дағы ғимараттар мен құрылыс­тардың қолжетімділігі, ақпараттық қамтамасыз ету, автомобиль жол­дары мен тротуарлардың болуы, жұмысқа орналастыру, оңалту қызметтерінің сапасын арттыру да маңызды.

Жалпы алғанда, Түркістан қаласындағы мемлекеттің мейіріміне мұқтаж жандарды қолдау мен қоғамда бе­йімдеу жұмысында атқарылып жатқан оң істер көп. Әлеуметтік қызмет қана емес, әкімдік тара­пынан «әлемді мейірім құтқарады» демекші, әр күн сайын ерекше қажеттіліктегі адамдардың көңіл-күйін көтеріп, өмірден күдерін үз­беуге айрықша назар аударылады.

МҮГЕДЕК АДАМДАРҒА АРНАЛҒАН ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕСІЗ?

Сөздің орайы келгенде, бұл мәселені де айналып өтуге болмайды. Мүгедек – бұл өмірлік қызметіне шек келтіріп, оның әлеуметтік қорғалуын қажет ететін ағза қызметінің бұзылуы, аурулар, жарақаттар, олардың зардабынан болған дефектілері бар денсаулығы бұзылған тұлға. Қазастан Республикасындағы мүгедектерді әлеуметтік қорғау Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қазақстан Республикасының «ҚР мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңымен және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.

Мүгедектің мынадай құқықтары бар бар:  

әлеуметтік қорғалу, соның ішінде сауықтыру, қоғамға бейімделу

әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына кірумен қамтамасыз етілу

ақпаратты алуға мүмкіндік берумен қамтамасыз етілу

білім беру, қызмет түрін еркін таңдау, соның ішінде еңбекке байланысты

Қазақстан Республикасының заңнамасымен анықталатын тәртіппен көрсетілетін тегін медициналық көмектің кепілденген көлеміне ие болу

кәсіби дайындық және қайта дайындау, еңбекке жарамдылығын қалпына келтіру және жұмысқа орналасу

Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес үй алу

Мемлекеттік және басқа да ұйымдарда, соның ішінде денсаулық сақтау, мәдениет, байланыс, көлік, қызмет саласында бірінші кезекте қызмет көрсетіледі.

Мүгедектердің шығармашылық мүмкіндіктерін қолдау. 

Мүгедектерге көрсетілетін әлеуметтік көмектердің түрлері:

Мемлекеттік жәрдемақы, өтемақы және басқа да төлемдер

Жергілікті атқарушы органдармен көрсетілетін қосымша әлеуметтік төлемдер

Жұмыс берушілердің көрсететін қосымша әлеуметтік көмек түрлері және өзге де ұйымдармен.

Мүгедектерді тұрғын үймен қамтамасыз ету

Жергілікті атқарушы органдар:

Есепке алып, баспанасыз мүгедектерге үй береді

Мүгедектер мен отбасылық құрамында мүгедек бер жанұяға баспана кеңістігі жабдықтары мен арнайы құралдар мен жабдықтармен қамтамасыз етеді 

Мүгедектерді жұмыспен қамту

Жергілікті атқарушы органдар мүгедектерді жұмыспен қамтуды мына жолмен қамтамасыз етеді:

қызмет орындарының жалпы санының үш пайызы мөлшерінде мүгедектерге жұмыс орындарынан квота бекіту

жеке кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы мүгедектер үшін қосымша жұмыс орындарын құру

арнайы, сонымен қатар мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құру

мүгедектерді кәсіби оқыту ұйымдары

Бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектер үшiн аптасына отыз алты сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгiленедi, ұзақтығы кемінде күнтізбелік алты күн болатын жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалысы берiледi.  Түнгі уақыттағы жұмысқа тек мүгедектік келісімімен, егер оның денсаулығына мұндай режим тйым салынбаса жіберіледі.
Еңбек келісім-шартын жасаудан, қызметте өсіруден бас тарту, басқа жұмысқа ауыстыру тек мүгедектің келісімен жүзеге асуы тиіс, егер халықты әлеуметтік қорғау саласындағы облыстағы өкілетті органның аймақтық бөлімшелерінің қорытындысы бойынша оның денсаулығы кәсіби міндеттерді атқаруға келмесе, денсаулығына қауіп келсе және өзге тұлғалардың еңбек қауіпсіздігіне қайша келсе жоғарыда аталған шаралар керісінше іске асады.

Мүгедектерді жұмыспен қамту

Мүгедектерді жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ауыр жұмыстарда, зиянды, қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын есепке алмай мүгедектер үшін жұмыс орындары санынан 2-4 пайыз мөлшерінде жұмыс орындарының квотасын белгілейді; жеке кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы мүгедектер үшін қосымша жұмыс орындарын құруда; Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы, сондай-ақ әлеуметтік жұмыс орындарын құруда; мүгедектерді кәсіптік оқытуды ұйымдастырады.

Заңнамада еңбек қатынастарына қатысты мүгедектер құқығына кепілдік берілген. Еңбек келісім-шартын жасаудан, қызметте өсіруден бас тарту, басқа жұмысқа ауыстыру мүгедектің келісімісіз жүзеге аспауы тиістігі көзделген, егер халықты әлеуметтік қорғау саласындағы облыстағы өкілетті органның аймақтық бөлімшелерінің қорытындысы бойынша оның денсаулығы кәсіби міндеттерді атқаруға келмесе, денсаулығына қауіп келсе және өзге тұлғалардың еңбек қауіпсіздігіне қайшы келсе жоғарыда аталған шараларды іске асыруға рұқсат етіледі.

Мүгедектік топты белгілеу критерийлері

Бірінші топ мүгедектерін бекіту критерийлері болып, ағза функцияларының тұрақты маңызды түрде бұзылуы немесе бұзылғанының анық көрінуі болып саналады. Топқа жататындығын белгілеу мүгедектердің сырқаттануының арқасында, алған жарақаттарының барысында өмірлік қызмет дәрежелері немесе олардың тіркестерінің шектелуі, бірден көрінуіне әкеп соғатын төмендегі көрсетілген ақаулықтарға байланысты жүзеге асады.

үшінші дәрежедегі өзін өзі қамтамасыздандыруға мүмкіндігі; үшінші дәрежедегі қозғалуға мүмкіндігі; үшінші дәрежелі еңбек қызметіне қабілеті (еңбек қабілеті); үшінші дәрежедегі тұспалға мүмкіндігі; үшінші дәрежедегі қарым-қатынасқа мүмкіндігі; үшінші дәрежедегі өзінің іс-қимылына жауап беру мүмкінді.

Екінші топ мүгедектерін бекіту критерийлері болып ағза функцияларының тұрақты түрде бұзылуы, сырқаттануының арқасында, алған жарақаттарының барысында өмірлік қызмет дәрежелері немесе олардың тіркестерінің шектелуі, бірден көрінуіне әкеп соғатын төмендегі көрсетілген ақаулықтарға байланысты табылады. 

екінші дәрежедегі өзін өзі қамтамасыздандыруға мүмкіндігі; екінші дәрежедегі қозғалуға мүмкіндігі; үшінші, екінші дәрежедегі еңбекке қабілеттігі (еңбекке қабілеттігі); үшінші, екінші дәрежедегі оқуға мүмкіндігі; екінші дәрежедегі қарым-қатынасқа мүмкіндігі; екінші дәрежедегі өзінің іс-қимылына жауап беру мүмкіндігі.

Үшінші топ мүгедектерін бекіту критерийлері болып ағза функциялары бұзылуының баяу байқалуы, сырқаттануының арқасында, алған жарақаттарының барысында өмірлік қызмет дәрежелері немесе олардың тіркестерінің шектелуі, баяу байқалуына әкеп соғатын төмендегі көрсетілген ақаулықтарға байланысты табылады.

бірінші дәрежедегі өзін өзі қамтамасыздандыруға мүмкіндігі; бірінші дәрежедегі қозғалуға мүмкіндігі; үшінші, екінші дәрежедегі еңбекке қабілеттігі (еңбекке қабілеттігі); бірінші дәрежедегі оқуға мүмкіндігі; бірінші дәрежедегі қарым-қатынасқа мүмкіндігі; бірінші дәрежедегі өзінің іс-қимылына жауап беру мүмкіндігі.

Мүгедектерді жұмыспен қамту

Мүгедектерді жұмыспен қамту үшін жергілікті атқарушы органдар (әкімшілік) жұмыс орындарының жалпы санына байланысты 2-4 пайыздық көлемде квота бөледі; жеке кәсіпкерлік пен шағын және орта бизнесті дамыту арқылы қосымша жұмыс орындарын бөледі, сонымен қатар Қазақстан Республикасының заңдылығына сәйкес мүгедектерді жұмыспен қамту үшін жұмыс орындарын анықтап, мүгедектерге кәсіби білім беру қарастырылған.

Еңбек қарым-қатынасы тұрғысынан мүгедектердің хұқықтары заңмен негізделген. Еңбек келісім-шартынан бас тарту, басқа қызметке ауысу мүгедектердің өз келсімінсіз жүзеге аспайды, керсініше жағдайда, егер мүгедектің денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыздық танытатын болса, жұмыстан босатылады.

Білім саласындағы мүгедектерге берілетін жеңілдіктер

Бірінші және екінші топтағы мүгедектер мен мүгедек-балаларға 0,5 пайыздық кәсіби және жоғары білім алуларына берілетін квота қарастырылған. 

Жоғары оқу орындарында, мемлекеттік тапсырыс пен мемлекеттік грант бойынша оқып жатқан мүгедектерге стипендиялық қамтамасыз етуде жеңілдіктер беріледі.

Мүгедектерді сауықтыру түрлері

Жүргізілетін медициналық оңалту мүгедектер организмінің бұзылған және (немесе) жоғалтқан функцияларын сақтауға, ішінара немесе толық қалпына келтіруге бағытталған медициналық қызметтер көрсету кешенін көздейді.

Мүгедектердi әлеуметтiк оңалту мүгедектердiң шектеулi тiршілiк әрекетiн жеңуi үшiн жағдай туғызуға, олардың әлеуметтiк мәртебесiн қалпына келтiруге, әлеуметтiк-тұрмыстық және қоршаған ортаға бейiмделуiне бағытталған. Ол мүгедектердi жеке басының гигиенасы, өзiне өзi қызмет көрсету, жүрiп-тұру, қарым-қатынас сияқты негiзгi әлеуметтiк дағдыларға үйрету;   мүгедектердi техникалық көмекшi (қалпына келтiру) және арнайы жүрiп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету;  мүгедектерге үйде, медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету; жүріп-тұруы қиын бірінші топ мүгедектері үшін медициналық жеке көмекші, естімейтіндігі бойынша мүгедектер үшін ымдау тілі маманының әлеуметтiк қызметін көрсету –  жылына алпыс сағат;  Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құқықтық көмек көрсетiлуiн қамтамасыз ету;  мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламасына (ОЖБ) сәйкес әлеуметтік оңалтудың өзге де түрлерiн қамтиды. 

Мүгедектер Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен оңалту құралдары мен қызметтерін беруге өтініші негізінде протез-ортопедиялық көмекпен, сурдо-тифлотехникалық құралдармен, арнайы жүрiп-тұру құралдарымен, санаторлық-курорттық еммен және басқа да әлеуметтік оңалту құралдырмен ОЖБ сәйкес қамтамасыз етіледі.

Бөгде адамның күтімі және көмегіне мұқтаж мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін Республикада медициналық-әлеуметтік мекемелер, аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары және үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері желісі ұсынады. Интернат-үйлерде тұратын қарттар мен мүгедектерге күтім, тамақтандыру, әлеуметтік-тұрмыстық және медициналық қызмет көрсету, әлеуметтік бейімдеу, еңбекпен оңалту, оқыту ұсынылады.

Республикада қарттар мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсетудің 12 аумақтық орталықтары жұмыс істейді, олардың функцияларына көрсетілген азаматтардың санаттарына әлеуметтік қызметтер көрсету, медициналық, әлеуметтік және кәсіптік оңалту жөніндегі іс-шаралар жүргізу, мүгедек-балалардың оқыту бағдарламаларын игеруіне жағдайлар жасау (әлеуметтік-педагогикалық қызметтер көрсету кезінде), қолайлы моральдік-психологиялық климат жасау, қызмет көрсетілетін адамдарды олардың құқықтары, әлеуметтік қызмет көрсетудің көлемі мен түрлері, Ішкі тәртіп ережесі туралы хабардар ету кіреді.

ҰОС мүгедектері мен қатысушылар болып қандай тұлғалар қабылданады?

Соғыс ардагері болып бірінші дүниежүзілік соғыс, азаматтық және ҰОС-да әскери бөлімдерде, штабтарда, мекемелерде әскери қызметте болған, сонымен қатар бұрынғы Кеңес Одағын қорғауға қатысқан ҰОС мен азаматттық соғыс партизандары, астыртын жұмыс істеушілері есептеледі.

Мүгедектер болып бірінші дүниежүзілік, азаматтық және ҰОС-ң әскери флоттарында, әскери-теңіз флоттары мен әуежайларында, темір жолдарда әскери қызметтен өткен кезде жарақат, контузия, мертігу салдарынан мүгедек болғандар саналады. 

ҰОС мүгедегі, қатысушысы мен соларға теңестірілген тұлғалар дәрежесін алуға қажетті құжаттар

Қатысушының, мүгедектердің соларға теңестірілген жеңілдікке жатқызылатындар дәрежесі ҰОС жылдарында әскерде болғанда, Чернобыль апатының жабылуында, бұрынғы кеңестер Одағын қорғауда берілген әскери билеттің анықтамасы негізінде, сонымен қатар ядролық сынақтар өткізуде жарақат алу салдарынан мүгедек болғандығы туралы анықтамамен анықталады.

Осы құжаттар негізінде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі соғысқа қатысқандығы туралы куәлік береді, ал соғыс мүгедегі куәлігі – ҚР тұрғындарын әлеуметтік қорғау органдарымен беріледі. Соларға теңестірілген жеңілдікке жатқызылатын тұлғалардың зейнеткерлік құжатына белгі соғылады.

Тұрғын үй, коммуналдық төлемдер, отын, телефон, дәрі-дәрмек, қоғамдық көліктерде жүру төлемдеріне арнайы мемлекеттік жәрдемақы (АМЖ) бөлінеді.

АМЖ алу үшін қажетті құжаттар:

Өтініш;

Жеке басының куәлігі;

АМЖ алу хұқығын білдіретін құжаттар;

ЕРЕКШЕ ҚАЖЕТТІЛІГІ БАР АДАМДАРҒА БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМ САЛАСЫНДА ДА ҚОЛДАУ ЗОР

Жуырда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары оқу орындарындағы мүмкіндігі шектеулі оқытушылар, қызметкерлер, министрлік өкілдері және қоғам қайраткерлерімен кездесу өткізді. Онда еліміздегі жоғары оқу орындарында инклюзивті білім беруді дамыту бойынша міндеттер мен мәселелер талқыланды. Кездесуге Парламент Сенатының депутаттары, әкімшілік өкілдері, кәсіпкерлер және қайырымдылық қорларының басшылары қатысты.

Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамыту бойынша Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерді негізге ала отырып, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ерекше қажеттіліктері бар студенттерді қолдауға бағытталған бірқатар шараларды іске асыруда.

