Түркістан облысының колледждері білім сапасын жақсарту бағытындағы нақты жоспарларды жүзеге асырмақ

Түркістан облысында 50 колледж бар. Онда 73 мамандық бойынша 41270 студент білім алу үстінде. Облыста ауыл шаруашылығы, медицина салалары бойынша – 6, гуманитарлық, педагогикалық мамандықтарды игертетін – 10 және техникалық бағытта 15 колледж жұмыс істеп тұр. Ал 15 колледж көпсалалы мамандар даярлайды. Жуырда Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде колледждерде білім сапасын көтеру мен заман талабына сай мамандар даярлау мәселесі қаралды.

Маңызды жиын барысында облыс әкімі Дархан Сатыбалды колледждердің жұмысын жақсарту бағытында нақты тапсырмалар берді.

– Республикалық және облыстық бюджет тарапынан арнаулы оқу орындарына тиісті қаржы бөлініп жатыр. Ол нақты мамандар даярлауға, білімді жастар шоғырын қалыптастыруға ықпал етуі тиіс. Ұзақ жыл басқарып, жақсы нәтиже көрсете алмаған директорлар ротанцияланбай, жұмыстан босатылуы керек. Сонымен бірге оқытушылар құрамын да қадағалап, жұмыстарын реттеңіздер. Біздің колледждер тек өңірге қажетті мамандықтармен шектелмей, басқа салалар бойынша да біліммен қамтылсын. Колледждерге жүйелі өзгерістер, реформалар жасау қажет. Жаңашылдықтар, жаңалықтар енгізіңіздер. Шетелге тәжірибе алмасуға барған ұстаздар өз білгендерін үйретсін. Әр іссапар нақты нәтижеге жетелеуі керек, – дейді Дархан Сатыбалды.

Облыстық білім басқармасы басшының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтің айтуынша, соңғы жылдары облыстағы колледждердің маман даярлау бағыттары өзгеріп, басым бөлігі көпсалалы колледждерге айналған. Бұл маман даярлау сапасына кері әсерін тигізеді. Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті тарапынан 2022, 2023 жылдары өткізген мемлекеттік аттестациялау барысында 3 жылдан бері кадрлар даярланбаған 17 колледждегі 58 мамандық пен 83 біліктіліктің лицензиясы кері қайтарылған.

Облыс әкімі колледждерде заман талабына сай 10 мамандық ашу жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған байланысты өңірдегі колледждерде жылжымайтын мүлікті басқару, құрылыс жұмыстары және азаматтық құрылыс, қала қатынасы жолдарын салу және пайдалану, лифт шаруашылығы және эскалаторлар (түрлері бойынша), газбен қамтамасыз ету жабдықтары мен жүйелерін құрастыру және пайдалану, қалдықтарды қайта өңдеу, тоңазытқыш-компрессорлық машиналар мен қондырғыларды пайдалану, монтаждау, ландшафтық дизайн, ет және ет өнімдерін өндіру, сүт және сүт өнімдерін өндіру, жемістер мен көкіністерді сақтау және қайта өңдеу, тері және тон бұйымдарын өндіру технологиясы, тері мен былғарыны химиялық өңдеу, өрт қауіпсіздігі секілді жаңа мамандықтарды ашу жұмыстары жүргізілу үстінде.

Айта кетейік, қазіргі таңда жалпы мемлекеттік тапсырыс аясында білім алушылар саны – 29102 студент. Биылғы оқу жылында мемлекеттік тапсырыспен 15344 студент қабылданып, тапсырма толығымен орындалып отыр. Естеріңізде болса, облыс колледждеріне 2022 жылы 17 мың грант бөлініп, оның 11 110-ы игеріліп, қалған 5 900 орыны игерілмей, кері қайтарылған болатын. Ал былтыр республикалық бюджеттен қаралған 15300 грант 43 колледж арқылы толық игерілді.

Өткен жылмен салыстырғанда колледж студенттері 4 мыңға көбейді. Мамандық түріне қарай бір студентке бюджеттен бөлінетін жылдық оқу құны — 850 мың теңге мен 1 миллион теңге аралығында. Бұл оқу жылында гранттарды орналастыруда ашықтық қағидаты қатаң сақталды.

Осы тұста ескерер жайт, жауапты мамандар тарапынан Қазығұрт, Түлкібас, Ордабасы, Сауран, Отырар, Төлеби аудандары мен Кентау қаласында мемлекеттік тапсырысты орналастыруда жергілікті әкімдіктер мен колледждер арасындағы байланыстың дұрыс жолға қойылмағандығы да айтылып қалады. Сол себепті осы ретте оқуға түсуге ниетті жастармен ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізуде аудан, қала әкімдіктері мен облыстық білім басқармасы арасында жұмысты жаңа форматқа көшіру қажеттігі туындап отырғаны жасырын емес. Осы бағытта жаңа жоспарлар құрылуда.

Айта кетейік, былтырғы қыркүйек айынан бастап колледж студенттерінің шәкіртақысы 22 мыңнан 32 мыңға көбейсе, ал 2024 жылдан бастап 42 мыңға артады.

Осы уақытқа дейін өңірдегі колледждер өз мамандарын Өзбекстан, Түркия, Оңтүстік Корея мемлекеттерінде арнайы оқытудан өткізсе, 2024-2025 жылдары басқарма тарапынан колледж қызметкерлерін Қытай, Түркия, және Германияға тәжірибе алмасу үшін іссапарға жіберу жоспарланып отыр.

Өңірде білім сапасын көтеру мақсатында Түркістан облысы әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Түркістан облысының 2024-2029 жылдарға арналған білім беру жүйесін дамытудың өңірлік Жол картасы қабылданды. Сонымен қатар «Баршаға қолжетімді сапалы білім» Ұлттық баяндамасын Түркістан облысында іске асырудың Жол картасы әзірленіп, бекітіледі деп күтілуде.

– Білім саласындағы ахуалды жақсарту, білім сапасын көтеру бағытындағы жұмыстарды тоқтатпаймыз. Балабақшаларда мониторингтер жүргізілді. Бұл жұмыстар мектептер мен колледждерде де қолға алынады. Білім саласына бизнес ретінде қарайтын басшылар, қызметкерлер, әріптестер болса, қазірден жұмыстан кете берсін. Біз, қалай болғанда да, білім сапасын жақсартуымыз керек. Өңірге арнайы индикаторлар бектіліген. Сіздер білім саласы бойынша 2024 жылдың соңында республикада ондықтың қатарына ену межесін қойып, осы бағытта нақты жоспарды ұсыныңыздар. Индикатор толық орындалуы тиіс, – деген Дархан Сатыбалды жыл басында басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне кадр мәселесі, «Жайлы мектеп» жобасына бөлінген жер телімдерін заңдастыру, жұмысты ширату жөнінде тапсырма берген болатын.

 Сол тұстағы мәжілісте Түркістан облыстық білім басқармасының басшылығының есебі тыңдалған. Ұққанымыз, былтыр талапқа сай балабақшаларға ғана мемлекеттік тапсырыс берілген. Нәтижесінде 2 миллиард теңге бюджет қаржысы үнемделіп, мемлекетке кері қайтарылды. 2023 жылы үнемделген 1,2 миллиард теңге қаржы есебінен 96 мемлекеттік балабақша ағымдағы жөндеу жұмысынан өткізілді.

Мемлекеттік бюджет есебінен 2023-2025 жылдар аралығында 96 мектептің құрылысын салу жоспарланған. Оның 20-ға жуығы тапсырылып үлгерді. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың оқушы орындық 63 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 2024 жылы облыста 8 мектеп құрылысын жүргізу ұсынылып, облыстық мәслихаттан қолдау тапты.

 2023 жылы 21 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланып, 16 мектеп жұмысы толық аяқталса, қалған 5 мектеп 2024 жылға өтпелі. 85 мектептің жылыту қазандықтары қатты отыннан табиғи газға ауыстырылған. Білім ұяларын оқулықпен, интернетпен қамту жұмыстары жүйелі түрде жүріп жатыр. Ауылдық жердегі білім сапасын көтеру мақсатында 2024-2025 жылдары 10 педагогикалық шеберлік арттыру орталығы, 10 жетекші мектеп, ал, тағы 5 ауданда «Мобильді мұғалім» жобасы іске қосылады. Сонымен қатар Жапония елінде тәжірибеден өткен ұстаздар мен әдіскерлер арқылы «Lesson study» әдісін сатылап енгізу және «Ауыл мектебін сапалы басқару» пилотты жобасы іске асырылуда. Педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру мен үздіксіз білім алуын қамтамасыз ету мақсатында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-мен меморандум түзілген.

 Басқарма тарапынан оқу жылы соңында білім деңгейі ең төмен 100 мектепті электронды журнал арқылы анықтап, сол мектептерге арналған мақсатты жұмыс жоспары әзірленеді. Тиісті әдістемелік және менеджментік көмек ұйымдастырылмақ.

 «Қауіпсіз мектеп» жобасы сәтті жүзеге асуда. 7152 дана бейнекамера орнатылып, 750 мектептің бейнебақылау жүйесі полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылды. Мемлекеттік 938 білім беру мекемесі 100% дабыл батырмасымен қамтылып, жедел басқару орталығына қосылды. Кәсіби күзет қызметімен қамтамасыз етілуі тиіс бала саны 300-ден жоғары 573 білім беру ұйымы толық лицензияланған күзет қызметіне өтті. Облыстағы 191 білім беру ұйымының 102 шақырым қоршауы жаңғыртылды. Жаңа оқу жылынан бастап облыстағы бастауыш сыныпта оқитын 187 832 бала бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде.

 Колледждерде білім сапасын көтеру жұмыстары қарқынды. Гранттар толық игерілген. «Мамандығым – болашағым» жобасы аясында 2024-2025 жылдары еңбек нарығының сұранысына сәйкес 10 жаңа мамандық ашылады. Ол үшін өңірге қажетті жаңа кәсіптердің атласы қайта жасақталуда. Колледж мамандары шетелге тәжірибе жинауға жіберіледі.

 Өңір басшысы тарапынан ұстаздардың біліктілігін көтеру, кәмелет жасқа толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтар мен суицидтің алдын алу, колледждердің білім сапасын зерделеу және саладағы өзге де мәселелерді ретімен шешу жөнінде айтылған ұсыныстар мен берілген тапсырмалардың арқасында салада ширау байқалады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin