«Ясауи керуені»: Созақ ауданында рухани мұра кеңінен дәріптелді

Loading

Созақ ауданында түркі дүниесінің ұлы ойшылы, рухани ұстаз Қожа Ахмет Ясауидің тағылымы мен адамгершілік ілімін кеңінен насихаттауға арналған «Ясауи керуені» ағартушылық-философиялық жобасы аясында аймақтық ғылыми-танымдық семинар өтті. Тағылымды басқосу ұлы ойшыл мұрасын бүгінгі қоғаммен сабақтастыра отырып зерделеуге, ұлттық руханияттың өзегіне айналған құндылықтарды кейінгі буынға жеткізуге арналды.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қожа Ахмет Ясауи мұрасын ел ішінде және халықаралық деңгейде кеңінен дәріптеу жөніндегі тапсырмасы, сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан өңірлік жоба аясында ұйымдастырылды. Семинарға аудан әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы, Түркістан облысы дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облысы бойынша бас имамы Ержан Сматұлы, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, дінтанушылар, жастар және аудан тұрғындары қатысты.

Жиынның негізгі өзегі – Қожа Ахмет Ясауидің өмір жолы мен рухани мұрасын терең таныту, оның іліміндегі ізгілік пен адамгершілік қағидаттарын кеңінен насихаттау. Әсіресе, жастардың рухани дүниетанымын қалыптастыруда Ясауи тағылымының мәнін ашу мәселесіне басымдық берілді.

Семинардың ашылу рәсімін «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Ерлан Дәкенов жүргізді. Ол Ясауи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеумен қатар, оның мазмұнын қазіргі қоғамның рухани сұранысымен байланыстыра насихаттаудың маңызына тоқталды.

Ғылыми басқосуда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай Ясауи ілімінің тарихи негіздері мен қазіргі қоғамдағы рухани мәні туралы баяндама жасады.

Университет доценті, дінтанушы Оразбай Сержан «Ясауи хикметтеріндегі рухани құндылықтар» тақырыбын тарқатып, хикметтердегі ізгілік, сабыр, адалдық пен мейірімділік ұғымдарының тәрбиелік маңызына тоқталды. Ғалымның пайымынша, Ясауи хикметтері – белгілі бір тарихи кезеңнің жәдігері ғана емес, адам болмысының кемелденуіне үндейтін рухани тағылым.

«Ясауитану» ғылыми-зерттеу институтының директоры, теология ғылымдарының докторы Бауыржан Сайфулов «Қожа Ахмет Ясауидің тарихи тұлғасы және ұлттық идентификация» тақырыбында баяндама жасап, ұлы ойшыл мұрасының қазақ халқының рухани болмысы мен ұлттық санасының қалыптасуындағы орнын ғылыми деректер негізінде саралады.

Ал Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ «Теология» факультетінің доценті, PhD докторы Төлеген Жылқайдарұлы «Қожа Ахмет Иасауи ілімі және қазақ салт-дәстүрлері» тақырыбында сөз сөйлеп, дәстүрлі дүниетаным мен Ясауи ілімінің өзара сабақтастығын кеңінен түсіндірді.

Семинар барысында айтылған ойлардан Ясауи мұрасының ғасырлар қойнауында қалып қоймағаны, керісінше, бүгінгі қоғам үшін де тәрбиелік және рухани мәнін жоғалтпағаны аңғарылды. Оның адамды ішкі тазалыққа, әділетке, мейірімге, білім мен ізденіске үндейтін тағылымы жас ұрпақ тәрбиесімен сабақтасып жатыр.

«Ясауи керуені» жобасы аясындағы мұндай ғылыми-танымдық кездесулер ұлы ойшылдың мұрасын тереңірек танып, ұлттық руханияттың қайнарларына үңілуге мүмкіндік береді. Созақтағы басқосу да осы сабақтастықты жалғап, Ясауи ілімінің тағылымын жаңа буынға жеткізуге бағытталған маңызды рухани алаңға айналды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You