Министр Саясат Нұрбек биылғы оқу жылында 78 қазақстандық жоғары оқу орнында ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер контингенті 1588 адамды құрағанын атап өтті. Олар үшін ҰБТ тапсыру кезінде қолайлы жағдай жасалып, мүгедектігі бар 497 азамат грант тағайындайтын конкурстан сәтті өтті. Ғылым және жоғары білім министрі мемлекет тарапынан мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, I, II топтағы мүгедек адамдарға әрдайым қолдау көрсетілетінін атап өтті. Биыл осындай отбасылардан шыққан 1187 жас еліміздің жоғары оқу орындарында оқу грантын жеңіп алды.

Жатақханаға орналастыру кезінде ерекше басымдық жеңілдігі бар санаттағы азаматтарға беріледі. Ерекше қажеттіліктері бар білім алушылар үшін қолайлы ортаны қамтамасыз ету үшін жоғары оқу орындары барлық қажетті жағдайларды жасайды. Қолданыстағы білім беру бағдарламалары шеңберінде 18 жоғары оқу орнында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту және оларға көмек көрсету үшін кадр даярланады.

Сондай-ақ, кездесуде Ғылым және жоғары білім министрінің штаттан тыс кеңесшісі болып Таңсәуле Серіков тағайындалды. Ол білім беру бағдарламаларының сапасын арттыру мақсатында ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру тұжырымдамасын таныстырды. Министр Саясат Нұрбек ведомство сындарлы диалогқа және азаматтық қоғаммен бірлескен жұмыс ісеуге ашық екенін жеткізді.

Ал жаңа оқу жылында еліміздің мектептерінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар (ЕБҚ) оқушылардың саны артты. 2021-2022 оқу жылында инклюзивті сыныптарда 49 мыңнан астам ерекше бала оқыса, биылдың өзінде олардың саны 55 мыңға жуықтады. Бұл мектептерде ерекше жағдай жасау және жаңа нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу мен қабылдаудың арқасында мүмкін болып отыр.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында білімнің қолжетімді және инклюзивті болуы керегін атап өтті. Жалпы білім беретін мектептерде ерекше балаларды оқытуға жағдай жасалып жатыр. Ерекше балалардың білім беру мекемесіне кедергісіз кіруі үшін пандустар, тактильді жолдар, арнайы тұтқалар және басқа да құрылғылар орнатылды. Мектептерде педагог-ассистент лауазымы енгізілген, олар ерекше балалардың білім беру ұйымдарына бейімделуіне көмектеседі. Сонымен қатар мемлекеттік стандартта оқу жоспарлары мен бағдарламаларының вариативтілігі мен икемділігі қамтамасыз етілген. Олар ерекше білім беруді қажет ететін баланың жеке ерекшеліктерін ескере отырып бейімделген.

Сондай-ақ «Білім туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, ерекше білім алуды қажет ететін балалардың санаты кеңейтілді. Оларға әртүрлі экономикалық (аз қамтылған, толық емес отбасылардан шыққан балалар), әлеуметтік себептермен (мигранттар, кандастар және т.б.), соның ішінде денсаулығына байланысты оқуда қиындықтарға тап болған балалар жатады.

Одан бөлек, жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне ЕБҚ бар балаларды оқыту үшін арнайы жағдайларды қамтамасыз ету кіреді. Қабылдау ережелерін бұзғаны және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеу мен оқытуда арнайы жағдай жасамағаны үшін білім беру ұйымы басшысының жауапкершілігі күшейтілді.

ТОҚАЕВ МҮГЕДЕКТІГІ БАР АДАМДАРДЫҢ ӨМІР СҮРУ САПАСЫН ЖАҚСАРТУ ЖАЙЛЫ ЗАҢҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Биыл маусым айында қабылданған бұл заң мүгедектігі бар адамдарды қорғау және қолдау саласында шешімін таппай келе жатқан бірқатар мәселені шешуге арналған. Бұл заңға сәйкес есту қабілеті төмен адамдар сотта ымдау тілі маманының қызметтерін тегін пайдалана алады.

Сондай-ақ сурдотехникалық және тифлотехникалық құралдарды пайдалануға мүмкіндік туады. Ал мүгедектігі бар балаларды жалғыз өзі тәрбиелеп отырған не қамқорлығында кәмелетке толған мүгедектігі бар адамдар бар азаматтарға өтеусіз заң көмегі көрсетіледі. Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органға министрлердің, аудан, қала, облыстық маңызы бар қала, облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдерінің мүгедектік мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшілерін тағайындау тәртібін әзірлеу және бекіту жөніндегі құзырет беріледі.

Сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдау күшейтіледі. «Осы заң мүгедектігі бар адамдарды қорғау және қолдау саласында шешімін таппай келе жатқан бірқатар мәселені шешуге арналған. Сондай-ақ бұл бағыттағы әлеуметтік саясатты іске асыру тетіктерін одан әрі жетілдіруді көздейді. Кедергісіз орта қалыптастыруға арналған ережелер де назардан тыс қалған жоқ. Алдағы уақытта бұл заң мүгедектігі бар адамдардың құқығын тиімді қамтамасыз етуге тың серпін береді деп сенеміз. Сенаторлар аталған бағытты үнемі назарда ұстап, тиісті заңнамалық жұмысты әрі қарай жалғастыра береді», — дейді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Ал ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мүгедектерге дұрыс қызмет көрсетпейтін жауапсыз кәсіпкерлерді сынға алды. Техникалық құралдар мен оңалту қызметін дұрыс көрсетпейтіндерді әлеуметтік қызметтер порталынан шығару қажет. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жергілікті атқарушы органдардың алдына осындай міндет қойды. Әкімдіктер оны 2023 жылға дейін шешуі керек. Министр мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Жыл басынан бері еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің аумақтық департаменттері мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласында және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласында 967 тексеру жүргізді. Оның қорытындысы бойынша 4 143 заңбұзушылық анықталды.

«Бұл бұзушылықтардың көпшілігі бейімделген объектілерді бақылаудан кейінгі тексеру нәтижесінде анықталды. Жергілікті атқарушы органдар бір нәрсені мәлімдейді, ал іс жүзінде басқа болып шығады. Сіздер бұл мәселеге нақты көзқараспен қарауыңыз керек. Мысалы, егер мектепте ерекше қажеттілігі бар оқушы болмаса, қазір бейімдеудің қажеті жоқ. Сіздер мүгедектігі бар адамдар үнемі баратын объектілердің, яғни емханалардың, дәріханалардың, ХҚО-лардың және басқа да мекемелердің толық бейімделуін қамтамасыз етулеріңіз керек. Сондықтан жоспарларыңызды қайта қарап, қажет болған жағдайда объектілерді бейімдеу керек», – деді Тамара Дүйсенова.

Еңбекминінің басшысы 2023 жылдан бастап екі пилоттық жобаны іске асыруды ұсынды. Біріншісі, әрбір өңірде мүгедектігі бар адамдардың тұруына тікелей жақын жерде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету үшін сыйымдылығы аз бір үй ашу. Екіншіден, әрбір өңірде мүгедектігі бар балаларға арналған қымбат тұратын оңалтудың техникалық құралдарын беру жөніндегі орталық «ОТҚ паркі» құрылсын. ОТҚ сатып алу «Қазақстан халқына» қорының қолдуымен болады деп жобаланған.

Министр сондай-ақ әлеуметтік қызметтер порталының жұмысын жетілдіру міндетін қойды. «Жұмыс сапарымен Қазақстанның түрлі өңірлерінде болдым. Барлық жерде мүгедектігі бар адамдар әлеуметтік қызметтер порталы арқылы көрсетілетін оңалту қызметтері және ОТҚ сапасы мәселесін көтереді. Жергілікті атқарушы органдар жыл соңына дейін азаматтардың бүкіл шағымдарын талдап, биыл сапасыз тауарлар мен қызметтерді ұсынғандарды келесі жылы порталдан шығару үшін бізге тиісті хаттар жіберуі керек. Ашығын айтқанда, нашар жеткізушілер порталда болмауы тиіс», – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

«ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫ — ЕРЕКШЕ ҚЕЖЕТТІЛІГІ БАР ЖАНДАРДЫҢ ЖӘРДЕМШІСІ

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры демекші, бұл қордың құрылғанына — шамамен 9 ай. Ауқымды мақсаттар мен өршіл міндеттер қойылған қайырымдылық ұйымының қызметі үшін біршама қысқа мерзім. Алайда, әлеуметтік-экономикалық өзгерістер кезеңінде жылдам әрекет ету керек, өйткені көмекке дәлі қазір мұқтаж жандар көп. Президенттің бастамасы бойынша кең көлемді міндеттері бар қоғамдық әлеуметтік қайырымдылық қорын құру отандық қайырымдылық саласының тарихы мен тәжірибесінде алғаш рет орын алуда. Тиісінше, «Қазақстан халқына» көптеген қоғамдық ұйымдар мен қорлардың жинақталған тәжірибесіне сүйене отырып, өзінің қызмет бағдарын белгіледі. Қордың тұжырымдамасын, басым бағыттарын, кімге және қандай қолдау көрсету керек екенін талқылау мен анықтау үшін уақыт керек болды. Көмек берілсе, оның әсері тиімді, әрі ұзақ мерзімді болғаны маңызды еді. Қор мәселелерді жүйелі түрде шешуге кірісіп, популистік шешімдерден бас тартты. «Қазақстан халқына» қаражатты жай ғана «таратып» қоймай, донорлардың ақшасы болашаққа инвестиция болатындай етіп бөлуді мақсат қойды. Бүгінгі таңда Қорға ірі компаниялардан, жеке қайырымдылық қорлары мен ұйымдардан, меценаттар мен жеке тұлғалардан 131,6 млрд. теңге түсті.

«Біз азаматтардың лезде нәтиже күтетінін түсіндік. Ондаған жылдар бойы қордалаған мәселелерді бір күнде шешу мүмкін емес. Түскен әрбір теңгені ұтымды пайдалану үшін әрбір өтінішті жіті зерделеу, ұсынылған жобалар мен бағдарламаларды егжей-тегжейлі бағалау қажет болды. Оларды жүзеге асыру үшін серіктестер мен жеткізушілерді анықтау керек. Осы үрдістерді қаншалықты жылдам іске асыруға тырысқанымызбен, әжептәуір уақыт кетті. Сонымен қатар, алғашында бұл жұмысты қалай жүзеге асыру бойынша нақты механизм болмады. Ал бүгін бірегей модельді құрып, қоғамның, сарапшылар мен билік өкілдерінің қолдауы арқасында жұмысымызды жүйеледік. Бұл Қор алдындағы даңғыл жолдың басы, алғашқы қадамы ғана», — дейді Қордың басқарма төрағасы Болат Жәмішев.

Қазіргі таңда Қор 17 қайырымдылық бағдарламасы мен жобасын жүзеге асыруда. Әрбір бағдарлама мен жобаның, не атаулы көмек көрсетудің себебі күрделі өмірлік жағдайға негізделген. Қор жұмысын бастаған алғашқы айда рекордтық 30 мыңға жуық өтінім келіп түсті. Күн сайын қызметкерлер мыңдаған өтінішті өңдеуге тура келді. Бүгінде Қорға ай сайын 800-1000 өтінім түседі. Өтініштердің негізгі бөлігі денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау, білім беру және спорт саласындағы сұрақтарға қатысты. Сондықтан дәл осы бағыттар бойынша қолданыстағы бағдарламалар іске қосылды. Олар бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балалар мен ересектерді, ерекше балаларды, ауылды жерлердегі балалар мен жастарды қолдауға бағытталған. Қор денсаулық сақтау мен әлеуметтік қолдау салаларында қандай мәселелерді шешуде?

Әлеуметтік маңызды бағыттар бойынша қор 9 бағдарламаны іске асыруда: мүгедек балалар мен жастарды инновациялық протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз ету; тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды экзоскелеттік роботтандырылған құралдармен қамтамасыз ету; тамырлы патологиясы бар балаларға медициналық көмек көрсету; ерте араласу орталықтарын жарақтандыру; медициналық ұйымдарды мерзімінен бұрын ретинопатияны офтальмологиялық скрининг және емдеу үшін жабдықтармен қамтамасыз ету; қасаң қабық трансплантациясын қажет ететін көз органдарының аурулары бар пациенттерге қайырымдылық көмек көрсету; аутизмі және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған орталықтарды жарақтандыру; ҚР спортшыларын параатлетикаға дайындау және қатысу үшін спорттық-жүгіру протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз ету; ауыр науқастарды шетелдік клиникаларда емдеу.

Бұл бағдарламалар мемлекеттік бағдарламаларды алмастырмайды, оларды толықтырып, сонымен қатар медицина мен әлеуметтік қорғау саласындағы көпжылдық өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда протездік-ортопедиялық бұйымдарды алу мемлекеттік бюджеттен кепілдендірілген сомамен шектеледі және неғұрлым функционалды протез сатып алу үшін қосымша қаражат қажет. Мемлекеттік қамтамасыз ету жүйесі қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты мұқтаж азаматтардың сұранысын қанағаттандыра алмайды. Сондықтан 2022 жылдың мамыр айынан бастап Мүгедек балалар мен жастарды инновациялық протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз ету бағдарламасы 39 адамды бионикалық протездермен қамтамасыз етті, оның ішінде 19-ы — бала. Бір ай бұрын 8 жасар Даниял осындай заманауи протез берілді. Бүлдіршін жазатайым жағдайда оң аяғынан айырылған. Даниял ата-анасымен бірге протез алуға үмітін үзбеді. Бүгінде протездің арқасында Даниял жүгіре де, секіре де алады, оған қоса еркін түрде футбол да ойнай алады. Мұндай құрылғыларды тағы да 30 мұқтаж адамға әзірленуде. Жыл ішінде 80-ге жуық қазақстандық протезге ие болады. Осы мақсаттарға 1 млрд. 568 млн. теңге бөлінді. Қор серіктестері – «Medicare International» отандық өндірушісімен 243 606 339 теңге сомасына 32 протез дайындалған және «Фармас» ЖШС 36 560 000 теңге сомасына 3 протез дайындалып, берілді (тағы 4 протез сыналып жатыр).

Тағы бір маңызды аппараттың бірі – экзоскелет. Ол науқастың негізгі диагнозы аясында басқа асқынуларды алдын алуға көмектесетін тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға арналған жоғары технологиялық оңалту құралы. Экзоскелет церебральды сал ауруы, ми жарақаттары, жұлынның зақымдануы, параплегия, бұлшықет дистрофиясы, Ретт синдромы және басқа диагноздары бар балаларға арналған қозғалыс жаттығуларын тиімді орындауға мүмкіндік береді. Дәрігерлердің айтуынша, құрылғы барлығына бірдей арналмаған: қажеттілікті анықтау кезінде баланың физиологиялық ерекшеліктері мен денсаулық жағдайы ескеріледі. Қордың Мүгедек балалар мен жастарды инновациялық протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз ету бағдарламасы шеңберінде 13 балаға экзоскелет әзірлеу жоспарлануда. Бағдарламаның бюджеті — 117 млн. теңге, бір экзоскелеттің құны — 9 млн. теңгеден. Аппаратты шығарушы – отандық «Mbionics» компаниясы. Құжаттарды дайындап, жинауды Қордың серіктесі – «CyberFund» пациенттік ұйымы жүзеге асырады.

Қазіргі уақытта туа біткен қан тамырлары патологиясы бар науқастардың саны көп, олар лимфолог сияқты тар профильді мамандардың, тиісті жабдықтар мен препараттардың болмауына байланысты медициналық көмектен ада. Уақытылы емделмеу ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Бұл мәселені шешу мақсатында Қор Тамырлы патологиясы бар балаларға медициналық көмек көрсету бойынша бағдарламаны жүргізуде, оған 20 480 000 теңге бөлінді. Қордың серіктесі – А.Қарабек атындағы әлеуметтік медициналық орталығында 61 бала қажетті дәрі-дәрмек терапиясы және лазерлік емдеу қолданылуда. Тағы 85 баланың өтініші қаралуда. Емнің арқасында науқастардың беті бері қарап, оң өзгеріске қол жеткізіп жатыр. Ерекше балаларды қолдау Ұлттық статистика бюросының мәліметінше 10 жыл ішінде мүгедектігі бар 17 жасқа дейінгі балалар саны 2 есеге жуық өсті. 2020 жылы мүгедек балалардың саны 94 660 балаға дейін артқан. Балалар мүгедектігіне жүйке жүйесінің аурулары (28,5%), туа біткен ауытқулар (даму ақаулары), деформациялар және хромосомалық бұзылулар (24,9%), психикалық және мінез-құлық бұзылыстары (11,9%) себеп. Тұрақты кешенді оңалтуға алғашқы екі топ мұқтаж. Мысалы, шала туылған нәрестелердегі орталық жүйке жүйесінің зақымдануы мүгедектіктің негізгі қауіп факторларының бірі. Ғылыми дереккөздерге сәйкес, шала туылған нәрестелер арасындағы мүгедектіктің пайызы 20-дан 30%-ға дейін, толық мерзімді нәрестелер арасында 6%-ды құрайды. Бүгінгі таңда Қазақстанда мұндай жүйенің жоқтығына байланысты бұзылыстардың туындау қаупі бар балаларға ерте диагностика және ерте абилитациялық көмек көрсету қажеттілігі өткір мәселе болып отыр. Сондықтан Қор арнайы бағдарлама әзірлеп, 2023 жылдың наурызына қарай 13 өңірде: Алматы, Шымкент, Қостанай, Тараз, Өскемен, Талдықорған, Павлодар, Қарағанды, Петропавл, Арал, Орал, Атырау қалаларында, Түркістан облысының Қабланбек ауылында ерте араласу орталықтарын жарақтандыруды жоспарлап отыр. Орталықтарды жарақтандыруға 1 615 808 329 теңге бөлініп отыр. Қор орталықтарды жабдықтауға 870 273 144 теңге арнады, «Самұрық-Қазына Траст» КҚ орталықтарды материалдық-техникалық жарақтандыру бөлігінде 616 814 185 мөлшерінде қоса қаржыландыруды жүзеге асырса, «Қамқорлық қоры» КҚ 300 маманды оқытуға 128 721 000 теңге бөлді.

Сонымен қатар, оңалту моделін енгізу және қызмет көрсету сапасын бақылау үшін орталықтарға жетекшілік ету қамтамасыз етіледі. Шала туылған нәрестелерге көмек Аймақтардағы медициналық ұйымдардың көпшілігінде шала туылған нәрестелердегі көру қабілетінің бұзылуын анықтауға арналған жабдық жоқ. Биыл салмағы 1500 г болатын 4344 нәресте дүниеге келді, бұл олардың ретинопатияға шалдығу қаупін арттырады. Жағдайлардың жартысынан көбінде дене салмағы 1500 г-нан аз туылған шала туылған нәрестелерде ретинопатия анықталған және олардың әрқайсысы 5 емдеуді қажет етеді. «Медициналық ұйымдарды шала туылған нәрестелердің ретинопатиясын офтальмологиялық скрининг және емдеу үшін жабдықтармен қамтамасыз ету» бағдарламасы арқылы «Қазақстан халқына» 326 775 300 теңге сомасына 31 медициналық ұйымды жабдықтауды жоспарлауда. Шала туылған нәрестелердің ретинопатиясын уақтылы анықтау олардың мүгедектікке ұшырауын алдын алып, зағип болмауға мүмкіндік береді. Қазір «Профмед тобы» ЖШС (Heine Optotechnik зауытының өкілі) және «MedInnovation» ЖШС ресми дистрибьюторларымен жабдықты жеткізу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Ағзалар мен тіндер донорлығына қатысты заңнама іс жүзінде толық жүзеге асырылмаған жағдайда Жақында «ҚазҰМУ» КЕАҚ «Қасаң қабық трансплантациясын қажет ететін көз органдары аурулары бар науқастарға қайырымдылық көмек көрсету» бағдарламасы бойынша шынайна трансплантациясын жүргізу үшін қажетті биоматериал жеткізіледі деп күтілуде. 2022-2024 жылдарға 373 350 280 теңге бөлу жоспарлануда. Қорға 21 өтінім келіп түсті. Американдық Lions Eye Institute for Transplant and Research трансплантация үшін донорлық қабықтарды дайындайды. ҚазҰМУ базасында «Офтальмология» бөлімшесі мен кафедрасының қызметкерлері мүйізді қабықты трансплантациялауды қажет ететін емделушілерді қабылдауды, қарауды, консультацияны, іріктеуді және базаны әзірлеп, сондай-ақ операция жүргізетін болады. Қасаң қабықты толығымен алып тастамай, тек зақымдалған қабатты ауыстырады. Консервіленген мүйізді қабықты трансплантациялау бойынша операциялар мүйізді соқырлығы бар пациенттерге көру қабілетін қайтару бойынша жалғыз тиімді әдіс. Бұл операция Қазақстанда 2018-2019 жылдары сәтті жүргізілді. Бағдарлама тоқтатылғаннан кейін бүгінде шамамен 2 мыңға жуық науқас шұғыл көмекке мұқтаж. Аутизмі бар балаларға жағдай жасау қажет Сарапшылар аутизмге шалдыққан балалар саны жыл санап өсіп артып жатқанын атап өтуде. Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратынша, 4 жыл ішінде қазақстандық балаларда аутизм спектрінің бұзылуы (АСД) анықталған жағдайларының саны 2,3 есеге өскен (2017 жылы – 3820, ал 2021 жылы – 8796). Осыған байланысты аудандар мен қалаларда ерекше балаларға арналған орталықтар құру қажеттілігі артып келеді. Қазіргі уақытта аутизмі бар балалар түзету кабинетіне немесе оңалту орталығына кезекті алты айдан екі жылға дейін күтуге мәжбүр. Бұл ретте түзету көмегі үш аптадан үш айға дейін қысқа мерзімде көрсетіледі, өз кезегінде бұл тиісті нәтиже бермейді. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мұндай санаттағы балаларға көмек, қолдау және түзету өмір бойы үздіксіз көрсетілуі керек. Осылайша, «Аутизмі және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған орталықтарды жарақтандыру» бағдарламасы пайда болып, оның аясында Еңбек министрлігімен бірлесіп АСД балалар саны көп және бос инфрақұрылымы бар 8 өңір іріктелді. Жыл сайын 8 орталықтың әрқайсысында (Алматы, Шымкент, Қостанай, Тараз, Өскемен, Ақтөбе, Талдықорған, Павлодар) 125 бала кешенді қызмет алып, аутизмі және басқа да ақыл-ой кемістігі бар 1000 бала қамтылады. Орталықтар 2023 жылдың наурыз айында ашылып, осы мақсатқа 2 408 104 000 теңге бағытталады. Оның ішінде «Қазақстан халқына» қорының салымы 1 018 420 576 теңге, Қор серіктестері – «Samruk-Kazyna Trust» КҚ 1 281 579 424 теңге сомасына жарақтандыру бөлігінде қаржыландыруды жүзеге асырады, «Қамқорлық қоры» қоры орталықтардың қызмет ету тұжырымдамасын әзірлеуді және мамандарды оқытуды қаржыландыру үшін 108 104 000 теңге бөледі. Науқас балаларды емдеуге миллиард керек. Себебі көпшілік отбасының емдеу шараларына қаражаты жете бермейді. Қор қазірдің өзінде ауыр сырқаттары бар 41 балаға 11 млрд теңгеден астам сомаға дәрі-дәрмек сатып алды. Мысалы, әлемдегі ең қымбат «Золгенсма» препаратымен БҚО, Қарағанды, Ақтөбе және Жамбыл облыстарының, Алматы қаласының 6 баласы қамтамасыз етілді. Дюшеннің бұлшықет дистрофиясын емдеу үшін Қостанай, Ақмола және Түркістан облыстарындағы 7 балаға «Виондис 53» (Голодирсен) және «Экзондис 51» (Этеплирсен) дәрі-дәрмегі берілді. Тірек-қимыл жүйесі ауруларын емдеуге арналған «Эврисди» (Рисдиплам) дәрісі 11 емделушіге (Алматы, ШҚО, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Абай, Қызылорда облыстары, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалалары) берілді. Атырау облысында туа біткен липодистрофиясы бар 2 бала «Миалепта» («Метрелептин») препаратымен қамтамасыз етілді. Тұқым қуалайтын ангионевротикалық ісінуі бар Павлодар және Жамбыл облыстарындағы 3 науқасқа «Цинрайз» дәрі-дәрмегі жеткізілді. Жамбыл облысында жүйелі қызыл жегі бар 1 пациентке «Бенлиста» (Белимумаб) препараты берілді. «Цинрайз» және «Бенлиста» (Белимумаб) сияқты кейбір дәрілік заттар Қазақстанда тіркелген. Бірақ Денсаулық сақтау басқармасы оларды ТМККК және МӘМС шеңберінде қамтамасыз ете алмаған соң, Денсаулық сақтау министрлігінің келісімі бойынша Қор бұл дәрі-дәрмектерді мұқтаж жандарға сатып берді. 1 емделушіге өкпенің лимфангиолейомиоматозы бар «Рапамун» (Сиролимус) дәрісі, «Китруда» (Пембролизумаб) препараты онкологиялық ауруы бар 1 науқасқа, «Лорбрен» (Лорлатиниб) онкологиялық ауруы бар 1 емделушіге сатып алынды. Нейробластома диагнозы қойылған 13 балаға «Карзиба» (Динутуксимаб бета) препаратын жеткізу жалғасуда. Алдымен 120 құты жеткізілді. 100 құтының екінші топтамасы қазанда жеткізілсе, қалған 70 құты өндіріс орнын қайта орналастыруға байланысты осы жылдың қараша-желтоқсан айларында жеткізіледі деп жоспарлануда. Неліктен дәрі-дәрмектерді сатып алу ұзаққа созылады? Объективті себептер бойынша орфандық дәрі-дәрмектерді сатып алу және жеткізу мерзімі шамамен 2,5-3 айға созылады. Қор қайырымдылық ұйымы болған соң, фармацевтикалық лицензияға ие емес, сондықтан Қор тек дәрі-дәрмекті төлеуші ретінде әрекет ете алады. Жеткізуді ұйымдастыру үшін Қазақстанда тиісті лицензиясы бар серіктес айқындалып, ол дәрілік затты алушы, оны медициналық ұйымға дейін тасымалдауды және жеткізуді қамтамасыз етеді. Әдетте мұндай жағдайда Қордың серіктесі ретінде «СК Фармация» ЖШС болып табылады. Сатып алынатын дәрілік заттар біздің елде тіркелмеген соң, белгілі бір уақыт келісуге және шартқа қол қоюға, шетелден жеткізуді ұйымдастыруға, біржолғы әкелуге рұқсат алуға кетеді. Дәрі-дәрмектерді осыған дейін министрлік те, «СК Фармация» компаниясы да сатып алмағанын ескерсек, көп жағдайда орфандық препараттар бойынша жеткізуші кәсіпорындар беймәлім. Осылайша серіктес немесе дистрибьютор іздеуге, сатып алу ережелері мен мерзімін анықтауға едәуір уақыт жұмсалады. Бұл ретте сирек препараттар кем дегенде бір жылдан кейін жеткізіледі, өйткені олар алдын ала жіберілген өтінімдер бойынша қатаң түрде шығарылады. Өндірушілер сатып алушы елдермен нақты өтінімдер бойынша жұмыс істеп, тек белгілі бір мөлшерде дәрі-дәрмектер шығарады. Сондықтан сирек кездесетін дәрі-дәрмектерге өтінімдер кемінде бір жылдай мерзім бұрын жіберіледі. Сонымен қатар барлық дистрибьюторлар сақтау және тасымалдау кезінде арнайы режимді сақтауды қажет ететін дәрілік заттардың аз мөлшерін жеткізуге мүдделі емес. Сатып алынатын препарат емделушіге немесе оның ата-анасына емес, тікелей денсаулық сақтау басқармасына тапсырылады. Себебі, тіркелмеген және инновациялық дәрі-дәрмекті тиісті сақтау шарттарын тек медициналық ұйым қамтамасыз ете алады. Осы себептерге байланысты Қор азаматтардың өтініштері бойынша дәрі-дәрмектерді сатып алуды тоқтатып, Денсаулық сақтау министрлігімен келісілген тізбе бойынша орфандық ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектерді сатып алуға көшуді жоспарлап отыр. Бұл тізімге мемлекет қаражаты есебінен сатып алынатын дәрі-дәрмектер тізіміне кірмеген қымбат дәрілер енгізіледі. «Қазақстан халқына» әлеуметтік қоры Азаматтардан Қорға шетелдік емханаларда емделуге ақы төлеу үшін көмек көрсету туралы өтініштердің көптігі себебінен Қор біздің елімізде көрсетілмеген, ал шетелдік клиникаға жолдама алу мүмкін болмаған жағдайларда көмек беру туралы шешім қабылдады, себебі сұралған төлем шарттары қазақстандық заңнамаға сәйкес келмейді. Бұл ретте денсаулық сақтау министрлігі Қорға емхананы таңдауда және емдеу бағдарламасын негіздеуде жәрдемдеседі. Өзге жағдайларда өтінімдер қанағаттандырылмайды. Бүгінгі таңда Қор 134 386 456 теңге сомасына 9 науқасқа (оның ішінде 7 бала) ҚР-да көрсетілмейтін медициналық қызметтерді (емдеу, тексеру) Ресей, Түркия мен Оңтүстік Кореяда көрсету үшін қаржыландырды. Атап айтқанда, пациенттер академик В.И.Кулаков атындағы акушерлік, гинекология және перинатология ұлттық медициналық зерттеу орталығында, бронхтың реконструктивті операциясын жүргізуге «ОТЕКОВ НЕТ» ЖШҚ клиникасында, туа біткен тамыр патологиясы бар азаматқа «Тамырлы патология орталығы» ЖШҚ клиникасында, трахея пластикасына арналған бронх-өкпе жүйесінің туа біткен сол жақ негізгі бронх ақауын емдеуге Мәскеу қаласының клиникасында, асқазан-ішек жолдарының туа біткен даму кемістігі бар қысқа ішек синдромы кезіндегі реконструктивті операция үшін Н.И.Пирогов атындағы Ресей ұлттық зерттеу медициналық университетінде, сондай-ақ жүре пайда болған апластикалық анемиясы бар, екі жіліншік пен аяқтың лимфедемасы бар туа біткен жүрек ақауы бар пациенттерге емдеу бойынша қайырымдылық көмек көрсетілді. Жақын арада зәр шығару жолдарын қалпына келтіру бойынша 1 науқасты шетелге емделуге жіберу жоспарлануда. Басымдық білім саласында Білім беру саласында да Қор түйіткілді мәселелерді жүйелі шешу тәсілін қолданады. Бүгінгі таңда мемлекеттің оқушыларға білім беру үшін қолжетімді орта құру жөніндегі күш-жігеріне қарамастан, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім беру сапасындағы алшақтық айтарлықтай. Балалар тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы білім алуға құқылы. Көшпелі және офлайн кездесулерде Қор өкілдеріне жұртшылық тарапынан ауылдағы білім сапасына назар аудару туралы жиі айтылды. Фото: «Қазақстан халқына» әлеуметтік қоры Маусым айынан бастап Қор «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасын іске асыра бастады. Бағдарламаның мақсаты өңірлердегі 17 ауылдық мектепті білім берудің барлық пәндері мен бағыттары бойынша жаңа заманауи модификациямен жарақтандыруды қамтамасыз етіп қана қоймай, қолайлы білім беру ортасын құру үшін білім ресурстарын шоғырландыра отырып, жақын маңдағы шағын жинақты мектептер үшін тірек ұйым, құзыреттілік орталықтарына айналдыру болып табылады. 17 ауыл мектебін жабдықтауға 4 млрд 250 млн теңге (1 мектепке 250 млн теңге есебінен) бөлінген. Бүгінгі таңда Ақмола облысы Қатаркөл ауылында алғашқы тірек мектеп – Досов атындағы орта мектеп жарақтандырылды. Қазірдің өзінде сабақтар интерактивті панельдерді, жаңа құрылғылар мен демонстрациялық материалдарды қолдана отырып жүргізілуде. Жобаны іске асырудағы серіктестер – Білім беруді тұрақты дамыту қоры, сондай-ақ мұғалімдердің біліктілігін арттыру және тегін әдістемелік қолдауды «НЗМ» ДББҰ көрсетеді. Педагогтарды оқыту және кабинеттерді жабдықтау кезінде НЗМ сарапшыларының тәжірибесі мен ұсыныстары қолданылды. Серіктестердің қатысуымен ағымдағы жылдың соңына дейін өзге өңірлерде 16 тірек ауылдық мектепті жаңғырту процесі аяқталады. Инженерлер елге қажет Әлем бойынша да, елімізде де бағдарламалау мен инженерлік құзыреттілік саласындағы мамандарға қажеттілік артып келеді. Бұл дағдыларды мектеп кезінен дамыту керек. Осы бағытта Қор «Болашақ инженерлер» қайырымдылық бағдарламасын жоспарлап отыр. Меморандумға қол қойылып, жобаны іске асырудың Жол картасы дайындалды. Робототехника кабинеттері Қазақстанның барлық облыстарында: әр ауданда, шағын қала мен моноқалада бір мектептен жарақтандырылады. 1-6 сынып оқушылары 160 ауылдық және шағын қалаларда және моноқалалардағы 27 мектепте бағдарламалау, құрастыру, мехатроника, электротехника және басқа да бағыттар бойынша білім ала алады. 2022-2026 жылдар кезеңінде жарақтандыруға 1 339 668 мың теңге бағыттау жоспарлануда, оның ішінде: «Қазақстан халқына» қоры жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алу үшін 673 200 мың теңге бөледі. Өз кезегінде серіктестер – Инженерлік білім беруді дамыту қоры ұйымдастыру мәселелерін мойнына алса, «Арман Инжиниринг» ЖШС робототехника кабинеттерін жөндеу мен рәсімдеуді, жиһазбен және оқу-әдістемелік кешенмен жарақтандыруды, мектеп педагогтарын оқытуды ұйымдастыруды және әдістемелік қолдауды қаржыландырады. Жобаны келесі оқу жылында іске қосу жоспарлануда. Назарда – арнайы мектептер Арнайы мектеп білім беру ұйымдарын жабдықтау мәселесі де назар аударуды қажет етеді. Бұзылыстары бар балалар, оның ішінде психофизикалық дамуы бар балалар оқитын арнайы мектептерді қаржыландыру жергілікті атқарушы органдар тарапынан тиісті деңгейде емес, қалдық қағидаты бойынша жүргізіледі. Бүгінгі таңда мектептердегі материалдық-техникалық база толығымен ескірген және қазіргі заманғы сұраныс пен уақыт талабына сәйкес емес. Сондықтан мамандар ерекше балалармен жұмыс жасауда көне оңалту және түзету жабдықтарын пайдалануға мәжбүр. Қордың Арнайы мектеп ұйымдарын жарақтандыру жөніндегі бағдарламасы жергілікті атқарушы органдарға ерекше қажеттіліктері бар балалардың қандай жағдайда оқып, тәрбиеленуі тиіс екенін көрсетіп, осы салаға назарын аударуды көздейді. Облыс әкімдіктерімен және Оқу-ағарту министрлігімен бірлесе арнайы мектептер іріктеліп алынды. Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бағдарламаға әдіснамалық қолдау мен педагогтардың біліктілігін арттыруды жүргізеді. 98 арнайы білім беру ұйымдарын, сондай-ақ «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» РММ-ні «жаңалау» жоспарлануда. Оның ішінде 31 мектеп пен РММ биыл жабдықталады. 2022-2024 жылдарға 2 764 000 000 теңгеге дейін бөлу жоспарланып отыр. Түрлі жабдықтар мен жиһаздарды қазақстандық және ресейлік кәсіпорындар жеткізеді. Ауылдағы аз қамтылған және мүгедек азаматтарды қолдау Қыркүйек айында халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан 2 мыңға жуық талапкер мен студент «Қазақстан халқына» қорының грант иегерлері атанды. Білім беру гранты бағдарламасының пайда болуы кездейсоқ емес. Бағдарламаны әзірлеуге жастар мен олардың ата-аналарынан ЖОО-да оқу ақысын төлеуге жәрдемдесу туралы жазылған 1500-ден астам өтініші негіз болды. Соның ішінде көру қабілеті бұзылған және CБЖ гемодиализдегі терминальды сатыдағы 30 жасар Мария Кеңесованың өтініші ерекше себеп атанды. Ол оқуын жалғастырып, медициналық мамандық алу үшін Қорға оқу ақысын төлеуге көмек алу үшін жүгінген. 2010 жылы С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-ға жалпы медицина факультетіне оқуға түскен. 2014 жылы қант диабетінің асқынуына байланысты ол көру қабілетін жоғалтып, гемодиализге ұшырады. Өткен жылы терең күйзелістен арылып, Марияның жағдайы жақсарған соң, ол университеттегі оқуын қайта жалғастырды. Үшінші курс үшін 158 мың және келесі оқу жылы үшін 1 млн 188 мың теңге төлеу қажет болды. Айтуынша, 2014 жылы әкесі қайтыс болған, ал анасымен мұндай қаражатты төлеуге мүмкіндігі жоқ. Мария сияқты елімізде мыңдаған мұқтаж жан бар. Олар денсаулықтарының ерекше қажеттіліктері мен отбасыларының әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты қиын жағдайға тап болды. Сондықтан гранттар халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан талапкерлер мен студенттерге берілді. Қазіргі уақытта 1978 талапкер мен студент грант иегері атанды, оның ішінде бакалавриат бағдарламалары бойынша жоғары білім алуға мемлекеттік немесе өзге грант алмаған 738 талапкер және 1240 ақылы бөлімнің студенті. Студенттер «Қазақстан халқына» қоры есебінен 79 ұлттық, мемлекеттік және жеке жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында білім алып, 40 000 теңге көлемінде стипендия алады. Грант 1 млн теңгеге дейінгі оқу ақысын төлеуге бағытталған және кейін «пысықтауды» талап етпейді. Грант иегерлерінің тізімі Қордың qazaqstanhalqyna.kz сайтында жарияланған. Студенттерден өтінімдерді қабылдау бірнеше кезеңнен өтіп, Қордың серіктестері – «Taiburyl» ҚБ және «Эндаумент КАЗГЮУ» КҚ платформасы арқылы жүзеге асырылды. Талапкерлерге келетін болсақ, жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары ауыл мектептерінің түлектеріне артықшылық бере отырып шешім қабылдады. Спорт саласындағы сауалда Фото: «Қазақстан халқына» әлеуметтік қоры Өңірлердегі, әсіресе, шалғайдағы ауылдардағы спорттық инфрақұрылымның жағдайы көңіл көншітпейді. Көптеген ауылдарда мектептердегі әдеттегі спорт залдарынан немесе көшедегі «дала стадионынан» өзге іс жүзінде лайықты спорттық инфрақұрылым жоқ. Мемлекеттік бағдарламалар аясында салынған дене шынықтыру-сауықтыру кешендері негізінен аудан орталықтары мен қалаларда орналасқан. Халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балалар мен жастардың спорт үйірмелері мен секцияларға үнемі қатысуына мүмкіндігі мен қаржысы жете бермейді. Қордың бастамасымен «Батыр боламын» ҚҚ бірлесіп, «24 балалар спорт залы» қайырымдылық жобасы шалғайдағы елдімекендерде және спорт инфрақұрылымы төмен ауылдарда спорт залдарын ашуды көздейді. Бүгінде Ақмола облысының Тасты ауылында, Алматы облысының Ават ауылында, Маңғыстау облысының Бейнеу және Ақжігіт ауылдарында, Жетісу облысының Черкасск ауылында, Қарағанды облысының Изенді ауылында, Алматы облысының Қазақстан ауылында залдар ашылды. 7 спорт залда 710-нан астам бала спортпен шұғылданады. Жоба аясында 24 залдың ашылуына 183 623 000 теңге бағытталады. Ғимарат қажетті заманауи жабдықтармен және спорттық құрал-жабдықтармен жарақтандырылып, күрес, бокс, карате және гимнастика сияқты залдарымен жабдықталған. Келесі жылы жоба бойынша спорт зал саны 100-ге дейін кеңейтіледі. Мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдауға арналған «Тұсау кесер» жобасы іске қосылды. Қазақстанда білікті мамандар мен қаржылық қамтамасыз етудің жетіспеушілігінен балалардың осы санатына арналған үйірмелер саны аз. Бағдарлама бойынша құрылған үйірмелер мотивациялық сипатқа ие және әдеттегі секцияларда үлкен жүктемелерді орындай алмайтын, мүмкіндіктерінің шектеулігіне байланысты өзін-өзі төмен бағалауға бейім, бірақ әлі де оңалту әлеуеті бар ерекше балалардың әлеуметтенуіне оң әсер етеді. Сондықтан жобаны іске асыру үшін Астанадағы «Жас жауынгер» дене шынықтыру-сауықтыру клубының тәжірибесі пайдаланылды. Жақында Қордың қолдауымен клуб оқу бағдарламасына авторлық құқықты растайтын ғылыми патентке ие болды. Еліміздің 5 өңірінде ерекше балаларға арналған 5 дене шынықтыру-сауықтыру үйірмесі ашылған. Үйірмелердің арқасында балалар алғаш рет аяғынан тұрып, қазір спортпен айналысуды жалғастыруда. Осылайша өмірлерінде жаңа кезеңді бастаған балаларға клубта «Тұсау кесер» рәсімі өткізіледі. Бұл ретте балаларды жаттығуға жіберу және ұсыныстар алу үшін оңалтушылардың, невропатологтардың және ортопедтердің қарауынан өтеді. 5 үйірмені жарақтандыруға 37 494 066 теңге бөлінді. Жаттығулар спорттың бес түрінен өтеді: бокс, армрестлинг, карате, ауыр атлетика және «жекпе-жек». Алдағы уақытта жергілікті атқарушы органдар есебінен әрбір облыста осындай жобаны іске қосу жоспарлануда. Фото: elorda.info Ата-аналар балалардың жаттығуларға зор ықыласпен қатысатынын, әрі келесі сабақты күтіп, өткізбеуге тырысатынын айтады. Жаттықтырушылардың зор тәжірибесі, ашықтығы мен мейірімділігі, балаларға деген сүйіспеншілігі ерекше. Балалардың өзін-өзі бағалауы жоғарылап, сенімділігі, көшбасшылыққа деген ұмтылысы күшейгені, белсенділігі мен төзімділігі артып, тіпті иммунитет жоғарылағаны байқалады. Сондай-ақ, балалармен жаттығуларда мотивациялық әңгімелер айтылып, қорқыныштары мен әлсіздіктерін, өзіне деген сенімсіздіктерін жеңуге баулиды. Үйірмеде балалар жаңа достар тауып, қоғамда әлеуметтенуі белсенді өтеді. Осындай «қаһармандарымыздың» бірі – елордалық Амал Ескенеев. Ол 3 жылдан бері «Жас Жауынгер» клубының жаттықтырушыларымен парабокс, армрестлинг және паракүрес сияқты бейімделу спортымен айналысады. Амалға туғанынан церебральды сал ауруы диагнозы қойылды (төменгі аяқтың диплегиясы және екі көздің ішінара атрофиясы). Жоба ресми түрде ашылғанда қазақ дәстүрлеріне сәйкес «Тұсау кесер» рәсімі өткізіліп, ол өзінің алғашқы қадамын басты. Ата-аналар мен жаттықтырушылардың айтуынша, сабаққа қатысқаннан кейін бүлдіршін өздігінен тұруды үйреніп, жүру қимылдары жақсарған. Ол кеудені жерден көтеруді, іш қуысын жаттықтыруды, денені ұстап тұруды үйренген. Амал физикалық тұрғыдан күшейіп, шыдамдылығы мен төзімділігі, бастысы – өзіне сенімділігі артты. Ата-анасының пікірінше, жаттығулар мінезінің шыңдалуына, артық салмақтан арылып, бұлшықеттерінің қатаюына, қол қозғалысына оң ықпал етті. Осылайша Амал мен оның жақындары өмірдің жаңа кезеңіне жаңа қадам жасады. Қор параспортмендерге де қолдау білдірді. ҚР спортшыларын параатлетикаға дайындау және қатысу үшін 10 спорттық-жүгіру протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарлама 2022-2024 жылдары іске асырылады. Протездерді дайындауға 113 млн теңге жұмсалады. Жоба спортшыларды протездермен қамтамасыз ете отырып, ел тарихында тұңғыш рет паражеңіл атлетикада жүгіру тобын құруға мүмкіндік береді. Протездерді «Ottobock» өндіруші зауытының өкілі «Фармас» ЖШС әзірлеп, оны Ұлттық паралимпиадалық комитетке табыстайды. Комитет спортшылардың протездерді пайдалануын бақылайды. Әрбір протездік-ортопедиялық бұйым жеке дара болғанымен, спортшы ауыстырылған жағдайда оны жеке бөлшектерді ауыстырғаннан кейін физикалық жағдайы ұқсас кез келген параспортсмен пайдалана алады. Алдағы уақытта паралимпиадашылар командасы өңірлік және халықаралық жарыстарға, сондай-ақ Паралимпиада ойындарына қатысуға үміткер бола алады. Паражүгірушілердің спортшылар командасы ҚР-дағы бағытты дамыту бағдарламасына, сондай-ақ мүгедектерді бұқаралық спортқа тартуға ықпал ету мақсатында протезбен жүгіру мектебінің ашылуына бастамашы болмақ.

Дайындаған: Т.ЕСЕНБАЙҰЛЫ.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.