Түркістан облысындағы колледждердің мамандары білім беру бағдарламаларын жасау және оларды Тізілімге ендіру барысын талқылады

Түркістан облысының білім беруді дамыту орталығының базасында техникалық және кәсіптік білім беру кафедрасы мамандарының ұйымдастыруымен жоспардан тыс — «Талап» КеАҚ методология және мазмұн басқармасының басшысы Қ.Қ.Әмірдің, осы басқарманың бас менеджері А.Е.Әлмағамбетованың және облыс колледждері мамандарының қатысуымен білім беру бағдарламаларын жасау және оларды Тізілімге ендіру барысында туындаған сұрақтарды талқылауға арналған іс-шара өткізілді.

Түркістан облысы бойынша техникалық және кәсіптік бағытта маман дайындайтын 43 колледж бар. Бұл колледждерде оқытылатын мамандықтар бойынша 413 білім беру бағдарламаларын дайындау жұмыстары жүргізілуде. Колледждер үшін өте маңызды болып табылатын бұл жұмыстарға мамандар үлкен жауапкершілікпен қарайды және жоғары деңгейдегі шығармашылықпен, тыңғылықты дайындықпен кіріседі.

Онлайн кездесу барысында «Талап» КеАҚ мамандары білім беру бағдарламаларын жасау мәселелері бойынша туындаған көптеген сұрақтарға жауап беріп, колледж мамандарының тарапынан кеткен қателіктерді, мәселелердің, қиындықтардың алдын алу жолдарын көрсетті.

Қазақстандық колледждер академиялық дербестік алды. Енді оқу орындары білім беру бағдарламаларының мазмұнын өздері анықтап, нарықта сұранысқа ие мамандарды даярлай алады. Бұл туралы ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова айтты.

Бұрын оқу жоспарлары мен бағдарламаларын дайындаған кезде колледждер типтік жоспарларға қарай жұмыс істейтін еді және олардың мазмұнын тек 50%-ға дейін өзгерте алатын. Енді олар жаңа тенденциялар мен нарық талаптарына сай жұмыс жүргізе алады.

«Білім беру бағдарламаларын әзірлеу кезінде колледждер оқытудың әртүрлі технологияларын, нысандарын, оқу процесін ұйымдастыру және бақылау әдістерін өздері таңдай алады. Осылайша, білім беру бағдарламалары жастарға қажетті дағдыларды игеруге және қысқа мерзімде жұмысқа тұруға, сондай-ақ қажет болған жағдайда қайта оралып, басқа да қосымша біліктіліктерді меңгеруге мүмкіндік береді. Бұл шаралар өндірістегі технологиялық өзгерістерге және еңбек нарығының сұранысына бейімделуге бағытталған. ТжКБ жүйесі мамандарды жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес даярлайды», — дейді сала мамандары.

Сонымен қатар ТжКБ ұйымдарының оқыту мерзімдерінде өзгерістер бар. Енді олар нақты білім беру бағдарламасына және сұранысқа сай оқу нәтижелеріне байланысты болады. Бұрын оқу мерзімі орташа есеппен 2 жылдан 4 жылға дейін болса, енді колледждер мамандықтың күрделілігі мен оқу нәтижелерін ескере отырып, білім беру мерзімін өз бетінше анықтайтын болады.

Академиялық дербестік білім беру бағдарламаларының сапасына әсер етпейді, өйткені бұл үшін бірыңғай ақпараттық орта – білім беру бағдарламаларының тізілімі жинақталып жатыр. Колледж таңдаған әрбір жаңа бағдарлама ҚР Білім және ғылым министрлігінде және «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында 2 кезеңнен тұратын сараптамадан өтеді.

Колледждер білім беру бағдарламаларының мазмұны мен оқу мерзімін жұмыс берушілермен бірлесіп анықтайды.

Айта кетейік, енді дуалды оқыту бойынша тағылымдамадан өту мерзімі студенттің еңбек өтілі ретінде есептеледі.

Қазақстандық колледждер төрт мыңнан астам білім беру бағдарламасын әзірлеп, жаңартты. Олардың барлығы Тізілімге (білім беру бағдарламалары) енгізілген. Бағдарламаларды әзірлеу үшін еңбек нарығының қажеттіліктерін білетін жұмыс берушілер тартылды. Әсіресе жұмыс орнында белгілі бір мамандықты игеру үшін қандай дағдылар мен машықтар қажет екендігі туралы жұмыс берушілердің пікірі ерекше ескерілді.

Мысалы, «Eurasia Group Kazakhstan» ЖШС ұсынысы бойынша «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша білім беру бағдарламаларына ауыл шаруашылығы техникасының электрика, гидравлика, трансмиссия, навигация және отын жүйелері бөлімдерін оқыту қосылды. Колледждердің әлеуметтік серіктестерінің, Discovery Borovoe шипажайының ұсынысы бойынша «Тамақтануды ұйымдастыру» мамандығы бойынша білім беру бағдарламасына вегетарианшыларға арналған тағамдарды, диеталық және дұрыс тамақтанатындарға арналған тағамдарды дайындау дағдылары мен машықтары енгізілген.

– Барлық білім беру бағдарламасы МЖМБС және кәсіптік стандарттардың сәйкестігіне сараптамадан өтіп, оларды әрі қарай Білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізеді. Осылайша, білім беру бағдарламаларын сараптау бүгінгі еңбек нарығының қажеттіліктеріне және талаптарына сәйкес келетін бағдарламаларды таңдауға мүмкіндік берді. Оқытудың мынадай бағыттары бойынша білім беру бағдарламалары әзірленді.

Инженерлік, өңдеу және құрылыс технологиялары, білім беру, қызмет көрсету саласы, қаржы және құқық, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) және т.б. Әзірленіп жатқан білім беру бағдарламаларының өзектілігі мен сапасын қамтамасыз ету үшін колледждер жанындағы Индустриялық кеңестер санын ұлғайту жөнінде шаралар қабылданды. Бұрын олардың саны 513 болса, қазір 578-ге жетіп отыр. Яғни білім беру бағдарламаларын әзірлеуге атсалысатын жұмыс берушілер саны көбейіп келеді.

Бұл «Қазцинк» ЖШС, «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ, «ТНК» АҚ филиалы, «Дон тау-кен байыту комбинаты», «ҚазХром», «BOSCH Service» ЖШС, «Бипек Авто Қазақстан» АҚ, «Астана Ютария ltd» инновациялық өндірістік компаниясы» ЖШС және тағы да басқа ірі кәсіпорындар, – дейді Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова.

Отандық колледждерге академиялық еркіндік берілгенін еске сала кетейік. Енді бұл жұмыс берушілермен бірге студенттердің оқу мерзімін анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы, бұрын оқу мерзімі орташа есеппен екі жылдан 4 жылға дейін болса, енді колледждер мамандықтың күрделілігі мен қажетті оқу нәтижелерін ескере отырып, оқу мерзімін өз бетінше анықтауға мүмкіндік алды.

Білім беру бағдарламасын меңгеру мерзімдері оқу жоспарларының үлгілері бойынша кредиттер көлемімен анықталады. Яғни негізгі орта білім негізінде жұмысшы біліктіліктерін игеру үшін біліктіліктің күрделілігіне қарай жүз жиырмадан 180 кредитке дейін талап етіледі. Мысалы, Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжінде «Техник-механик» біліктілігімен «Дәнекерлеу ісі» және «Техник-құрылысшы» біліктілігімен «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандығы бойынша оқу мерзімі қысқартылды.

Бұрын студенттер орта буын маманының бір ғана біліктілігін алса, енді олар жаңа форматтағы білім беру бағдарламалары бойынша сол уақыт аралығында жұмысшы біліктілігін де, орта буын маманы біліктілігін де меңгеруге мүмкіндік алды.

Білім беру бағдарламаларының Тізіліміне қатысты мамандар былай дейді: «ҚР Білім туралы Заңының 17-бабының 2-тармағына сәйкес ТжКОБ білім беру бағдарламаларының тізбесі техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларының Тізілімінде қамтылады.

2024 жылдың қаңтарында ББ Тізілімін қалыптастыру және жаңа құрылым бойынша 2024-2025 оқу жылына арналған білім беру бағдарламаларының сараптамасы бойынша жұмыс басталды.

Бүгінгі таңда Тізілімді жүргізу тетігі толығымен автоматтандырылған.

ББ Тізілімге енгізу төрт кезеңде жүргізіледі:

1) білім беру ұйымының ақпараттық жүйеде электрондық өтінімді толтыруы;

2) ҚР  НҚА ТжКОБ сәйкестігіне бастапқы сараптама және өтініш берушіге пысықтауға жіберу (ескертулер болған жағдайда);

3) сараптау тобының ББ сараптама жүргізуі және өтініш берушіге пысықтауға жіберу (ескертулер болған кезде);

4) бағдарламаны Тізілімге енгізу немесе өтінімді қабылдамау.

Ақпараттық жүйе колледжге ББ пысықтауға жіберілгенін, Тізілімге енгізілгенін немесе қабылданбағаны туралы автоматты түрде хабарлайды. Оң сараптамадан кейін білім беру бағдарламасына тіркеу нөмірі мен QR-код беріле отырып, Тізілімге енгізіледі.

«Білім беру жүйесінде кәсіптік стандарттарды қолдану» пилоттық жобасы аясында 17 колледж жаңартылған 47 кәсіптік стандарт негізінде жаңа құрылым бойынша 46 білім беру бағдарламасын әзірледі. Бұл білім беру бағдарламалары ақпараттық жүйені апробациядан өткізу мақсатында ББ Тізіліміне енгізілген.

«ТжКОБ ұйымдары іске асыратын білім беру бағдарламаларының Тізілімін жүргізу қағидалары, сондай-ақ білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізу және алып тастау негіздері» Қазақстан Республикасының «Әділет» нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде орналастырылған (https://adilet.zan.kz)».

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin