Түркістан облысы, Төлеби ауданында өндірістік кооператив тәулігіне 1 тоннадан астам сүт өндіреді. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Төлеби ауданы аумағында сүтті бағыттағы сиырларды көбейту қолға алынған. Мәселен, осы мақсатта Бірінші Мамыр ауылында орналасқан «Болашақ Нұры» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 2017 жылы құрылған болатын.
Шаруашылық иелігінде 200 бас ірі қара мал бар болса, оның ішінде сиыр саны 120 басты құрайды. Кәсіпкер 2019 жылы Ресей Федерациясы, Алтай өңірінен 60 бас сүтті бағыттағы Гольштейн-Фриз тұқымды асыл тұқымды сиыр алып келген болатын.
Кооператив қазіргі кезде сүт өндірумен айналысады. Күніне өндірілетін сүт көлемі 1-1,5 тоннаны құрайды. Сүтті Шымкент қаласына өткізіп, өткізілген сүттің әрбір литріне 20 теңге субсидия алуда.
Айта кету керек, ауданда жалпы 4 050 агроқұрылым бар. Оның 48-і өндірістік кооператив, 128-і ЖШС, 3 874-і шаруа қожалық.
«ANYQ.KZ» — ақпарат