![]()
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров аудан кәсіпкерлерімен кездесіп, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, шетелдік инвесторлармен бірлескен өндірістер ашу және кәсіпкерлік әлеуетті арттыру мәселелерін талқылады. Кездесуде аудан экономикасына жаңа инвестиция тарту, жергілікті кәсіпкерлердің шетелдік серіктестермен байланысын нығайту және бірлескен жобаларды іске қосу бағыттарына ерекше назар аударылды.
Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, тамақ өнеркәсібі, жиһаз өндірісі, құрылыс материалдарын шығару, логистика, жылыжай шаруашылығы, мал шаруашылығы және сервистік қызмет көрсету салаларындағы жобаларды дамыту мүмкіндіктері сөз болды.
Кәсіпкерлерге шетелдік инвесторлармен бірлесіп, заманауи технологиялар мен жаңа өндірістік тәсілдерді ауданға енгізу бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу ұсынылды. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров кәсіпкерлердің ұсыныстары ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына нақты әсер етуі қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа инвестициялық жобалар ең алдымен өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және аудан тұрғындарының әл-ауқатын көтеруге бағытталуы тиіс.
Бұдан бөлек, кәсіпкерлерді шетелдік серіктестермен тікелей байланыс орнатып, тәжірибе мен технология трансферін жолға қоюға, сондай-ақ бірлескен кәсіпорындар құруға белсенді атсалысуға шақырды. Кездесу қорытындысы бойынша ұсынылған жобаларды зерделеп, олардың экономикалық тиімділігі мен іске асыру мүмкіндіктерін қарастыру, инвесторлармен келіссөздерді жалғастыру және перспективалы бастамаларды сүйемелдеу жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.
Сауран ауданының әкімі азаматтардың жеке мәселелеріне құлақ түрді
Сонымен қатар бүгін Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров азаматтарды жеке қабылдап, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен әлеуметтік мәселелерін тыңдады. Қабылдауға барлығы 16 азамат жазылып, 20 мәселе көтерілді. Жеке қабылдау барысында тұрғындар кәсіпкерлік мақсатқа жер телімін беру, баспана мәселесі, жұмыспен қамту, елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, жол жөндеу, электр жарығын жақсарту, ауыз сумен қамту және әлеуметтік қолдау бағыттары бойынша өтініштерін жеткізді.
Атап айтқанда, азаматтардың бірі балық өсіру мақсатында кәсіпкерлік жер сұраса, жалғызбасты ана баспана мәселесі бойынша көмек көрсетуді өтінді. Сондай-ақ тұрғындар теміржол маңындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тұрақты жұмысқа орналасу және әлеуметтік қолдау мәселелерін көтерді. Қазақстанның 30 жылдығы елді мекеніндегі электр жарығы мен бағаналарды жаңарту, Әшірбек Сығай атындағы орта мектепке АКТ залының құрылысын салу, ауыл шаруашылығы бағытындағы субсидия мәселелері қаралды.
Әлеуметтік мәселелер қатарында ерекше қажеттілігі бар азаматты арнайы жүріп-тұру құралымен қамтамасыз ету мәселесі де айтылды.
Жүйнек ауылындағы жол, электр жарығы және жаяу жүргінші жолы, Оранғай ауылындағы көпірді жөндеу, Жүйнек елді мекеніндегі ауыз су ұңғымасын тазарту, Теке елді мекеніндегі ауыз су мәселелері көтерілді.
Қабылдау барысында аудан әкімі әрбір өтінішті жеке қарастырып, жауапты бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне тұрғындардың мәселелерін қолданыстағы заңнама аясында зерделеп, нақты шешу жолдарын қарастыруды тапсырды. “Тұрғындардың өтініштерін ашық тыңдау және көтерілген мәселелерді жүйелі шешу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады”, — дейді әкімнің өзі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
