Отырар ауданы: Экономикалық индикаторлар және халықтың кірісін арттыру жоспары талқыланды

Loading

Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлының төрағалығымен кезекті аппараттық жиын өтті. Жиынның күн тәртібінде 2026 жылдың алғашқы 7 айының қорытындысы бойынша индикаторлық көрсеткіштердің орындалу барысы, 9 айға жоспарланған межелер, халықтың кірісін арттыру бағдарламасының орындалуы және бюджет кірістерінің деңгейі қаралды.

Күн тәртібі бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Асқар Көлбай баяндама жасап, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалу деңгейіне және бюджет кірістерінің қалыптасу барысына тоқталды. Сонымен қатар, алдағы кезеңге белгіленген міндеттер мен жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарлама жасады.

Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы индикаторлық көрсеткіштердің орындалуында кемшіліктерге жол берген жауапты бөлім басшыларына ескерту жасап, анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюды тапсырды.

– Ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері – ең алдымен халықтың тұрмыс сапасы мен кірісінің артуына тікелей әсер етеді. Сондықтан 9 айға жоспарланған көрсеткіштердің толық әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету, бюджет кірістерін арттыру – басты міндет, – деді аудан әкімі.

Жиын қорытындысында жауапты мекеме басшыларына жоспарлы көрсеткіштерге толық қол жеткізу және жұмыстарды жүйелі түрде бақылауда ұстау бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You