Бүгін Р.Исетов атындағы №20 жалпы орта мектебінде «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» тақырыбындағы Қазақстан халықтарының тілдер мерекесіне арналған облыстық онкүндік іс-шарасының жабылу салтанатына өтті. Тіл жанашырларының басын қосқан алқалы жиынның шымылдығын Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова ашып, тіл жанашырланың атқарған жұмыстарына оң бағасын берді.
«2018 жылы тілімізге арналған мерекелі күн 5-қыркүйекке яғни ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне ауыстырылған болатын. Мерекенің мән-мағынасына келсек, Ахмет Байтұрсынұлы десе, тіл, ана тілі дегенде, Ахмет атамыз ойға оралады. Тағзым мерекесі, құрмет мерекесі ретінде бұл күннің мазмұны арта түсті десек қате айтқандығымыз емес. Айтулы күнмен баршаңызды құттықтаймын», — деді Оразкүл Шайхықызы.
Мерекелік күнге арналған кештің негізгі бөлігінде сахна төрінде патриоттық әндер шырқалып, оқушылар мен ұстаздар тіл туралы жан тебірентер өлеңдер оқыды. Тағылымды шарада ана тілінің дамуы мен өркендеуіне атсалысып жүрген ұлағатты ұстаздар марапатталды.