ТҮРКІСТАН: ОТЫРАР АУДАНЫНДА «АНА – ӨМІР ШУАҒЫ» АТТЫ МЕРЕКЕЛІК ШАРА ӨТТІ

8 наурыз — Халықаралық әйелдер күніне арналған «Ана – өмір шуағы» атты мерекелік шара өтті. Салтанатты шараға 200-ден астам қыз-келіншек қатысты. Олардың ішінде еңбек ардагерлері, батыр аналар, білім, денсаулық саласының ардагерлері, түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген арулар бар.
Мерекелік шараға келген көпшілік алдымен суретші Әділхан Мәліктің аналар тақырыбындағы сурет көрмесі мен аудандық орталық кітапхананың кітап көрмесін тамашалады.
Мұнан соң мерекелік сахнаның шымылдығы арнайы дайындалған «Аналар шеруі» композициялық қойылымымен түріліп, Домалақ ана мен Айша бибі, ұлы Абайды тәрбиелеген Зере мен Ұлжан, қол бастаған Бопай, ел билеген Айғаным, Ұлпан аналарымыз бен қазақтың батыр қыздары Әлия мен Мәншүктер туралы туынды көрермен назарына ұсынылды.
Аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов пен аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов аудандағы аналар қауымы мен қыз-келіншектерді мерейлі мерекемен құттықтады.
Бүгінде Отырар ауданында алтын құрсақты 175 батыр ана, «Алтын алқа» орденімен марапатталған 433 ана, «Күміс алқа» орденімен марапатталған 1492 ана бар. Және де I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған 91 ана ауданның қоғамдық-саяси өмірінің түрлі саласында қызмет етіп келеді.
Мерекелік шара барысында өз саласында елеулі еңбек етіп жүрген бірқатар нәзікжандылар аудан әкімінің және аудандық мәслихат төрағасының алғыс хаттарымен марапатталып, аналарға арналған аудан әкімінің арнайы сыйлықтары табысталды. Одан әрі жергілікті өнерпаздар барша қатысушыларға мерекелік көңіл күй сыйлап, аяулы жандарға жанды дауыста әсем әндерін арнады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin