Түркістан облысында су нысандары жөнделіп, жаңартылып жатыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су нысандарын реттеу, жүйелеу, жөндеу жөнінде тапсырма берген болатын. Түркістан облысында бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылуда. Бұл жөнінде бүгін ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында өңір басшысы Дархан Сатыбалды баяндап берді.

Әкімнің айтуынша, Түркістан өңіріндегі аймақтарда су тапшылығын шешу үшін бірнеше су нысанының құрылысы басталып, өткен жылы 2 нысан пайдалануға берілді. Олар:

  1. «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы (Сыйымдылығы — 18 миллион текше метр). Нәтижесінде, жылына қосымша 34 миллион текше метр ағын суды жеткізуге мүмкіндік берді.
  2. Түркістан магистралды каналының 59 шақырымын бетондау арқылы 60 миллион текше метр су үнемделді.

Бұдан бөлек, «Бәйдібек ата» және «Боралдай» су қоймалары салынады. Өңірде каналдарды тазалау, жөндеу жұмыстары тұрақты жалғасып жатыр.

Айта кету керек, Түркістан өңіріндегі 267 млн. текше метр ағын су тапшылығы 6 жоба арқылы шешілетіні жергілікті билік тарапынан айтылып келеді. Осы мақсатта облыс аумағында ауқымды жұмыстар жасалуда. Өңірде іске асырылып жатқан ірі су нысандарының құрылысы толық аяқталғанда ағын су тапшылығы толығымен жойылмақ.

Үкімет қаулысымен облыстағы 5 су нысаны, атап айтқанда «Бөген» су қоймасы, «Қосқорған» су қоймасы, «Түркістан» магистралды каналы, «Арыс» магистралды каналы және «Қараспан» магистралды каналы және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі бұйрығымен «Қараспан» су торабы республикалық меншіктен облыстық меншікке қабылданды.

Оларды күтіп ұстау мақсатында Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты «Бөген арнасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Мекемеде жаңадан 200-ге жуық штаттық бірлік жұмыс орны ашылып, 30-дан астам арнайы техникамен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде Түркістан өңіріндегі су нысандарын бір қолдан басқару жүзеге асырылып, вегетациялық кезеңде ағын су тапшылығының алдын алуға негіз болды.

«Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында аграрлық салаға, оның ішінде Түркістан қаласы аумағында ағын су тапшылығын жою мақсатында ірі су нысандары құрылысын жүргізуге басымдылық берілді.

Атап айтқанда, Түркістан магистралды каналында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба бойынша бұрын ағын су 43 %-ға фильтрациялық шығынға ұшыраса, бүгінгі күні 36 шақырым каналды бетондау жұмыстарының нәтижесінде 22 млн.м3 су үнемделіп отыр. Жалпы жобасы аясында 60 млн. текше метр су үнемделеді және қала аумағындағы 8 шақырым канал бойы абаттандырылады. Бүгінгі күні 1,5 шақырым абаттандырылды.

Ал, «Кеңсай — Қосқорған — 2» су қоймасын салу жобасы бойынша 34 млн. текше метр ағын су жеткізіледі. Қазіргі таңда үлкен дамбы биіктігі 28 метрге дейін көтеріліп, 60 % бетонмен қапталды. Нәтижесінде, биылдың өзінде көктемгі тасқын сулар ысырабына жол берілмей 5 млн. текше метр су жинауға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» жобасы бойынша бөгет 34 шақырым ұзындыққа көтеріліп, 250 млн. текше метр су жинақталды. Бұл жоба алдағы уақытта Түркістан өңірінің экологиялық жағдайын жақсартуға оңды ықпалын тигізеді.

«Сырдария өзенінен машиналық арна салу» жобасы бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Жоба мемлекеттік сараптама қарауында. Нәтижесінде Түркістан қаласына жылына 53 млн. текше метр ағын су қосымша жеткізілетін болады.

«Сарқырама» су қоймасын салу жобасы бойынша құжаттар әзірленуде. Вегетациялық кезеңде «Бөген» су қоймасына қосымша 50 млн. текше метр су тасталып, Түркістан өңірі бойынша ағын су кепілді түрде жеткізіледі.

Сонымен бірге, Кентау қаласында «Қосқорған» су қоймасын одан әрі толықтыра отырып, су төмендету жүйесін салу жобасы қолға алынбақ. Вегетациялық кезеңде Түркістан өңіріне қосымша 70-95 млн. текше метрге дейiнгi ағын су жеткізілетін болады.

Ақсу өзенінің бойындағы «Орта Ақсу» және «Жоғары Ақсу» тоғандарына күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 40 млн. теңге бөлінді. Ауқымды жұмыстардың нәтижесінде ағымдағы жылы вегетациялық кезеңде 10 млн. текше метр ағын суды үнемдеп, Арыс өзені арқылы Бөген су қоймасына тасталды.

Ал «Қапшағай» су қоймасын күрделі жөндеуден өткізген жағдайда сыйымдылығы 34 млн. текше метр болатын су қоймасын қайта құруға және төтенше жағдайдың алдын алуға негіз болады.

Шардара ауданындағы «Жаушықұм» алқабын игеру арқылы 12,2 мың гектар суармалы жер жаңадан қосылады. Жылына орта есеппен 100 млрд. теңге ауыл шаруашылығы өнімдері алынады. Жылыжай, балық өндірісі, қайта өңдеу саласы дамиды.

Түркістан қаласының ішкі жүйелері мен жасыл аймақты, шаһар айналасына құрылған «Азық-түлік» белдеуін ағын сумен қамтамасыз ету бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіліп келеді. Облыс орталығында бірнеше жасанды көл салынып, есу каналының құрылысы жүргізілуде. Жалпы алғанда, 80 млн. текше метр шамасында суды қажет етеді.

Түркістан облысында биыл 860 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде суармалы жер көлемі – 552 мың гектарды құрайды. Өңірдегі жалпы суармалы жердің 30%-ы облыстың оңтүстік бөлігі Жетісай, Мақтаарал аудандарына тиесілі.

Облыстағы егіс алқаптарын ағын сумен қамту мәселесіне қатысты ұдайы жауапты басшылардың басын қосып отыратын Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әркез шаруаларды ағын сумен қамтуды жүйелеп, тұрақты бақылауда ұстауды қатаң тапсырады.

Осы аумақтағы суармалы жерлердің барлығы Өзбекстаннан келетін трансшекаралық «Достық» магистралды каналы арқылы сумен қамтамасыз етіледі.

Бүгінгі күні сұранысқа сай шаруаларға қажетті суды жеткізу үшін машиналық канал іске қосылып, қосымша қажетті су жеткізілуде.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды каналдар қайта жаңғыртылатыны туралы айтқан болатын. Мемлекет басшысы сонымен бірге жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшіруді тапсырды. Бұл ретте осы су нысандарын жергілікті деңгейде тиімді пайдалану арқылы Ордабасы, Отырар, Бәйдібек, Сауран аудандары мен Арыс, Кентау қалаларының 80 мың гектарға жуық суармалы жерін және Түркістан қаласын көгалдандыру жұмыстарын ағын сумен уақтылы қамтамасыз етуге мүмкіндік беріліп отыр. Еліміздегі суармалы алқаптардың 4/1 бөлігі Түркістан облысына тиесілі. Сондықтан ағын су мәселесі өте өзекті және тұрақты назарда, – дейді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Бүгінде өңірде шаруалардың суды қажеттіліктен артық пайдалануына, ағын су ысырабына жол бермеу және су беру тәртібін реттеу үшін облыста нақты тариф бекітілген. Нәтижесінде шаруаларға ағын суды тек қажеттіліктеріне сәйкес бөлу тәртібі енгізілген. Сонымен қатар су шығынын үнемдеу мақсатында «Түркістан» магистралды каналының бір бөлігін темір бетонмен қаптау жұмыстары аяқталып, барлық шлюздардағы су өлшегіштер есепке алынып, су балансын сақтау жұмыстары бір жүйеге келтірілген.

Бүгінгі күні «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішінде, «Қосқарған» және «Кеңсай-Қосқарған-2» су қоймаларында су жеткілікті. Өңірдегі су тапсышылы мәселесін шешу үшін бірқатар су нысандарының жобалары әзірленуде. «Бәйдібек ата» су қоймасын салу жобасы салынғанда суару маусымында «Бөген» су қоймасына 68 млн.м³ ағын су қосымша жеткізіледі. «Боралдай» су қоймасы жобасы нәтижесінде суару маусымында «Бөген» су қоймасына 65 млн. текше метр ағын су қосымша жеткізіледі. Екі қойманы салу есебінен алдағы жылдары Түркістан өңірі кепілді ағын сумен қамтамасыз етіледі.

Бұдан бөлек, су нысандарын қалпына келтіру, мелиоративтік жағдайын жақсарту мақсатында, облыс әкімінің тапсырмасымен 15 су нысанын күрделі жөндеу, 5 су нысанын ағымдағы жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 3,7 млрд. теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде 63 шақырым канал күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізіліп, 11,2 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарады.

«Тұран су» ШЖҚ МКК-н өз қаржысы есебінен биыл Ордабасы, Сауран аудандары мен Арыс қаласында 230 шақырым каналдарға механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу жоспарланып, бүгінгі таңда 72 шақырымға тазалау жұмыстары жүргізілді.

Тозығы жеткен су нысандарын қалпына келтіру жұмыстарын жандандыру мақсатында Сайрам ауданында төтенше жағдай каупі бар «Ақбай қарасу» каналын күрделі жөндеу, Шардара ауданында каналдарды күрделі жөндеу, Келес ауданында жалпы 75 каналды ағымдағы жөндеу көзделіп отыр.

Сондай-ақ 5 ауданда орналасқан 12 су қоймасын аудандық меншіктен облыстық коммуналдық меншікке қабылдау шаралары атқарылуда.

«Тұран су» мекемесінің теңгерімінде стратегиялық маңызға ие ірі 12 су нысаны бар. Ал жалпы 5 су қойма, 3 су торабы, 3 магистралды каналы, 1 жасанды көл және 107 ішкі шаруааралық каналдар, 3 өндірістік-техникалық базасы, 79 арнайы техника мен 15 құрал-жабдық мекеме теңгерімінде тұр.

Естеріңізде болса, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды биыл ақпанның аяғында «Тұран су» мекемесіне арнайы ат басын бұрып, мекеме жұмысымен және алдағы егістік науқанына, көктемгі су тасқынының алдын алуға дайындық шараларымен жан-жақты танысқан болатын. Облыс әкімінің орынбасарлары Арман Жетпісбай мен Ермек Кенжеханұлы, Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов пен «Қазсушар» РМК өкілдері қатысқан кездесу барысында «Тұран су» ШЖҚ МКК басшысы Досхан Асылбекұлы мекеменің негізгі міндеттері бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндады.

Кәсіпорынның негізгі міндеті – теңгерімдегі ағын су жүйелерін күтіп ұстау, реконструкциялау және егістіктерді ағын сумен қамту шараларын жүзеге асыру. Сондықтан облыс басшысы алдағы жауапты маусымға дайындықты пысықтап, көктемгі кезеңде су мөлшері деңгейінің көтерілуін қадағалау, су тасу қауіпінің алдын-алу шараларын күшейтуді тапсырды. Ең бастысы вегетациялық кезеңде өңір шаруаларын қажетті мөлшерде ағын су мен қамтамасыз ету негізгі міндет болып отыр. Жауапты науқан басталар тұста яғни көктемгі кезеңге су нысандарының дайындығын бағамдаған облыс әкімі жауапты сала өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

Мекеме көктемгі егістік науқанына қызу дайындық жасады. Биыл бірқатар канал тазаланады. Нақтырақ айтсақ, кәсіпорын теңгеріміндегі шаруааралық каналдарға (жалпы ұзындығы 1120 шақырым) механикалық тазалау жүргізілмек. Сонымен бірге иесіз, құжаты жоқ шаруааралық каналдарға (40) мемлекеттік акт жасап, кәсіпорын теңгеріміне қабылдау жұмыстары да жоспарланып отыр.

Құрылыс демекші, Түркістан облысында білім саласына қатысты да бірнеше өзекті мәселе шешіліп жатыр. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеді. Ол ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында білім саласына баса көңіл бөлініп жатқанына тоқталды.

Өңір басшысының айтуынша, облыста білім беру саласында 2511 ұйым қызмет көрсетеді. 1 372 мектепке дейінгі ұйымда 155 мың бала тәрбиеленуде. 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 98%-ды құрайды. Облыста жалпы 1000 мектепте (мемлекеттік – 907, жеке – 93) 515 мың оқушы білім алады.

Облыста 5 жылда жаңа 86 мектеп салынды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өткен жылы 34 мектептің құрылысы аяқталды (бюджет – 21, жеке инвестиция – 13). 35 мың оқушы орынға тапшылық бар. Аталған мәселені шешу мақсатында қазір 33 мектеп салынуда. Оның ішінде, «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы биыл 9 мектептің құрылысы жүруде. Биыл 20 мектепті пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, «Жайлы мектеп» пилоттық жобасымен 3 жылда 63 мектеп салынады.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, 894 мемлекеттік мектептің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Осы арқылы бейнебақылау, турникет, қоршау, дабыл түймесі орнатылады. Арнайы күзет қызметімен қамтылады. 1-4 сыныптағы оқушыларды тегін тамақпен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілді.

ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға балалар легерлерінің жай-күйі, білім саласындағы өзекті мәселелерге қатысты өткір сұрақтар қойылды. Өңір басшысы білім саласын қолдау басты назарда тұрғанын мәлімдеді.

Биыл 41 597 балаға қала сыртындағы лагерьлер, 153 000 балаға мектеп жанындағы лагерьлер ұйымдастырылды. Онда әлеуметтік жағдайына байланысты 23 207 бала бюджет есебінен тегін демалады. Қазір 15 мыңға жуық бала ата-аналар есебінен ақылы демалуда. Сонымен қатар «Қазақстан Халқына» Қоры есебінен облыста 3390 бала жазғы сауықтыру лагерьлерімен тегін қамтылады. Облыста 7 мемлекеттік және 10 жекеменшік лагерь бар. Демалыс лагерьлерінде балалардың қауіпсіздігі басты назарға алынған. Кәсіпкерлерге тиісті талаптар қойылған. Әлеуметтік желіде кейбір ата-аналар жазғы сауықтыру лагері жұмысына көңілі толмайтындығын жеткізіп, ата-аналарға ұл-қыздарын алып қайту жөнінде жариялаған. Осыған байланысты ата-аналар арасында түсініспеушілік туындаған.

– Аталған мәселені зерделеу үшін тиісті комиссия құрылып, құзырлы органдар тарапынан балаларды қабылдайтын лагерлер тексерілді. Әлеуметтік желіде жарияланған балаларды ұрып-соғу, ашыған сүт беру, екінші қабаттан құлауы жөніндегі деректер жалған екені анықталды. Аймақта лагерлер тұрақты қадағалауда. Балалардың жазғы демалыс мәселесі өзімнің жеке бақылауымда болады, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыс әкімі сонымен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, өңірдегі бастауыш сынып (1-4) балаларын мектепте тегін тамақпен қамту қолға алынғанын жеткізді. Қыркүйек айынан бастап облыста бастауыш сыныптағы 190 мыңнан астам бала тегін ыстық тамақпен қамтылады. Асханасы жоқ мектептерде де тамақтандыруды үйлестіру жұмыстары жүруде.

Бұдан бөлек Түркістан облысында туризм саласында да ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Түркістан қаласында жаңа мәдени және туристік нысандар көбейіп, келушілер саны да арта түскен. Облыстағы туризмнің даму барысы туралы өңір басшысы Дархан Сатыбалды ҚР жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.

Өңірде туризмді дамыту бойынша облыста 3 негізгі бағыт айқындалған. Тарихи-танымдық бағытта туристерге 1770 тарихи-мәдени ескерткішті тамашалау ұсынылады. Экологиялық туризм бойынша облыс аумағында 4 ерекше қорғалатын табиғи нысан орналасқан. Олар: «Ақсу-Жабағылы», «Қаратау» қорықтары, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі және «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі. Экологиялық туризмді дамыту мақсатында 30 туристік маршрут құрылған.

Емдік-сауықтыру туризмі бағытында 72 емдік сауықтыру орны жұмыс істейді, нөмірлік қоры 7 940 төсек-орынды құрайды.

Жыл соңына дейін 2 емдік-сауықтыру кешенін пайдалануға беру жоспарлануда.

Жалпы, аталған бағыттар бойынша былтыр облысқа 470 мыңнан астам турист және 1 миллионнан астам қонақ келді.

Туризм саласына 69 миллиард теңге инвестиция тартылды. Осы арқылы 19 туристік инвестициялық жоба аяқталып, пайдалануға берілді. Биыл 35 миллиард теңгеге 10 жобаның іске қосылады деп күтілуде.

Сонымен қатар Түркістан шаһарындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілетіні туралы да Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бүгін Астанада өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуы бойынша өтіп жатқан баспасөз мәслихатында мәлім етті. Облыс әкімі журналистердің сұрағына сәйкес Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қазіргі таңдағы жай-күйін баяндады.

«Кесененің жүй-күйін сақтау бойынша 2023 жылдың 28 сәуірінде Түркістан қаласында ҚР Мемлекеттік кеңесшісі, ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның төрағасы Ерлан Қариннің төрағалығымен кеңес өткен болатын. Аталған кеңесте, ғалымдардың зерттеу жұмыстарына сәйкес, кесененің қазіргі жағдайы бойынша мәселелер 2004 жылдан бастау алғанын алға тартып отыр. Кесененің техникалық жағдайын зерттеу мемлекет деңгейінде көтеріліп отырған мәселе. Өткен жылы әр саланың білікті мамандарынан құралған жұмыс тобы зерттеу жұмыстарын жүргізген болатын. Сала мамандары кесененің жай-күйіне кері әсер ететін күрделі айтарлықтай сыртқы факторлардың жоқ екендігі туралы хабардар етті. Дегенмен ескерткіштің тікелей өзіне қатысты бірнеше проблемалары бар, олар арнайы мамандарға жоғарыда атап өткенімдей бұрыннан белгілі. Проблемалардың күрделілігіне байланысты, себеп-салдарын айқындап және оның шешу жолдарын анықтау үшін, кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет деген тұжырымға келген. Осы мақсатта зерттеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 2023 жылға қаржы бөлінді», — деді Д.Сатыбалды.

Халықаралық маңызы бар Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің теңгерімінде. Кесенеге қатысты барлық мәселелер уәкілетті орган тарапынан шешіледі. Министрліктің мәліметі бойынша, 2023 жылғы шілде айында, кесененің күмбезіне ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, реставрация жасалу жоспарланып отыр. Бірінші кезекте егжей-тегжейлі инструменталдық тексеру жүргізіледі. Сонымен қатар, ескерткіштің жай-күйін үнемі бақылауда ұстау үшін мониторингтік жүйе орталығын ашу жоспарланған.

Облыс әкімінің айтуынша, ескерткіштің сейсмикалық белсенділігін анықтау үшін, әртүрлі мақсаттағы құрылымдарды апаттық жағынан қорғау, диагностика және жүйелерінде қолданылатын арнайы сейсмологиялық датчиктерді орнату жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, кесененің барлық бөлмесінде температуралық-ылғалдылық режимінің бұзылу себептерін анықтау бойынша жұмыс өте ауқымды болуына байланысты, қажетті датчик құралдарын әр түрлі деңгейде орнатып, кем дегенде жылдың 4 мезгілін қамтамасыз ету керек. Төрт маусымның тексеру, зерттеу нәтижесінен кейін ғана қандайда бір шешім қабылданады. Аталған ұсыныстарды жүзеге асыру үшін қажетті құрал-жабдықтар, заманауи технологиялық тәсілдер пайдаланылмақ.

P.S. Сонымен, мақаламыздың басындағы су нысандары мәселесіне қайта оралсақ. Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлының тапсырмасына сәйкес биыл облыс бойынша жалпы ұзындығы 586 шақырымды құрайтын су арналарын механикалық тазалаудан өткізу жоспарланған болатын. Ал тиісті жұмыстарды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты ​«Тұран су» ШЖҚ МКК жүзеге асырып келеді. Яғни мекеме теңгеріміндегі техникалар жұмылдырылып облыстық меншіктегі канал арналары тұрақты түрде тазартылу үстінде. Нәтижесінде бүгінгі таңға жоспарлы жұмыстарға сәйкес тиісті меженің 115,65 шақырымы орындалып үлгерген. Ең бастысы су арналарын механикалық тазалаудан өткізудің нәтижесінде егістікке баратын ағын су шығыны азайып, шаруаларға қажетті мөлшердегі суды жеткізіп беруге мүмкіндік туады. Сондықтан “Тұран су” мекемесінің техникалары бүгінгі таңда Қазығұрт, Келес, Сарыағаш, Сауран, Арыс, Ордабасы аудандарында қарқынды жұмыс атқарып жатыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.