ТҮРКІСТАН: Орыс тілі және әдебиеті апталығы аясында «Даналық бейсенбі» жобасы

«Даналық бейсенбіде» қонақта «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, Райымбек Сейтметов атындағы театр актері Талғат Карынбаев Сәрсенбекұлы

Орыс тілі және әдебиеті апталығы аясында «Даналық бейсенбі» жобасына қонаққа Түркістан қаласы Райымбек Сейтметов атындағы музыкалық-драма театр және кино актері, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Талғат Сәрсенбекұлы келді.

Бағдарлама қонағы кездесу барысында өнер жолын қалай таңдағаны жайында, актерлік өнер мамандығы туралы сөз қозғап, оқушылардың бұл салаға деген қызығушылығын тыңдауда, ашық сұхбат жүргізді. Өз кезегінде зияткерлерде бағдарлама қонағына актер болу үшін қандай қабілеттерді меңгеру қажет, сахна алдындағы қобалжу, театр мен кинодағы рөлдерді сомдаудағы айырмашылықтар жайында сұрақтар қойды. Актер өз сөзінде:

— Мен актерлік өнерді рухани шаһардағы киелі театр Р.Сейтметов атындағы драма театрдан бастадым. Әр сахналық қойылымға шығар алдын кез-келген актер қобалжиды. Бұл қалыпты жағдай. Дегенмен сахнаның құдіреттілігімен қасиетін, көрермендердің назарын сезіне білген актер өз рөлін кәсіби сомдап шыға алады, — деп оқушыларға театр сахнасының киелілігін ұғындырды.

Онымен қоса, театр сахнасы мен киноға түсудің айырмашылығын түсіндірді:

— Театрдың кинодан айырмашылығы – театрда шынайы қойылым, ең бастысы көрермендер бар. Сахнадан көрермендердің түрлі эмоциясын көресің, бірі күледі, бірі жылайды, бірі сомдаған рөлі үшін қолпаштап, тамсанып отырады. Бұл – актер үшін үлкен қолдау, үлкен демеу. Онсыз актер ойнай алмайды. Ал кино деген – техникалық дүние, мұнда камера, жарық, монтаж, трюк, компьютерлік графика бар, — деді, театр және кино актері Талғат Сәрсенбекұлы.

Бағдарлама қонағы түркістандық зияткерлермен сұхбат қана жүргізіп қоймай, мектептегі «Театр үйірмесінің» алғашқы қойылымын тамашалады. Айта кетейік, аталған үйірменің жетекшісі орыс тілі пәнінің мұғалімі Дана Магзимова мектеп оқушыларымен бірге үйірменің премьерасына арнайы кәсіби актерді шақырғанын айтады. «Летучий корабль» атты мектеп оқушылары сахналаған спектакль актер Талғат Карынбаев пен көрермендерді тәнті етті. Өз рөлдерін кәсіби сомдап шыққан үйірме қатысушылары қойылымды тамашалаған әр көрерменге түрлі эмоциялар сыйлады. Сонымен қатар, сахнадағы көркемдік безендірулерде қойылымның шынайы сомдалуына ерекше көрік берді.

Спектакль соңында актер Талғат Сәрсенбекұлы үйірме жетекшісі мен мүшелеріне ерекше алғыс білдіріп, кәсіби маман ретінде жоғары баға берді. Сондай-ақ қойылымдағы актерлік шеберліктерімен көзге түскен оқушылар марапатталды.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.